Қазақстан халық кеңесі
Үлгі:Болашақтағы оқиғалар Үлгі:Мемлекеттік орган
Қазақстан халық кеңесі — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құру жоспарланған Қазақстан халқының мүддесін білдіретін Қазақстанның жоғары консультативтік органы.
Қазақстан халық кеңесі Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына келіп, 126 адамнан құралады деп жоспарлануда.
Тарихы
2026 жылғы 20 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстанға қоғамның дамуына қатысты барлық мәселелер бойынша жалпыхалықтық диалог өткізу үшін жаңа ауқымды платформа қажет екенін айтты. Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайды өзінің тарихи миссиясын сәтті орындады деп бағалап, жаңа институт ретінде Қазақстан халық кеңесін құруды ұсынды.<ref name="nurkz">Қазақстанның Халық кеңесі құрылып, Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясы таратылады</ref>
2026 жылғы жаңа конституция жобасында Қазақстан халық кеңесіне жеке VI бөлім арналған.<ref>Жаңа Конституция жобасы: қоғамдық бақылау</ref> Конституция жобасы 2026 жылғы конституциялық референдумда қолдау тауып, конституция 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енгеннен кейін оған сәйкес Қазақстан халық кеңесі құрылмақ.
Құру тәртібі
Қазақстан халық кеңесі құрамына 126 адам кіреді деп жоспарланған: оның 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан және 42-сі аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден болады.
Қазақстан халық кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындамақ, олардың өкілеттік мерзімі 4 жылды құрайды. Халық кеңесінің құрамы туралы ұсыныстарды Кеңес Хатшылығы қалыптастырып, Кеңес құрамын бекіту үшін Президентке жіберіледі.<ref name="nurkz" /><ref name="joba" />
Құрылымы
Қазақстан халық кеңесінің жоғары басшылық органы Сессия болады, сессиялар аралығындағы кезеңде Халық кеңесіне басшылықты Төралқа жасайды.
Халық кеңесінің төрағасын Президенттің ұсынуымен кеңес мүшелері сайлайды. Халық кеңесі төрағасының ротациялық негізде төрағаның өзі тағайындайтын екі орынбасары болады.
Халық кеңесінің Хатшылығы жұмыс істейді, оны бір мезгілде кеңес төрағасының орынбасары болатын Хатшылықтың басшысы басқарады. Басшыны кеңес мүшесі емес адамдар арасынан Президент лауазымға тағайындайды.<ref name="joba">Қазақстан Халық Кеңесі туралы Заң Жобасы</ref>
Атқаратын қызметі
Қазақстан халық кеңесі:
- мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;
- Құрылтайға заң жобаларын енгізеді;
- жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;<ref name="konstsot">Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды</ref>
- әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін, басқа да маңызды гуманитарлық форумдарды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;
- Қазақстан Халық Кеңесінің функцияларын іске асыру үшін мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
- мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтық қоғам институттары арасындағы жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ету үшін әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырады.<ref name="joba" />