Қазақстан климаты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Кең байтақ Қазақстан жерінде оның географиялық орнына (яғни атмосфералық ылғалдықтың негізгі көзі – мұхиттардан тым шалғай орналасуына) және жер бедерінің сипатына байланысты қуаң континенттік климат қалыптасқан. Басқа кез келген аумақты аймақтар сияқты республика климатына да радиациялық және циркуляциялық факторлар кешені ерекше әсер етеді.

Радиация

Қазақстан аумағы үстінде бүкіл жыл бойы жоғары қысымды ауа қабаты үстемдік етеді, ал оған көршілес аймақтарға (солт., батыс және оңт.) төм. қысымды қабаттар тән келеді. Жалпы республика аумағының көпшілік бөлігінде антициклондық ауа райы басым. Сондықтан мұнда шұғылалы ашық күндер ұзақтығы жылына солт-тен оңт-ке қарай 2000 сағ-тан 3000 сағ-қа дейін артып отырады. Жылына солт-те 120, оңт-те 260 күн ұдайы ашық болады, бұлтты күндер саны тиісінше 60 күннен 10 күнге дейін (Балқаш ойысында) кемиді. Міне, осылардың нәтижесінде жиынтық радиация мөлшері де солт-тен оңт-ке қарай 4200-ден 5500 МДж/м2-ге дейін біртіндеп артады. Сол сияқты төсеніш беттің (жер бетінің) сәуле қайтару қабілетіне байланысты сіңірілетін радиация мөлшері де оңт-ке қарай бірқалыпты көбейеді. Сәуле қайтару қабілетін қыста тұрақты қар жамылғысы қалыптасқанда ең жоғары мәніне 70 – 80%-ға жетіп, жазда көпшілік жерде 20 – 30%-ға дейін төмендейді. Радиацияның жылдық тиімді сәулелену мәні солт-те 1500-ден оңт-те 2100 МДж/м2-ге дейін өзгереді. Теріс мәнді радиациялық баланстың маусымдық ұзақтығы солт-те 3,5 – 4,5 ай (қараша – наурыз), оңт-те – 1 ай.

Қазақстанда жылудың булануға жұмсалатын жылдық шығынының мөлшері солт-тен оңт-ке қарай 630-дан 420 МДж/м2-ге кемиді. Шөлді өңірдің қуаңшылық маусымында жылудың көп мөлшері турбулентті жылу алмасуға кетеді. Тек топырақтың көктемгі ылғалға қаныққан кезінде, сол сияқты көгалды жерлерде буландыруға кететін жылу мөлшері ауаны турбулентті жылу алмасу жолымен қыздыратын жылу шығынынан артық болады. Жазғы шұраттық құбылыс, яғни булану есебінен күндізгі ауа температурасының қала төңірегіне қарағанда төменірек болуы Алматыда жақсы байқалады. Радиация мен жылу балансының өзгерісі ауа температурасын өзгертеді. Қаңтар айының орташа температурасы Қазақстанның солт. және шығыс аудандарындағы – 18°С-тан оңт. аудандарында 3°С-қа дейін көтеріледі. Шілденің орташа температурасы бұл аудандарда тиісінше 19°С-тан 28 —30°С-қа дейін. Қазақстанның солт.-шығысында климаттың континенттігі тым жоғары, бұл өңірде қаңтар мен шілденің орташа температурасының айырмашылығы 41°С-қа жетеді. Оңт. аудандарда 10 ай бойы орташа тәуліктік температура 0°С-тан жоғарырақ болады. Республиканың солт-нде қыс ұзақ, қарлы әрі суық, аяз кей уақыттарда –45°С-тан –50°С-қа жетеді. Жазы қоңыржай жылы, қысқа, кейде ауа температурасы 35°С-тан 45°С-қа дейін қызуы мүмкін. Көктемнің соңғы үсігі шілдеде, ал күздің ерте үсігі тамыздың аяғында түсуі мүмкін.

Қазақстанның оңт. аудандарының қысы жұмсақ. Бұл өңірдің қыс айларында жиі-жиі қайталанатын жылымық құбылысы кезінде ауа температурасының ең жоғ. деңгейі 15 – 20°С-қа дейін көтеріледі. Соған қарамастан мұнда кейбір күндері –30 – 35°С, тіпті –40°С-тан да төмен аяздар байқалады. Республиканың қиыр оңт-нде көктемгі соңғы үсік сәуірдің аяғында, алғашқы үсік қыркүйектің 2-жартысында түсуі ықтимал. Оңтүстік Қазақстанның таулы өңірінен тыс бөлігінде жаз тым ыстық әрі ұзақ. Кейбір жылдары ауа температурасы 45 – 47°С-қа, топырақтың беткі қабаты 70°С-қа және одан да жоғары қызуы мүмкін. Күн энергиясының мұншама көп қоры Қазақстан аумағында гелиоэнергетиканы дамытуға мүмкіндік береді.

Атмосфера айналымы

Қазақстан жері қыс маусымында Сібір антициклонының тармағы мен жаз айларында азорлық антициклондық ядросының ықпалына жиі ұшырап отырады. Осыған байланысты республиканың солт-нде оңт.-батыс және батыс, ал жазда солт.-батыс бағыттан соғатын жел басым келеді. Қазақстандағы атмосф. процестер Солт. жарты шардың АтлантикаЕуразия секторының 3 ірі аумақты айналымы ықпалымен қалыптасады. Егерде циклондар мен антициклондардың алмасу жолдары ендік бағытпен өтсе, онда ол ендік бағыттағы айналым делінеді. Ендік бағыттағы айналым кезінде Қазақстанның көпшілік бөлігінде жауын-шашынның мөлш. кеміп, ауа температурасы жоғарылайды. Еуропалық айналым кезінде республикаға суық ауа массаларының енуі жиілейді, температура шұғыл төмендейді, жауын-шашын молаяды, жел күшейеді. Сібірлік айналымда – оңт-тен тарайтын жылы ауа массалары ұлғайып, ауа температурасы жоғарылайды, жауын-шашын кемиді. Республика климатының қалыптасуына оның жер бетінің әр тектілігінің де әсері болады. Қазақстандағы атмосф. циркуляциялық процестерге оңт. және оңт.-шығыстағы тау жүйелері (биікт. 4000 – 5000 м-лік) мен Каспий және Арал т-дері сияқты су айдындары да ықпалын тигізеді. Табиғи кедергі саналатын тау жүйелері атмосферадағы ендік бағыттағы шептік белдемін солт.-шығыс бағытқа қарай ойыстырып, ауа массасының заулама ағынын күшейтеді. Осы ауа массасы сонымен бірге тау бөктеріндегі жергілікті климатты қалыптастырушы тау аңғарлық ауа айналымын тудырады. Қазақстанның таулық және тау етегіндегі өңірлерінің термиялық режимі жапсарлас жатқан жазықтар жағдайына қарағанда мүлдем басқаша келеді. Таудағы температура жазық жердегіден төмен келеді. Тау беткейлері төңірегіндегі ауа қабатының радиациялық салқындауынан және беткеймен төмен қарай ойысқан ауаның жылынуынан таулы аудандарда температураның ауытқу амплитудасы кеміп, температура инверсиясы (жалпы биіктікке байланысты ауа температурасының көтерілуі) қалыптасады. Инверсия қыс маусымында неғұрлым күштірек қалыптасады. Тау жоталарына жақындаған сайын тік бағыттағы ауа ағыны күшейіп, жауын-шашын шұғыл артады. Орташа жылдық жауын-шашын мөлш. жазықта 100 – 200 мм болса, тау бөктерінде 500 – 600 мм-ге дейін артады. Жазық өңірлерде жылдық жауын-шашынның максимумы жаз айларында, ал тау бөктерінде жылына 2 рет (наурыз – сәуір және қараша – желтоқсан) байқалады. Су айдындары бриздік айналымды тудырады, ол құрлықта ондаған километрге ғана таралады. Орта ендік бойындағы су айдындарының солт.-шығыс жағалауында жазда жылы ылғалды ауа ағыны үстемдік етсе, оңт.-батыс жағында атмосф. суық серпіліс пайда болады. Бұл құбылысты Арал т. мен Каспийдің солт.-шығыс бөлігінен жиі-жиі байқауға болады. Су айдындарының оңт.-батыс бөлігіне қарағанда солт.-шығысында жауын-шашын 2 – 3 есе көбірек түседі. Аумақты Каспий айдыны климаттың қалыптасуына қыста ғана ықпал жасайды. Керісінше, Арал т. атмосфера айналымына жаз айларында ғана қатысады. Көлемі шағын Балқаш көлінің де атмосфера айналымына және бұлттылыққа тигізетін әсері мол. Қазақстан жеріндегі соғатын желдің орташа жылд. 4 – 4,5 м/с, Каспий т-нің жағалауында 6 м/с-тан астам, ал Жетісу қақпасында соғатын Ебі желінің жылд. 70 м/с-қа жетеді.

Климаттық белдеулер

Қазақстан аумағын 4 климаттық белдеу (орманды дала, дала, шөлейт, шөл) қамтиды.

Орманды дала климаттық белдемі республиканың ылғалы ең мол бөлігі. Орташа жылдық жауын-шашын мөлш. 242 – 315 мм-ге дейін, оның 80%-ы жылдың жылы мезгілінде жауады. 10°С-тан жоғары орташа тәуліктік ауа температурасының жылдық жиынтық мөлш. 2100°С. Вегетациялық өсіп-өну кезеңінің ұзақт. 160 – 170 тәулік. Ең қысқа жыл маусымы – көктем, ұзақт. 1,5 ай, жазы 3 айға созылады. Қысы ұзақ, қазаннан сәуірдің соңына дейін. Қуаңшылықтың орташа жылдық мөлш. 37 күн, кейбір жылдары 110 – 113 күнге дейін созылады.

Далалық климаттық белдем республиканың солт-ндегі біраз аймақты қамтиды. Жылдық жауын-шашын мөлш. 200 – 300 мм, оның 70 – 80%-ы жаз айларына тән. Тұрақты қар жамылғысы 140 – 160 күнге созылады, қардың орташа қалыңд. 30 см-дей. Дүлей желді күндер көп және эрозиялық процестер күшті дамыған. 10°С-тан жоғары ауаның орташа тәуліктік температурасының жылдық жиынтық мөлш. 2100 – 2300°С. Вегетациялық өсіп-өну кезеңінің ұзақт. 170 – 180 тәулік. Қуаңшылықтың орташа жылдық мөлш. 69 күн. Орманды дала климаттық белдеміне қарағанда қысы және көктемі қысқа, жазы ұзақ, күзі 1 айға жуық (қыркүйектен басталады).

Шөлейт (шөлейтті дала) климаттық белдем немесе қуаң дала Қазақстанның орта бөлігіндегі жазық өңірді алып жатыр. Жылдық жауын-шашын мөлш. оңт-ке қарай 279 мм-ден 153 мм-ге дейін кемиді, оның 43 – 27%-ы жылдың суық маусымында түседі. Тұрақты қар жамылғысы 120 күндей сақталады. Қар жамылғысының қалыңдығы батыстан шығысқа қарай 20 см-ден 60 см-ге дейін артады. Ауаның орташа тәуліктік температурасы 25°С-тан жоғары күндер саны 30 – 45, 35°С-тан жоғарғысы – 10 – 20 күн. Вегетациялық өсіп-өну кезеңінің ұзақт. 170 – 200 тәулік. Қысы қатал, ауа райы құбылмалы келеді, жазы ыстық, радиацияның жиынтық мөлшері тым жоғары. Аңызақ лебі кейбір жылдары айына 27 – 29 күнге созылады.

Қазақстанның таулы және тауалды аудандарының термикалық жүргісі оларға іргелес жазықтардың термикалық жүргісінен күрт ерекшеленеді. Әдетте, таулардағы температура жазықтарға қарағанда төмен және де биіктеген сайын температураның амплитудасы азаяды (кемиді). Сонымен қатар тауалды және таулы белдемдерде қыста, негізінен, радиац.-орограф. инверсиялар дамыған. Оған тіктеме бойынша ауа температурасының кері жүрісі мәжбүрлейді, яғни белгілі бір биіктікке дейін температура өседі. Мыс., Тянь-Шань тауларында қаңтардағы орташа инверсия теңіз деңгейінен 1300 – 1500 м биіктікке дейін таралады, одан биікте ауаның қалыпты үлестірімі қалыптасады, яғни биіктеген сайын ауаның температурасы төмендейді. Батыс Алтай тауларында көбінесе инверсиялық қабаттың жоғ. шекарасы теңіз деңгейінен 700 – 900 м биіктікте жатады, алайда таулы қазаншұңқырларда инверсиялық қабат жоғары орналасады. Жылы жарты жылдықта мұнда климаттың жергілікті ерекшеліктері айқын көрініске ие – таулық-аңғарлық айналым және фен секілді жылы желдер, олар ауа температурасының тәуліктік жүргісіне өзіндік сипат енгізеді. Тау беткейлерінің биіктігі мен экспозициясы, бедердің тілімдену сипаты, тау аңғарларының тереңдігі мен ені, олардың өзара орналасуы және бірқатар өзге де факторлар мұндағы әр түрлі микроклиматтар мен жергілікті термикалық жағдайлардың өзіндік ерекшеліктерінің қалыптасуына жағдай жасайды.

Каспий және Арал т-деріндегі, Балқаш, Жайсан, Теңіз және бірқатар өзге де көлдер секілді ірі су нысандарының ауа температурасының жүргісіне әсері негізінен жылдың жылы кезеңінде байқалады. Ол әсер көбінесе бриздік айналым әрекетінің шеңберімен шектеледі.

Өсімдіктердің жылумен қамтамасыздығы, жалпы алғанда, оңт-тен солт-ке қарай нашарлайды. Мыс., егер Қазақстанның қиыр оңт-нде ауаның орташа тәуліктік температурасының жиынтығы, ауаның орнықты температурасы +10°С-тан жоғары кезеңде, 4200°С-тан асады, ал солт. облыстарда (Солт. Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарының солт. бөліктері және Қарағанды облысының солт.-батыс бөлігі) бұл жиынтық 2 есе және одан да көп мөлшерде аз.

Қазақстанда соңғы 50 жылда (1954 – 2003) ауа температурасының өсу үрдісі байқалады. Орташа алғанда, Қазақстандағы ауаның жылдық орташа температурасы жоғарыда көрсетілген кезеңде 1,5°С өскен және өсуі бірқалыпты емес. Орташа жылдық температураның ең үлкен өсімі (2,0 – 2,5°С-қа) Қазақстанның солт.-шығысында (Павлодар), шығысында (Семей) және оңт-нде (Қызылорда) байқалады. Тек Қазақстанның оңт.-батысында (Ақтау) температураның 50 жылдағы өсімі 0,7°С-ты құрады.

Тянь-Шаньның таулы аудандарында жылдық жауын-шашын жиынтықтары, теңіз деңгейінен биіктікке және беткейлердің экспозициясына байланысты кең ауқымда өзгереді (400-ден 900 мм-ге дейін). Алтайдың батыс беткейлерінде жылына 1000 мм-ге дейін жауын-шашын жауса, ал оның шығыс беткейлері құрғақ күйде қалады. Жауын-шашынның жылдық мөлшері теңіз деңгейінен 1800 – 2000 м биіктіктерге дейін өседі де, бұл деңгейден биікте, шамалы азаюы байқалады. Қыста, бұлттылықтың биіктігінің төмендеуіне байланысты жауын-шашынның ең көп жауатын белдемі теңіз деңгейінен 1000 – 1500 м биіктікте орналасады, ал жазда теңіз деңгейінен 300 м биіктікке дейін жауын-шашын мөлшерінің жер биіктігіне тікелей тәуелділігі байқалады.

Жауын-шашынның жылдық жүргісінде республика аумағының геогр. орнына байланысты елеулі айырмашылықтар байқалады. Солт. Қазақстанда ең мол атмосф. жауын-шашын жазда байқалса, ал оңт. пен оңт.-шығыста – көктемде Қазақстанның солт. жартысында жауын-шашынның жылдық жиынтығының шамамен 70 – 80%-ы жылдың жылы кезеңінде жауады да, оңт-ке қарай жылжыған сайын суық кезеңдегі жауын-шашын мөлшері өсе түседі. Жазда кейбір жылдары оңт-те жауын-шашын 2 – 3 ай бойы жаумайды. Мұндай кезеңдерде жаңбыр тамшылары жер бетіне жетпей буланып кететін «құрғақ» жаңбыр жауады. Жазғы жауын-шашын кезінде күннің күркіреуі жиі байқалады.

Қазақстандағы соңғы 50 жылдағы (1954 – 2003) атмосф. жауын-шашынның өзгеруіндегі жалпы үрдіс оң. Жауын-шашын мөлшерінің ең көп өсуі (50 жылда 60 мм-ден астам) Қазақстанның солт. облыстарында (Қостанай, Павлодар, Ақтөбе) анықталған. Тек Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы жауын-шашын мөлшерінің өзгеру үрдісі теріс болды және бұл жерлерде жауын-шашын мөлшерінің азаюының орташа көрсеткіші 15 – 60 мм-ді құрады. Қазақстандағы жел жүргісі, негізінен, қысымдық-айналымдық жағдайларымен анықталады. Жылдың суық кезінде жел жүргісі, негізінен, Сібір антициклонының батыс сілемі ықпалымен қалыптасады. Осы сілемнің барлық топография карталары бойынша жақсы байқалатын климаттық осінен, қыс айларында республиканың солт-не және оңт-не қарай ауа қысымы төмендейді, ал жер бетіне жақын изобаралар негізінен солт.-шығысқа және оңт.-шығысқа қарай шашырайды. Қыстың барлық жағдайында Қазақстанның басым бөлігінде орталық аудандардан ауа массаларының шеткі облыстарға қарай шашырай ағуы байқалады. Осыған байланысты Қазақстанның батыс бөлігі және Алтайдың кейбір аудандарын есептемегенде, бағыты бойынша қарама-қарсы дерлік басым желдер қалыптасатын екі үлкен белдемдер ерекшеленеді.

Жазда Қазақстандағы жел жүргісі, Еуразияның үлкен бөлігіндегідей күрт өзгереді. Жылдың бұл кезінде қыспен салыстырғанда, ауа массаларының құрлықтың ең шеткі солт. ендіктерінен орталық аудандарға қарай басымдылықпен ығысуы айқын көрініске ие. Жылдың жылы мезгіліндегі ауаның жоғары температурасы және құрлықтың күшті жылынуы, жалпы алғанда, Еуразия аумағындағы бар (қысым) өрісінің айтарлықтай қайта құрылуына әкеп соқтырады. Алайда Қазақстандағы бағыты бойынша басым желдер жаз айларындағы әлсіздігі барысында шашыраңқылығынан туындайды. Жылдың бұл кезінде тымық күндердің көбірек қайталануы байқалады.

Қазақстанның жазық аумағындағы желдің жылдық орташа жылдамдығы жалпы алғанда оңт-тен солт-ке қарай артады (4 – 5 м/с дейін). Желдің төмен жылдамдықтары (1 – 2 м/с) Қазақстанның оңт. және оңт.-шығысындағы тауалды аудандарында байқалады. Күрделі жер бедері жағдайларында жел жылдамдығының үлкен құбылмалылығы туындайды. Мыс., егер бедердің желден қорғалған пішіндерінде (қазаншұңқырлар, беткейлердің ық және төм. бөліктері, т.б) желдің жылдамдығы әлсіз (1 м/с дейін) болса, ал асуларда, шыңдарда және жел өткізуші дәліздерде желдің жылдық орташа жылд. 5 м/с-тан асады. Жел өткізуші дәліз – Жетісу (Жоңғар) қақпасы және Каспий т-нің шығыс жағалауы Қазақстанның ең желді аудандары болып табылады. Ондағы желдің жылдық орташа жылд. 6 м/с-тан асады.

Желдің жылдамдығы жыл бойы өзгереді. Қазақстанның үлкен бөлігінде желдің ең үлкен жылдамдықтары жылдың өтпелі кезеңдеріне тұспа-тұс келсе, ал ең әлсіз желдер жазда болады. Жел жылдамдықтарының максимумы асуларға, тау шыңдарына, жел өткізуші дәліздерге және жағалауларға (Каспий т.) тән, ал қысқы минимумдар мен жазғы максимумдар желден қорғалған орындарға (қазаншұңқыр, тауалды аудандары, т.б.) тән. Қар жамылғысы. Қар жамылғысы сипаттамаларының аумақтық үлестірімінде жазықтағы ендік белдемдік және таулық бедер жағдайындағы биіктік-экспозициялық белдемдік айқын байқалады. Қазақстанның ашық кеңістіктік жағдайында қардың тасымалдануы және бұрқасынның қайталану үдерістерімен қар жиналудың қайшылықтары өте зор. Еліміздің солт.-шығыс және солт. аудандарында орнықты қар жамылғысы қарашаның бірінші онкүндігінде қалыптасады және наурыздың соңы – сәуірдің басында аяқталады. Қазақстанның жазық бөлігінде қар жамылғысы қарашаның соңы – желтоқсанның басында қалыптасады және тұрақсыздығымен ерекшеленеді, кей жылдары қар болмауы да мүмкін. Қар жамылғысының қалыңдығы солт-те 25 – 30 см-ден, оңт-те 6 см-ге дейін кемиді. Тауларда тұрақты қар жамылғысы қазанның үшінші онкүндігінде – қарашаның басында қалыптасып, мамырға дейін жатады, ал қар жамылғысының орташа қалыңд. 30 – 60 см болса, биік тауларда 100 – 200 см-ге жетеді. Қазақстанның ең қарлы аудандарына наурыз – сәуірде 2600 – 2800 м биіктіктерде қалыңд. 400 см, кей жылдары 700 – 800 см қар жиналатын Оба және Үлбі өзендерінің алабы жатады. Ал ең мол қар қорлары 1800 см-ден асуы мүмкін.

Атмосф. құбылыстарға жауын-шашындар және әр түрлі тұмандар, бұрқасындар мен жаяу борасындар, электрлік құбылыстар – күн күркіреу, жарқылдар, полюстік сәулелену; долы жел, шаңды боран, шаңды борасын құйын, қара құйын, көктайғақ, мұнар, мұз инелері, қырау жатады. Тұманның Қазақстан аумағындағы үлестірімі күрделі сипатқа ие. Жер бедері кедір-бұдыр болып келетін Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары және де Қазақстанның оңт. және оңт.-шығысындағы таулы және тауалды аудандарында тұманның үлестірімі ошақтық сипатта дамыған. Тұманның ең көп жылдық қайталанғыштығы Мұғалжарда (67 күн), Алтайда (Өскемен – 51 күн), Қордайда (63 күн) байқалады. Қалалар мен өнеркәсіп орталықтарында тұманды күндердің саны көбірек байқалады (Қарағандыда – 37, Алматыда – 56, Қарсақбайда – 54).Тұмандар әсіресе шөлдерде өте сирек байқалады. Қазақстанның көпшілік бөлігінде тұманның қайталанғыштық максимумы желтоқсан және қаңтар айларында байқалады. Солт-те және батыс аудандарда тұманданудың жоғары мәні көбінесе наурызда, қар еру кезеңіне тән. Тұманды күндер тау етектеріне қарағанда жазықтарда сирек байқалады. Алматы маңындағы тау етектерінде Іле аңғарымен салыстырғанда тұманды күндердің саны 4 – 5 есеге артып, жылына 75 – 100 күнге жетеді. Тұманның ұзақтығы оңт. және оңт.-шығыстағы шөл аймағында 80 – 90 сағаттан, еліміздің оңт., оңт.-шығыс облыстарындағы тауалды және таулы аудандарында 300 – 500 сағатқа жетеді. Тұманның ұзақтығы әсіресе Мұғалжар тауларында жоғары. Онда тұман жылына 50 – 60 күнге дейін, ал кейбір жылдары 100 күнге жетеді. Ең ұзақ тұмандар қыс кезінде байқалады, ал жазда тіпті жоқ деуге болады. Бұрқасындар күшті жел кезінде, ұлпа қар болған жағдайда туындайды. Бұрқасынды күндердің орташа саны біркелкі емес, алайда орташа алғанда солт-тен оңт-ке қарай 30 – 40 күннен (кей жерлерде 51) 1 – 5 күнге дейін кемиді. Бұрқасындардың жалпы ұзақтығы солт-тен оңт-ке қарай 300 – 400 сағаттан (кей жерлерде 500 және одан да көп) 1 – 5 сағатқа дейін азаяды. Қазақстанда Атбасар, Мұғалжар, Біршоғыр, Жаңғызтөбе сияқты бұрқасындар өте ұзақ уақыт болатын бірнеше ошақ бар. Бұрқасындардың жалпы ұзақтығы солт-те 300 – 500 сағаттан (кей жерлерде 500 сағаттан да көп) оңт-те 1 – 5 сағатқа дейін кемиді.

Желдің жылдамдығына тәуелді атмосф. құбылысқа шаңды дауыл жатады. Далалық белдемдегі шаңды дауылды күндердің саны жылына 20 – 38 күнге тең, ал топырақ бетінің жағдайына тәуелді шөлдерде (Арал маңы және Балқаш маңында) 50 – 60 күнге дейін жетеді. Найзағай зор будақты-жауынды бұлттардың дамуымен тығыз байланысты, сондықтан найзағай кезінде күшті долы желдер, нөсерлі жаңбырлар жиі байқалады және бұршақ ұруы да сирек емес. Қазақстанның солт-ндегі жазық бөлігінде найзағайдың қайталанғыштығы жоғары, онда жылына орташа есеппен 20 – 25 күн найзағайлы болып келеді. Қиыр оңт-те найзағайлы күндердің саны жылына 8-ге дейін төмендейді. Таулы аудандарда найзағайлы күндердің саны 30 – 35 күн аралығында құбылады, кей жерлерде 55 күнге дейін жетеді. Қазақстанда найзағай көбінесе жылдың жылы мезгілінде байқалады. Қыста найзағай өте сирек кездеседі. Тауалды және таулы аймақтарда жазықпен салыстырғанда, найзағайдың жиілігі айтарлықтай жоғары. Мыс., Іле Алатауындағы найзағайлы күндердің саны жылына орта есеппен 30 – 35 күнге жетеді.