Қазақстан аумағындағы қалалар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазақстан аумағында қалалар ерте замандарда да болған. Қала мәртебесіне ие болган бекініс-қамалдар салудың көбейіп кеткен кезі Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылу кезеңімен тұспа-тұс келді. Неғұрлым ірі қалалар қатарына Орал, Гурьев, Семей, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Ақмола, Павлодар, Көкшетау, Ақтөбе және басқалары жатады. Батыс, Солтүстік, Солтустік-Шығыс Қазақстандағы қалалардың көпшілігі әскери бекініс-қамалдар мен әскери елді мекендер негізінде пайда болды. Олардың кейбіреулерінің салынуы Ресейдің еуропалық бөлігінен Қазақстанға қоныс аударып келген шаруалардың ағылуымен тікелей байланысты екені де рас.

Солтүстік-Батыс Қазақстан қалаларының даму ерекшеліктері. Орал және Гурьев

Сурет:Pugachev home.JPG
Пугачев атындағы музей (Орал)

Орал — Солтүстік-Батыс Қазақстандағы ескі қалалардың бірі. Оның негізі ХVІІ ғасырдың бас кезінде қаланды.

Қала патшалық Ресейді көшпелі қазақтардың шабуылынан қорғау міндетін атқарды. Ол 1775 жылға дейін Жайық қалашығы деп аталып келді. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі басылғаннан кейін Орал қаласы деп аталды. Қала халқының басым көпшілігін казактар құрады. Орал еркін казактардың астанасына және дәстүрлі әдет-ғұрыптардың басым сақталған орталығына айналды. 1868 жылдан бастап Орал облысының орталығы. XX ғасырдың бас кезінде қала халқының саны 50 мың адамға жетті.

Гурьевтің негізі XVI ғасырда қаланды. Қала Жайық өзенінің оң жағалауында салынды. 1868 жылы Гурьев Орал облысының уездік қаласына айналды. Қала халқының едәуір бөлігін мещандар, әр түрлі топ өкілдері және казактар құрады. Қалада балық өнеркәсібі дамыды. Қала көпестері теңіз арқылы Астраханмен сауда-саттық қатынасын орнатты. Мәселен, 1897 жылы Астрахан мен Гурьевтің арасында 117 кеме қатынап тұрды. Қала тұрғындары негізінен бау-бақша өсірумен айналысты. Олар жүзім, алма, алмұрт, шабдалы, шие және өрік өсірді. XX ғасырдың бас кезінде қала халқының саны 10 мың адамнан тұрды.

XVIII ғасырда салынған қалалар

Павлодар қаласы 1720 жылы Коряков бекінісінің атымен Керегежар деген жерде салына бастады. Ол Ертістің оң жағалауында орналасты.

1861 жылы Павлодар штаттан тыс қалаға, ал 1868 жылы Семей облысының уездік қаласына айналды. Қала Ертіс өзеніндегі пароход тоқтайтын маңызды айлақтардың бірі болды. Оның үстіне, ол Солтүстік-Шығыс Қазақстандағы ірі сауда орталығы да еді. Онда мал өнімдері мен фабрик- зауыттар шығаратын өнім түрлері мол мөлшерде шоғырланды. Қаладағы аса бай көпестердің бірі дуанбасы әрі көпес А.И. Деров болды. Онын есімі өз замандастарының арасында ұмытылмай есте қалды. Ол қолы ашық, жомарт адам болды, қайырымдылық шараларын өткізіп тұрды. Павлодар қаласы мыс және көмір кеніштеріне, сондай-ақ тұз өндіретін кәсіпшіліктерге жақын орналасты.

XX ғасырдың бас кезінде қала халқының саны 31 мың адамға жетті, оның тоғыз мыңы мұсылман халықтарының өкілдері болатын. Қала халқының тез әрі қарқынды өсуіне қоныс аударушы шаруалар тасқыны да себеп болды. Қаланың белгілі тұрғыны, әйгілі әнші Майра Шамсутдинованың (18901927) есімі бүкіл қазаққа таныс еді.

Семей қаласы да Ертістің оң жағалауына орналасты. Оның негізі 1718 жылы әскери бекініс ретінде қаланды. Бекіністің Семей атану себебі оған таяу жерде ежелгі жеті ғимараттың қиранды қалдығы бар еді. Бекініс 1782 жылы Колыванский әскери аймағынын уездік қаласына айналды. 1797 жылы қала Тобыл губерниясының қарамағына өтті. 1822 жылы Омбы облысының округтық қаласына, 1854 жылдан бастап жаңа құрылған Семей облысының орталық қаласына, ал 1868 жылдан бастап Семей уезінің және Семей облысының орталығына айналды. Семей Қазақстандағы аса ірі қалалардың бірі саналды. Қала көшелеріне керосин шамдары жарық беріп тұрды. Қалада қоғамдық кітапхана ашылды. 1902 жылы Императорлық Орыс Географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесі құрылып, жұмыс істей бастады. Осы бөлімшенің жанынан Қазақстандағы өзіндік бірегей мұражай ашылды.

Каланың негізгі халқы қазақтар мен мещандар болды. Олар Томск губерниясының Змеиногорск уезіндегі Белағаш даласында егіншілікпен айналысты. Бұл құнарлы жасыл алқап Семей қаласының солтүстік жағында орналасқан еді.

Семей аймақтағы өнеркәсібі дамыған ірі қала болып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар Ресейді Қытаймен және Орта Азиямен байланыстыратын ірі сауда орталығына айналды. Қалада бу машиналары, арақ-шарап қайнататын, жүн жуатын, май шайқайтын, сабын қайнататын, кірпіш шығаратын, ашытқы дайындайтын зауыттар жұмыс істеді.

Өскемен қаласы Ертістің оң жақ бетінде оған Үлбі өзені келіп құятын жерде орналасқан. Қаланың негізі 1720 жылы бекініс ретінде қаланған. 1765 жылы бекіністің жанынан айырбас сарайы ашылады. Онда көшпелі және отырықшы халықтар өзара тауар айырбасын жасайтын. Қазақтар өздерінің малын, мал өнімдерін және аң терілерін үй ішіне қажетті тауарларға, астыққа, кездеме маталар мен металл бұйымдарға айырбастады. 1804 жылы бекініс қала атанды. 1868 жылы Өскемен Семей облысындағы уездік қала мәртебесіне ие болды. 1900 жылы кала халқының саны 10 мың адамға жетті. Халықтың басым көпшілігін казактар мен мещандар құрады. Олар егіншілікпен, омарта шаруашылығымен және мал өсірумен айналысты.

Петропавл қаласы 1752 жылы Есілдің бойындағы Қызылжар деген жерде Сібірдің оңтүстік шебін көшпелі халықтың шабуылынан қорғау мақсатымен салынды. Ол 1807 жылы қала мәртебесіне ие болды. Петропавл 1822 жылы Омбы облысының округтық қаласына айналды. Қала осы аймақтағы ірі сауда орталығы дәрежесіне жетті. Бұл жерден Жетісумен, Оңтүстік Қазақстанмен және Орта Азиямен сауда-саттық жүзеге асырылды. Мұнда қазақ даласынан мал және мал өнімдері жеткізілді. Орта Азия қалаларынан мақта-мата және жібек кездемелер, кілемдер, кептірілген жеміс-жидектер әкелінді. Ал Петропавлдан қазақ даласына және Орта Азияға металл бұйымдары, Ресейдің еуропалық бөлігінде тоқылған шұға кездемелері жіберілетін. Қала бүкіл Солтүстік Қазақстанның аймағын фабрик-зауыт өнімдерімен қамтамасыз ететін ірі қойма саналды. 1900 жылы калада 446 сауда орны болды, олардағы жылдық сауда айналымының мөлшері 4 миллион сомға жетті. Петропавл сонымен қатар ірі өнеркәсіп орталығына да айналды. Қалада май шайқайтын, тері илейтін, жүн жуатын және қой терісінен киім тігетін кәсіпорындар жұмыс істеді. 1897 жылы қала халқының саны 20 мың адамға жуықтады.

XIX ғасырдың бірінші жартысында Қазақстандағы әскери бекіністер ретінде пайда болған қалалар

Көкшетау қаласы 1824 жылы округтық приказдың орталығы ретінде салына бастады. Ол 1868 жылы Ақмола облысының уездік қаласына айналды. Қала халқын казактар, шаруалар, мещандар және шенеуніктер құрады. Сондай- ақ қазақтардан, татарлардан және Орта Азия халықтары өкілдерінен тұратын мұсылмандар да болды. 1897 жылғы халық санағы бойынша қалада 5 мың адам тұрды.

Қарқаралы қаласының негізі 1824 жылы Қарқаралы сыртқы округының әкімшілік орталығы ретінде қаланды. 1868 жылы қала мәртебесіне ие болып, Қарқаралы уезінің орталығына айналды. Қалада қоғамдық саябақ ашылды. Қала тұрғындарының кәсібі мал өсіру және сауда жасау болды. Табиғи-географиялық жағдайдың қолайсыздығына байланысты егіншілік елеулі түрде дами алған жоқ. XIX ғасырдың аяқ кезінде қала халқының саны 3,5 мың адамға жетті. Олардың басым көпшілігі қазақтар (1912 адам) еді. Сондай-ақ казактар (531 адам), татарлар (472 адам), шаруалар мен мещандар (560 адам) және басқалары тұрды.

Атбасар 1846 жылы қазақ станицасы және патша үкіметінің Арқадағы тірек пункті ретінде бой көтерді. XIX—XX ғасырлар шебінде ондағы тұрғындар саны 2,6 мың адамға жуықтады.

КөкпектіЗайсан уезінің штаттан тыс қаласы. Оның негізі 1836 жылы казак станицасы ретінде қаланды. 1844 жылы Көкпекті сыртқы округының, ал 1869 жылы Көкпекті уезінің орталығына айналды. Ол 1875 жылы Өскемен уезінің, кейін Зайсан уезінің штаттан тыс қаласы мәртебесіне ие болды. Қала тұрғындары арық жүйесімен суарылатын егіншілікпен, сондай-ақ мал өсірумен айналысты. XX ғасырдың бас кезінде қала мен станица халқының саны 2,8 мың адам шамасында болды.

Ырғыз қаласының іргесі 1845 жылы Ырғыз өзенінің оң жақ бетінде қалана бастады. Ол патша үкіметінің қазақ даласы төсіндегі алдыңғы шептегі әскери күзет пункті саналды. Қаланың салынуына негіз болған нәрсе — Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске байланысты оқиғалар еді. Топырақтың құнарсыз болуы егіншіліктің epic алуына мұрша бермеді. Қаланы Орал казактары салғандықтан ол алғашқы кезде Орал бекінісі деп аталды. Жергілікті халықтың патша үкіметіне қарсы пікірі қалыптаспауы үшін кең көлемді түсінік жұмыстары жүргізілді. Бұл бекініс бейбіт қазақтарды көтерілісшілердің шабуылынан қорғау үшін салынып жатыр делінді. Ондағы тұрғындар санын арттыру үшін бекініске Орынбор казактарының және қоныс аударушы шаруалардың бірқатар отбасылары көшірілді. 1868 жылы Орал бекінісі деген аты өзгертіліп, Ырғыз деп аталды. Торғай облысының уездік орталығына айналды. XX ғасырдың бас кезінде Ырғызда тұрғындардың саны 1 мың адамға жетті.

Торғай қаласының негізі 1845 жылы қаланды. Оның салыну себебі де Ырғыз бекінісін салудың себебімен бірдей еді. Алғашқы кезде ол Орынбор бекінісі деп аталды. Оның негізін қалған Орынбор казактары еді. 1868 жылы ол Торғай облысының уездік орталығына айналды. XX ғасырдың бас кезінде қаладағы халықтың саны 900 адамға жуықтады. Олардың жартысы мұсылмандар, яғни қазақтар, татарлар және бұхаралықтар еді. Қаланың төңірегінде егіншілікке жарамды жер болған жоқ. Қала халқы санының аз болу себебі де осыдан еді. Қала тұрғындары негізінен сауда жасаумен айналысты.

Зайсанның негізі 1864 жылы қаланды. Ол Ресей империясының қазақ-орыс шекарасындағы әскери күзет пункті болды. Зайсанның алғашқы аты Жеменей еді. Ол патша үкіметіне бағынышты қазақтардың арасында бейбіт өмір мен тыныштықтың сақталуын қадағалады. Сондықтан да қалада тұрақты әскер батальоны және казак полкы тұрды. Зайсан қалалық елді мекен деген мәртебеге 1893 жылы ие болды. Қаладағы үйлер шикі кірпіштен салынды, олардың төбесі арнайы шатырмен жабылмағандықтан, олар ортаазиялық тоқал тамдар түрінде көрінді. Қаланың ішінде арық көп болды. Сондықтан да көшедегі жолдардың бойын көлеңкелі жасыл желек көмкеріп тұрды. XX ғасырдың бас кезінде Зайсандағы қала халкы 4 мың адам болды. Олар негізінен орыс, қазақ, татарлар және ортаазиялық ұлт өкілдері еді.

Шаруалардың Қазақстанға қоныс аударуы барысында пайда болған қалалар

Қазақстандағы қалалардың бірқатары шаруалардың қоныс аударуы барысында да пайда болды. Ондай қалалардың қатарына Ақтөбе, Қостанай, Темірді қосуға болады. Ақтөбе қаласы жергілікті халықтық төбе деп атайтын бекініс ретінде 1869 жылы салына бастады. XX ғасырдың бас кезінде онда 3 мыңға жуық тұрғын болды. Қала халқы саны оның төңірегінде орналасқан қоныс аударушы шаруалар есебінен арта түсті.

Қостанай (Николаевск) Торғай облысындағы ең үлкен қала болды. Оның негізі 1879 жылы қаланды. Сол жылдың өзінде-ақ оған 1200 шаруа отбасы көшірілді. Қала осы өлкенің аса ірі әкімшілік және сауда орталығына айналды. Онда 250-ден астам сауда орындары болды. Қала тұрғындары егіншілікпен де айналысты. Мұның өзі қала халқының өсе түсуіне ықпал етті. 1889 жылы қала мен қала маңындағы халықтың саны 18 мың адамға жетті.

Темір уездік қаласының негізі Жем өзені бойындағы күзет пункті ретінде 1897 жылы қаланды. Қоныс аударып келген шаруалар қала маңына көбірек орналасты. Өйткені қала географиялық жағынан қолайлы, керуен жүретін тоғыз жолдың торабында болатын. Қала халқы сауда-саттықпен де, егіншілікпен де айналысты. XX ғасырдың бас кезінде қалада 750 адам тұрды.

Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы қалалар

Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы қалалар ірі сауда, мәдениет және өнер орталықтары еді. Бұл аймақтардағы қалаларда халықтың саны басым болды. 1807 жылы Верныйда 22 744, Жаркентте — 16 094, Әулиеатада — 11 722, Перовскіде (Ақмешітте) - 5 058 адам тұрды.

Сонымен, қарастырып отырған кезеңде Қазақстан аумағында бірқатар жаңа қалалар пайда болды. Олардың пайда болуының негізгі себебі патша үкіметінің әскери-отаршылдық мақсаттарында жатыр еді.<ref>Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы. ISBN 9965-34-816-2</ref>

Дереккөздер

<references/>mk:Список на градови во Казахстан