Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің философия және саясаттану институты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің философия және саясаттану институты 1958 ж. Филос. және құқық ин-ты болып ұйымдастырылып, 1991 ж. Философия институты болып қайта құрылды. Осы институт негізінде 1999 жылы ақпан айында «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Философия және саясаттану институты» республика мемлекеттік қазыналық мекемесі құрылды. Философия және саясаттану институтында 83 адам жұмыс істейді, ондағы 65 ғылыми қызметкерлердің құрамында философия және саясаттану ғылымының 23 докт. мен 25 канд., 2 акад., 3 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2 ҚР Мемлекеттік сыйлығы лауреаты бар. Сондай-ақ қоғамдық негізде аспирантура және докторантура бөлімдері жұмыс істейді; институтта доктор дисс. қорғауға байланысты философия ғылым бойынша дисс. кеңес бар. «ХХІ ғасыр гуманистік құндылықтарының жаңа парадигмасындағы ұлттық мәдениет пен руханияттың қайта өрлеуі. Білімді реформалаудың теориясы, методологиясы және социологиясы. Шығармашылық тұлғаның қалыптасуы» – институттың іргелі зерттеулерінің жоғары әрі негізгі басымдылығы болып табылады. Осымен қатар институт ұжымы зор шығарм. ізденісті талап ететін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы (2004–2011) бойынша 50 томнан тұратын кітаптарды баспаға дайындау мен шығаруда үлкен жұмыстар ( «Қазақ халқының философиялық мұрасы», 20 т., «Әлемдік философиялық мұра», 20 т. және «Әл-Фараби мұрасы», 10 т.) жүргізуде. Ин-тта Халықар. орталықта тіркелген «Адам әлемі – Мир человека», «Аль-Фараби» («әл-Фараби») атты екі журнал шығады. Институттың бүкіл ұйымдық және ғылыми жұмыстары ҚР Үкіметі мақұлдап, 2000–2010 жылдарға арналған іргелі зерттеулердің басым бағыттары тізіміне енгізілген «Реформалар кезеңіндегі Қазақстандағы философиялық-гуманистік және әлеуметтік-саяси проблемаларды шешу» туралы мемл. тапсырысты табысты жүзеге асыруға бағытталды. Институтта онтология және эпистемология, ғылым және мәдениет философиясы, қазақ философиясы, әлеуметтік философия, фарабитану және шығыс философиясы, саясаттану және этносоциология, саясат және құқық философиясы бөлімдері, баспахана, компьютерлік-баспа орталығы және ҚР-ның Білім және ғылыми министрлігіне қарасты институттардың ізденушілері мен аспиранттары философиядан кандидат минимум тапсыратын философия және ғылыми методологиясы кафедрасы жұмыс істейді. Институтта біріккен теориялық семинар, сондай-ақ бөлімаралық және бөлімдік методол. семинарлар жүргізіледі. Институттың құрылуына оның басым ғылыми бағыттары мен ғылыми мамандарын даярлауға ресейлік, сондай-ақ қазақстандық ғалымдар үлкен үлес қосты. Институтта диалектикалық логика бойынша қазақстандық мектебі, содан соң 21 ғасыр талабынан туындаған Шығыс пен Батыс мәдениеті сұхбаты ауқымында еуразиялық өзара түсіністік философиясын негіздеген философия және саясаттану ғылымы бойынша халықаралық ғылыми мектебі қалыптасты. Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде дамыған соңғы жылдары ішінде институтта төмендегідей басым бағыттарда зерттеулер жүргізіліп, ұжымдық монографиялар жарияланды: 2 томдық «Диалектика тарихы» , 5 кітаптық «Қазақ даласының ойшылдары» (алғашқы 3 кітап жарық көрді), «Жатсыну әлеміндегі адам» , «Шығыс пен Батыс өзара әрекеттестігі ауқымындағы ғылым методологиясы» , «әл-Фараби философиясы», «Өзгерген қоғамдағы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар» . Сондай-ақ этносаралық қатынастар социологиясы, Қазақстан Республикасында саяси жүйе өзгерістері проблемалары, көпэтникалық қазақстандық қоғамды демократияландыру мен жаңарту, жаhандану жағдайындағы Қазақстандағы орнықты даму мәселелері бойынша сериялы жұмыстар жарық көрді. Институт ел Парламенті үшін түрлі заң жобалары бойынша сараптама жұмысын жасады, Үкіметке «Қазақстан Республикасындағы діни және конфессияаралық қатынастар бойынша мемлекеттік саясат тұжырымдамасын» ұсынды. Институт ғалымдары философия, саясаттану, гендер теориясы, логика бойынша бірегей оқулықтар мен оқу құралдарын жазып шықты. Институт Франция, АҚШ, Германия, Түркия, Қытай, Египет, Ресей, Болгария, Қырғызстан, Иран, т.б. елдермен шығармаларына байланыс орнатқан. Институт қызметкерлері соңғы жылдары ПРООН, ТASІS гранттарын, ЮНЕСКО бағдарламасының, Сорос-Қазақстан қорының, ҚР Білім және ғылыми министрлігі қорының гранттары мен түрлі мемлекеттік тапсырыстарды жеңіп алды. Қазақстанның мемлекетті басқару органдары мен жоғары оқу орындары үшін филос. және саясаттану ғылымдарының ондаған доктор мен кандидаттары даярланды. Сонымен қатар институтта Иран, Түркия, Ресей, АҚШ, Үндістан, Франция, Қытай елдерінен келген ізденушілер мен аспиранттар оқу-тәжірибе жұмыстарын өтті. Институт қызметкерлері АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Түркия, Венгрия, т.б. елдерде тәжірибе жинап қайтты. Институттың әлемдік қауымдастық алдында беделі өсіп, ол филос. мен саяси зерттеулердің халықар. ғылыми ортасына айналды. Институтта ықпалды халықар. конгрестер мен конференциялар және симпозиумдар ұйымдастырылып келеді. Бұлардың ішінде «әл-Фараби мұрасы және әлемдік мәдениет» (Алматы, 2000) халықаралық конгресін ерекше атауға болады. Конференция материалдары жеке кітап түрінде институт баспаханасынан шығарылды. 1999 жылдан «Адам әлемі» деп аталатын институт журналы шығып келеді. Институттың бір топ қызметкерлері Қазақстандағы діни ахуал және этносаралық қатынастар мониторингі мен қолданбалы проблемаларды зерттеумен шұғылданады. Институт қажетті мамандар даярлау, бірлескен конференциялар өткізу, әлемдік жаһандану жағдайындағы Қазақстан Республикасы мәселелері бойынша бірлескен еңбектер дайындау арқылы білім мен ғылымның қауымдасуын жүзеге асырып келеді. Жыл сайын институт көлемінде қазақстандық қоғамның трансформациясына байланысты өзекті әлеуметтік-филосфиялық және философия-саяси мәселелерге қатысты, саясат, құқық, ғылым, білім беру, мәдениет, қазақ және әлемдік философия мәселелеріне байланысты ондаған монографиялар мен жүздеген ғыл. мақалалар жарық көреді. Соңғы жылдары «Ресей және Қазақстан 21 ғасырда: модернизациялық реформалар тәжірибесі», 4 томдық «Қазақ даласының ойшылдары», «Қазақстанның жалпыұлттық идеясы», «Жаһандану жағдайындағы Қазақстан: философиялық-саясаттанулық талдау», «әл-Фараби философиясы және ислам руханилығы», т.б. іргелі еңбектер жарық көрді. Институт қазіргі заманғы байланыс жүйелерімен толықтай жабдықталған. <ref name="source1">"Қазақ Энциклопедиясы"</ref><ref>Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5</ref>

Дереккөздер

<references/>