Қазақстан Республикасының заңнамасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бұл бетте Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес авторлық құқыққа қатысты ақпарат беріледі.<ref> Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы N 6-I Заңы</ref>

Мазмұны

Авторлық құқықтың қолданылу аясы

Авторлық құқық:

Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған не жарияланбаған, бiрақ авторлардың немесе олардың құқықтық мұрагерлерiнiң азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында қандай да болсын объективтi нысанда болатын туындыларға қолданылады;
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және Қазақстан Республикасының азаматтары - авторлары және олардың құқықтық мұрагерлерi деп танылады
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және авторлардың (олардың құқықтық мұрагерлерiнiң) - шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес авторлық құқығы бар деп танылады.
  • Егер туынды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алғаш жарияланған күннен кейiнгi отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол Қазақстан Республикасында жарияланды деп саналады.
  • Қазақстан Республикасы аумағында туынды халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын болған жағдайда туындының авторы авторлық құқықты алуға негiз болған iс-әрекет немесе мән-жай орын алған мемлекеттiң заңы бойынша анықталады.
  • Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес, егер ол Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттың ережелерi бойынша айқындалатын туындының шыққан елiнде авторлық құқықтың осы елде белгiленген қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан қоғам игiлiгiне айналмаса және авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан Қазақстан Республикасында қоғамның игiлiгiне айналмаса, туындыға қорғау берiледi.

Авторлық құқық объектiсi. Жалпы ережелер

  • Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады.
  • Авторлық құқық белгiлi бiр объективтi түрге ие болған:
    • жазбаша (қолжазба, машинкаға басылған, нотаға жазылған және сол сияқты);
    • ауызша (көпшiлiк алдында айтушылық, көпшiлiк алдында орындаушылық және сол сияқты);
    • үнжазба немесе бейнежазба (механикалық, сандық, магниттiк, оптикалық және сол сияқты);
    • бейнелеу (сурет, нобай, көркемсурет, жоспар, сызба, кино, телебейне - немесе фотокадрлар және сол сияқты);
    • көлемдi - кеңiстiктi (мүсiн, үлгi, макет, ғимарат, және сол сияқты);
    • өзге де нысанда жария болған да (жарияланған, жарыққа шыққан, баспадан шыққан, көпшiлiк алдында орындалған, көпшiлiк алдында көрсетiлген), жарияланбаған да туындыларға қолданылады.
  • Заңның осы бабының 1-тармағында аталған белгiлерi бар және дербес қолдануға болатын туынды бөлiгi (оның атауымен, кейiпкерлердiң атауларымен қоса) авторлық құқық объектiсi болып табылады.
  • Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды.
  • Туындыға деген авторлық құқық туынды жасалған материалдық объектiнi меншiктену құқығымен байланысты емес. Қандай да болсын материалдық объектiге меншiк құқығын немесе иелену құқығын беру, осы Заңда көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, осы объектiде көрсетiлген туындыға авторлық құқықтың берiлуiне әкеп соқпайды.

Авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар

  • Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылады:
    • әдеби туындылар;
    • драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;
    • сценарий туындылары;
    • хореография және пантомима туындылары;
    • мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;
    • дыбыс-бейнежазу туындылары;
    • кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары;
    • қолданбалы өнер туындылары;
    • сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ өнерi туындылары; Z010242
    • суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар;
    • карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;
    • ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;
    • өзге де туындылар.
  • ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды қорғау ЭЕМ-ге арналған бағдарламалардың (соның iшiнде операциялық жүйелердiң) бастапқы мәтiн мен объектiлiк кодты қоса алғанда, кез-келген тiлде және кез-келген нысанда жасалуы мүкiн барлық түрiне қолданылады.
  • Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады:
    • туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);
    • жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.
    • Туынды және құрама шығармалар, өздерiнiң негiзге алынған немесе өздерiне енген туындылардың авторлық құқық объектiлерi болу болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады.

Авторлық құқық объектiлерi болмайтын туындылар

Мыналар авторлық құқық объектiлерi болмайды:

  • ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;
  • мемлекеттiк нышандар мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттiк нышандар мен белгiлер);
  • халық шығармашылығы туындылары;
  • оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.

Авторлық құқықтың пайда болуы. Авторлықтың ақиқаттылығы

  • Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi.

Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор және (немесе) құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады:

    • қоршауға алынған латынша "С" әрпi;
    • айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);
    • туындының алғаш жарияланған жылы.

Жарияланбаған туындыға жеке мүлiктiк емес құқықтарын куәландыру үшiн автор, сондай-ақ құқық иеленушi туындыға айрықша мүлiктiк құқықтарды иеленетiнiн растау үшiн авторлық құқықтың қорғалатын не тиiстi шарттардың қолданылатын мерзiмi iшiнде кез келген уақытта оларды ресми тiзiлiмдерде тiркеуге құқылы. Тiркеудi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

  • Бiр жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (қызметтерiн) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың бiртектi тауарларынан (қызметтерiнен) ажырату үшiн қолданылатын (соған арналған) туындылар авторлық құқық объектiсi ретiнде тiркелмейдi.
  • Өзге дәлелдер болмаған жағдайда туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы деп саналады.
  • Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде осы Заңға сәйкес автордың өкiлi болып табылады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ереже сондай туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.
  • Егер өзiн жарияланбаған туынды қолжазбасының авторымын деп санайтын жеке тұлға оны басқалардың заңсыз пайдалануына немесе иемденiп кетуiне жол бермеу үшiн сақтауға өткiзудi қажет деп тапқан жағдайларда уәкiлдiк берiлген орган қолжазбаны қабылдап алуға мiндеттi, ол туралы қолжазбаны өткiзген адамға оның түскен мерзiмi туралы анықтама берiледi.

Тең авторлар

Екi немесе одан да көп адамның (тең авторлардың) бiрлескен шығармашылық еңбегiмен жасалған туындының авторлық құқығы, мұндай туындының бөлiнбес бiртұтас болуына немесе әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөлiмдерден тұратындығына қарамастан, тең авторларға тиесiлi болады.

Егер туындының бiр бөлiгiн осы туындының басқа бөлiктерiне қарамастан пайдалану мүмкiн болса, бұл бөлiгi дербес мәнi бар туынды деп танылады.

Егер тең авторлар арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының дербес мәнi бар өзi жасаған бөлiгiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.

Тұтас алғанда туындыны пайдалану құқығы тең авторларға ортақ. Тең авторлардың өзара қатынастары олардың арасында жасалған келiсiм арқылы белгiленуi мүмкiн. Егер тең авторлардың туындысы бөлiнбейтiн бiртұтас дүние болса, тең авторлардың бiр де бiрiнiң туындыны пайдалануға жеткiлiктi негiздерi болмайынша тыйым салуға құқығы жоқ.

Тең авторлардың әрқайсысы өз атынан, соның iшiнде, басқа тең авторлардың рұқсатын алмастан, егер олардың арасында келiсiммен өзгеше көзделмесе, өз құқықтарын қорғауға байланысты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген шараларды қолдануға құқылы.

Құрамдас туындыларға авторлық құқық

Жинақтың және басқа да құрама туындылардың авторына (құрастырушысына) шығармашылық (құрастырушылық) еңбек нәтижесi болып табылатын материалдарды iрiктеудi және (немесе) орналастыруды жүзеге асырғандығы үшiн авторлық құқық берiледi.

Құрастырушының өзi құрама туындыға енгiзiлген әрбiр туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда авторлық құқықты пайдаланады.

Егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, құрама туындыға енгiзiлген туындылардың авторлары өз туындыларын құрама туындыға қарамастан пайдалана беруге құқылы.

Құрастырушысының авторлық құқығы басқа адамдардың сол материалдарды басқа құрама туындылар жасау үшiн дербес iрiктеуiне және (немесе) орналастыруына кедергi жасамайды.

  • Энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, мерзiмдi және шығуы жалғаса беретiн ғылыми еңбектер жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды жарыққа шығаратын баспагерге мұндай басымдарды тұтас пайдалануға айрықша құқық берiледi. Баспагер мұндай басылымдарды кез-келген жағдайда пайдаланса да өзiнiң атауын көрсетуге немесе оны көрсетудi талап етуге құқылы.

Мұндай басылымдарға енгiзiлген туындылардың авторлары жалпы басылымға қарамастан өз туындыларын пайдалануға айрықша құқықтарын сақтап қалады.

Туынды шығармаларға авторлық құқық

Аудармашыларға және басқа да туынды шығармалардың авторларына өздерiнiң жасаған аудармасына, қайта жасағанына, музыкалық әуендерден немесе басқа да өңдеуден өткiзгенiне авторлық құқық берiледi.

Аудармашы және басқа да туынды шығарма авторы өзi аударатын, қайта жасайтын, музыкалық әуендейтiн немесе басқа да өңдеуден өткiзетiн туынды авторының авторлық құқығын сақтаған жағдайда өзi жасаған туындыға авторлық құқықты пайдаланады.

Аудармашылардың және басқа да туынды шығарма авторларының авторлық құқығы сол туындыларды өзге адамдардың аударуына және өңдеуiне кедергi болмайды.

Мүлiктiк емес жеке құқықтар

Автордың өз туындысына қатысты мынадай мүлiктiк емес жеке құқықтары болады:

  • туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);
  • туынды пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың шын есiмiнiң орнына лақап есiмiн (бүркеншiк есiмiн) көрсету және соны талап ету немесе есiмiн көрсетуден бас тарту құқығы, яғни жасырындық (есiмi аталу құқығы);
  • туындының атауымен қоса, оған қол сұғуға жол бермеу, туындыны кез-келген жолмен бүлдiруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың ар-ожданына яки беделiне нұқсан келтiре алатын басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделiн қорғау құқығы).
  • туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (жариялау құқығы).
  • Бұрын қабылданған шешiмнен пайдаланушыға келтiрiлген зиян, соның iшiнде оның айрылып, қалған пайдасы өтелген жағдайда автордың туындыны жариялау туралы ондай шешiмнен бас тартуға құқығы бар (керi қайтарып алу құқығы). Егер туынды жарияланып кеткен болса, автор оны керi қайтарып алатыны туралы жария түрде хабарлауға мiндеттi. Бұл ретте ол туындының бұрын дайындалған даналарын өз есебiнен қайтып алуға құқылы.

Автордың мүлiктiк құқықтарына қарамастан, оның мүлiктiк емес жеке құқықтары болады және оларды туындыны пайдалану жөнiндегi айрықша құқықтарын бiреуге берген жағдайда да сақтап қалады.

Авторды оның осы бапта көзделген мүлiктiк емес жеке құқықтарынан айыруға болмайды.

Автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтары осы Заңның 30-бабында белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

Мүлiктiк құқықтар

Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк (айрықша) құқығы бap.

Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:

  • туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);
  • туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген тәсiлмен тарату: сату, айырбастау, прокатқа (жалға) беру, өзге де операциялар жасау (тарату құқығы);
  • тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);
  • туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);
  • туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);
  • туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);
  • жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);
  • жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);
  • туындыны аудару (аудару құқығы);
  • туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы);
  • туындыны жалпы жұрттың назарына жеткiзу (жалпы жұрттың назарына жеткiзу құқығы)
  • Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жүзеге асыру құқықтарын бiлдiредi.

Егер туындының заңды түрде жарияланған даналары оларды сату арқылы азаматты айналымға түсiрiлсе, онда олардың автордың келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi.

Туындының түпнұсқасын немесе даналарын жалға беру (және көпшiлiкке жалға беру) арқылы тарату құқығы, ол даналарға меншiк құқығына қарамастан:

  • ноталық мәтiн түрiндегi музыкалық туындының
  • фонограммаға түсiрiлген туындының
  • дыбыс-бейнежазу туындысының
  • деректер базасының
  • ЭЕМ бағдарламаларының авторына немесе авторлық құқық иесiне берiледi.

Сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ жобаларын пайдалануға айрықша құқықтар мұндай жобалардың нақты iске асырылуын да қамтиды.

Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар, оның мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi.

Бейнелеу өнерi туындыларын еркiн пайдалану құқығы. Қадағалау құқығы

Бейнелеу өнерi шығармасының авторы туындының меншiк иесiнен өз туындысының көшiрмесiн жасау құқығын жүзеге асыруға мүмкiндiк беруiн талап етуге құқылы (қол жеткiзу құқығы). Бұл орайда туындыны меншiк иесiнен туындыны авторға жеткiзiп берудi талап етуге болмайды.

Бейнелеу өнерi туындысының түпнұсқасын жария түрде (аукцион, бейнелеу өнерiнiң галереясы, көркемдiк салоны, дүкен және сол сияқтылар арқылы) қайталап сатқан әрбiр жағдайда мұндай бейнелеу өнерi туындысын меншiктену құқығынан бiрiншi рет айырылғаннан кейiн автордың немесе оның мұрагерлерiнiң сатушыдан қайталап сату бағасының бес процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқығы бар (қадағалау құқығы). Авторды тiрi кезiнде аталған құқықтан айыруға болмайды және ол заң бойынша немесе қалдырған өсиетi бойынша авторлық құқық мерзiмiнде тек қана автордың мұрагерлерiне көшедi.

Бейнелеу өнерi туындысына меншiк құқығының автордан басқа тұлғаға ауысуы (өтеулi немесе өтеусiз) осы туындының бiрiншi рет иелiктен айырылуын бiлдiредi.

Туындыны жеке мақсатта автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеу

Заңды түрде жарияланған туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей жеке тұлғаның тек өз мақсаты үшiн және табыс алмай, осы Заңның 26-бабында көзделген реттердi қоспағанда, жалғыз дана етiп көшiрмелеуiне жол берiледi.

ережесi:

  • үйлер және солар сияқты ғимараттар түрiндегi сәулет өнерi туындыларын көшiрмелеуге;
  • деректер базаларын немесе олардың елеулi бөлiктерiн көшiрмелеуге;
  • осы Заңның 24-бабында көзделгендерден басқа реттердi қоспағанда, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды көшiрмелеуге;
  • кiтаптарды (толығымен) және нота мәтiндерiн репродукциялауға (репрографиялық қайта шығаруға) қолданылмайды.

Туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану

Автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдалынатын автордың есiмiн және қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, шығарманы пайдалануға мынадай жағдайларда жол берiледi:

  • заңды түрде жарияланған туындылардан түпнұсқа күйiнде және аударма түрiнде ғылыми, зерттеу, пiкiрталас, сыни және ақпараттық мақсатта, баспасөзге шолу ретiнде газеттер мен журналдар мақалаларынан алынған үзiндiлерiн қоса алғанда, дәйексөз алу мақсатына сай көлемiнде дәйексөз алу;
  • заңды түрде жарияланған туындыларды және олардан алынған үзiндiлерiн оқыту сипатындағы басылымдарда, радио және телехабарларда, дыбыс-бейнежазуларда алға қойған мақсатқа сай көлемде пайдалану;
  • ағымдағы экономикалық, саяси, әлеуметтiк және дiни мәселелер бойынша газеттерде немесе журналдарда заңды түрде жарияланған мақалаларды немесе эфирге берiлген осындай сипаттағы туындыларды жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн, автор тарапынан мұндай көшiрмелеуге, эфирге беруге немесе хабарлауға арнауы тыйым салынбаған жағдайларда, газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау;
  • көпшiлiк алдында сөйленген саяси сөздердi, үндеулердi, баяндамаларды және басқа осы сияқты туындыларды ақпараттық мақсатқа сай көлемде жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;
  • ағымдағы оқиғалар барысында көрiнген немесе естiлген ағымдағы оқиғаларды суретке түсiру немесе кинематография құралдары, эфирге тарату немесе жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн кабель бойынша хабарлау арқылы ақпараттық мақсатқа сай көлемде шолуларда көшiрмелеу немесе көпшiлiк назарына арналған хабар. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;
  • заңды түрде жарияланған туындыларды бедерлi-нүкте жазумен немесе зағип адамдарға арналған басқа да арнайы тәсiлдермен, осылайша көшiрмелеу үшiн арнайы жасалған туындыларды қоспағанда, пайда таппай көшiрмелеу.

Еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған туындыларды еркiн пайдалану

Туындыны бейнелеу қайта шығарудың, эфирге берудiң және (немесе) кәбiл бойынша жалпыжұрттың назарына хабарлаудың негiзгi объектiсi болатын немесе туындыны бейнелеу коммерциялық мақсат үшiн пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған сәулет, суретке түсiру, бейнелеу өнерi туындыларын автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей қайта шығаруға, эфирге беруге және (немесе) кәбiл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлауға жол берiледi.

Авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi

Авторлық құқық автордың бүкiл ғұмыры бойы және қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

Авторлық құқығын, оның есiмнiң құқығын және автордың беделiн қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.

Жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған туындыға авторлық құқы ол туынды заңды түрде жарияланған күннен кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды. Егер аталған мерзiм iшiнде жасырын немесе бүркеншiк атпен шығарылған туындының авторы өзiнiң шын есiмiн немесе оның кiм екенi ендiгi жерде күмән туғызбаса, осы баптың 1-тармағының ережесi қолданылады.

Тең авторлар жасаған туындыға авторлық құқық өмiр бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмiр сүрген ең соңғы автор қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

Автор қайтыс болғаннан кейiн отыз жыл iшiнде бiрiншi рет жарыққа шығарылған туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде ол жарыққа шыққаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

Егер автор қуғын-сүргiнге ұшырап, қайтыс болғаннан кейiн ақталса, онда құқық қорғаудың осы бапта көзделген мерзiмi ақталған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес туындыға қорғау берiлген кезде, осы Заңның 5-бабының 4-тармағына сай авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiн туындының шыққан елiнде белгiленген мерзiмнен асыруға болмайды.

Туындылардың қоғамдық игiлiкке айналуы

Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуi олардың қоғамдық игiлiкке айналғандығын бiлдiредi.

Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды кез-келген адам авторлық сыйақы төлемей еркiн пайдалана алады. Бұл орайда авторлық құқық, автор есiмiнiң құқығы мен оның беделiн қорғау құқығы сақталуға тиiс.

Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды пайдаланушылар авторлардың шығармашылық қызметiне ықпал ету, олардың материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында авторлардың кәсiби қорына немесе авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдарға қаржы аударуға ерiктi.

Авторлық құқықтың ауысуы

Авторлық құқық шарт бойынша және мұра ретiнде берiледi.

Авторлық құқық мұрагерлiк тәртiбiмен заң бойынша немесе өсиет бойынша ауысады.

Өсиет орындаушыны тағайындайтын тәртiп бойынша автор өзiнiң мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды жүктейтiн адамды көрсетуге құқылы. Мұндай адам өз өкiлеттiгiн өмiр бойы атқарады. Автордың мұндай нұсқауы болмаған жағдайда автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды оның мұрагерлерi, егер мұрагерлерi болмаса немесе олардың авторлық құқығы тоқтатылған болса, Қазақстан Республикасының мұндай қорғауды жүзеге асыратын уәкiлдiк берiлген органы атқарады.

Әдебиет

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}