Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрi

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

20-жылдардағы қоғамдық-саяси өмірдің сипаты

Бұл жылдары Қазақстанның барлық аймағында Кеңес өкіметі кең қанат жайып, өзінің өктемдігін толық жүзеге асыра бастады. Қосшылар одағы, шаруалардың өзара көмек комиттері сияқты басқа да қоғамдық ұйымдар маңызды жұмыстар атқарды. Ауылдық-селолық жердегі 20-жылдары жүргізілген басқа да бұқаралық іс-шаралардың бәріне шаруалар ұйымдары қатысқан. Шаруалардың бұқаралық ұйымдарының жасампаздық қызметі 30-жылдардың басына қарай тоқтатылды. Сталиндік, голощекиндік ұжымдастыру басталып, демократияның шектелуіне байланысты жоғарыда аталған бұқаралық ұйымдар, алдымен, Қосшы одағын таратып, мүліктер мен оларға қарасты кәсіпорындарды ұжымшарлардың бөлінбес қорына берді. 20-жылдардағы қоғамдық-саяси өмірді сөз еткенде төмендегі мәселеге ерекше назар аудару қажет. Осы кезден бастап сталинизмнің идеологиялық аппараты халықтардың тарихи зердесін жоюға кірісті. Бұл зерденің иелері ұлттық зиялы топтың көрнекті өкілдері болатын. Соларға қысым көрсетуге бағытталған кең көлемді шаралар жүргізіле бастады. Кеңестік Шығыс халықтары мен ішінара Еділ бойының халықтары жүздеген жылдар бойы араб әліпбиін пайдаланып келгені мәлім. Араб әліпбиі жоғарыдан берілген бұйрық бойынша 1929 жылы латын әліпбиіне, ал 1940 жылы кириллицаға көшірілді. Осының салдарынан қазақтар бір ұрпақтың өмірінде ғасырлар бойы ұлттық мәдениеттің інжу-маржандары саналып келген кітаптар, газет-журналдар, ғылыми еңбектер, бағалы тарихи материалдарынан айырылды.

Республикада партия мен комсомолдың орталық органдарының құрылуы

1921 жылы құрылған облыстық партия ұйымы 1925 жылы өлкелік болып өзгертілді. 1921 жылы Орынборда Қазақстан комсомолының І съезі болып өткеннен кейін жастар ұйымдары да өздерінің қызметін жандандыра түсті. Қазақстан комсомолының тарихында Ғани Мұратбаевтың (1902-1925 жж.) орны ерекше. Қысқа өмір сүрсе де Қазақстан комсомолы тарихында өшпес із қалдырды.

Ғани Мұратбаев

Қазақстан мен Орталық Азия комсомолының аса көрнекті ұйымдастырушыларының және басшыларының бірі, ол қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында 1902 жылы 3 маусымда дүниеге келген. Кеңес өкіметі орнасымен ол Қазалы уездік Кеңесі атқару комитетінің мүшесі болды. 1918 жылы Ғани Мұратбаев Ташкенттің кеңес- партия мектебіне оқуға түседі. 1920 жылы ол Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды. Самарқан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істеді. 1920 жылы қазанда Ғани Мұратбаев комсомолдың ІІІ съезінің жұмысына қатысты. 1921 жылы Ғ.Мұратбаев Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Жастардың Коммунистік Интернационалының (КИМ) ІІІ конгресінде ол Жастардың Коммунистік Интернационалы атқару комитетінің мүшесі, ал 1923 жылы Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды. 1923 жылдан бастап Ғ.Мұратбаев Мәскеуде жұмыс істеді. Ол Жастардың Комммунистік Интернационалының Шығыстағы еңбекші жастар бөлімін басқарды. Ғани 1925 жылы 15 сәуірде Мәскеуде қайтыс болды. Ол, алдымен, Қазақстан мен Орталық Азия республикаларының жастарын оқуға тартуға, кәсіптік маамндықты тезірек үйренуіне күш салды. Қазақстан жастары өз қатарынан Ғ.Мұратбаев сияқты халықаралық коммунистік жастар қозғалысының тамаша қайраткерлерін өсіріп шығарғанын мақтан етеді. Қазақстан жұртшылығы 2002 жылы оның туғанына 100 жыл толуын құрметпен атап өтті. Бұл жылдары Қазақ АКСР үкіметі Мәскеуден келген нұсқауларды басшылыққа ала отырып, Кеңес өкіметін одан әрі нығайтумен қатар, өз тарапынан ескіліктің «сарқыншақтарын» жоюмен де айналысты. Жергілікті жерде өтіп жатқан сайлаулардан байлар, діни қызметкерлер, имамдар шеттетілді. Мәселен, күйеуге беретін қыз үшін қалың мал алуды жою, көп әйел алуға, әмеңгерлікке тыйым салу туралы Декреттер қабылдап, оларды халық арасында кеңінен насихаттады. Әйелдер тағдырына қатысты осы және басқа да қаулы қарарлар мен Декреттерді жүзеге асыруға Н.Құлжанова, Ш.Иманбаева және басқалар белсене қатысты.

Нәзипа Құлжанова

(1887-1934 жж.) - бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданында туған. Ол Ы.Алтынсарин ұйымдастырған мектепте оқып, кейіннен Қостанайдағы гимназияға түседі. Бұны бітірген соң, Орынбордағы мұғалімдер семинариясында оқып, оны үздік бітіреді. 1904 жылы Семейдің мұғалімдер даярлайтын семинариясына оқытушы болып орналасады. Осы жылдардан бастап қоғамдық істерге белсене араласады. Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына байланысты кеш ұйымдастырып (1914 ж.), орыс және қазақ тілдерінде баяндама жасайды. 1920-1922 жылдары-Ақмолада мұғалім, 1923-1925 жылдары- «Қызыл Қазақстан» журналының, 1925-1929 жылдары- «Әйел теңдігі» журналының жауапты хатшысы болды. Орыс тілінен аудармалар жасады (М.Горький, В.Г.Короленко, А.Куприн, Б.А.Лавренко, А.Скиталей, т.б.). Нәзипа орыс тіліндегі еңбектерді сол тұстағы қазақ жағдайына бейімдей отырып «Ана мен бала» атты кітапты жазады (1927 ж.).Бұл сол кездегі жағдайға байланысты медициналық ағарту жұмысының талабынан туған дүние болатын. 1923 жылы шыққан «Мектептен бұрынғы тәрбие» кітабы қазақ педагогикасында сәбилер тәрбиесіне арналған алғашқы әдістемелік құрал. Мұнда мектепке дейінгі балаларға арналған мекемелердің тарихы, олардың отандық және шетелдік үлгілері сөз болады. Мектепке дейінгі тәрбиенің мәні мен оның қазақ жеріндегі ерекшеліктері де ашылады. Ол табиғатты сүю мен еңбекке тәрбиелеуді баса көрсетіп, екеуін де өзектес мәселе деп қарайды. Өзі де Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелер ұйымдастыру ісіне белсене араласады. Ауылдық жерде мәдени-ағарту жұмыстарының өрістеуі. Ауылдық жерлердегі қызыл отаулар мәдени-ағарту жұмысының нағыз орталығына айналды. өкіметті қарапайым халықпен жақындастыру, халық өкілдерін мемлекетті басқару ісіне араластыру, еңбекшілердің өкіметке деген сенімін арттыру, ұлттар арасындағы туысқандық қатынасты нығайту мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен,Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі 1923 жылы «Қырғыз (қазақ) және орыс тілдерін қолдану туралы» декрет шығарады. Онда Орталық өкімет пен үкімет атынан шығарылатын заңдарды, губерниялық ұйымдардың нормативтік актілерін қазақ және орыс тілдерінде жариялау көзделді. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті «қырғыз (қазақ) тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» Декрет шығарды. 30-жылдардағы қоғамдық-саяси жағдай БК (б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшылығына 1925 жылы қыркүйекте орталықтан жіберілген Ф.И.Голощекиннің келуіне байланысты республикаға қысым жасау саясаты күшейіп, бұл ерекше қатаң сипат алды. Ол Сталиннің қатаң бағытын, аймақтық көсемшілдік идеясын жақтады. Ол ауыл «Қазан» лебін сезінген жоқ, «1925 жылдың күзіне дейін бізде Қазақстан мен оның партия ұйымында өзгеріс болған жоқ» деп дәлелдеп бақты. «Кіші Қазан» төңкерісін өткізу идеясын ұстанды. Бірақ бұл саясат елеулі қарсылыққа ұшырады. Алайда, голощекиндік-сталиндік үлгі бойынша «қайта құрумен» келіспеген көрнекті жауапты қызметкерлер қуғындала бастады. 1927-1929 жылдары әр түрлі сылтаулармен белгілі мемлекет қайраткерлері Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев республикадан аластатылды. Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев, Халық ағарту комиссары С.Сәдуақасов және басқалар қызметінен алынды. Бұл зиялы топ Қазақстандағы голощекиндік саясаттың қателігіне алғаш республиканың бірінші басшысының өзін, одан соң оның Мәскеудегі «қожасы» И.Сталиннің көзін жеткізуге әр түрлі жолдармен әрекет жасап бақты. Бірақ оларға « жікшілдік күреске қатысты» деген кінә тағылды. Орталықта троцкишіл-зиновьевшіл оппозициямен және «оңшыл оппортунистермен» күрестің күшеюінен ұлттық рсепубликаларда ұлт-азаттық қозғалысының өкілдерін жазалау түрінде қатаң шаралар қолданыла бастады. 1928 жылы «буржуазиялық ұлтшылдар» деп аталғандардың, бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адамға жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың арасында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М,Жұмайбайұлы, Ж.Аймауытов және басқалар бар еді. Құрамында М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев және басқалары бар ұлттық зиялылардың екінші тобы (40 адамдай) 1930 жылы қыркүйек-қазан айларында қамауға алынды. Бұлардың бәрі дерлік 1937-1938 жылдары жазықсыз жазаланды. 30-жылдардың басында КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы дағдарыс шиеленісе түскен сайын Кеңеске қарсы зиянкес элементтер мен астыртын ұйымдарды іздеу кең өріс ала бастады. Қазақстанда ұлтшылдық бағыттағы «жауларды» іздеу басталды. Қазақстан партия ұйымына «меңдешевшілдік», «қожановшылдық», «сейфуллиншілдік» деп аталатын айдар тағылып, партия ұйымдарын қудалау жүргізілді. Олар, негізінен, троцкийшілдердің, оңшыл және «ұлтшыл ауытқушылардың» қатарында болды немесе соларға жаны ашыды деп айыпталды. 1937-1938 жылдардағы қатаң жазалау кезінде республика бойынша партия қатарынан 9223 адам халық жауы ретінде аластатылған. 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін саясатынан Кеңес өкіметін оранту жолында, коммунистік идеяларының салтанат құруы үшін күрескендер де құтыла алмады. БК (б)П Орталық Комитетінің Қазақстанға жіберген көптеген өкілдері, партияға берілген адал да тәжірибелі қайраткерлер құрбан болды. Олардың арасында кәсіпқой революционер В.Н.Андронников, 1917 жылдан партия мүшесі Л.И. Мирзоян, азамат соғысына қатысушы К. Рафальский және тағы басқа көптеген адамдар болды.

Қазақ АКСР-інің одақтас республика болып құрылуы

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО Кеңестерінің төтенше VІІІ съезінде Кеңес мемлекетінің жаңа негізгі заңы-КСРО Конституциясы қабылданды. Осы заң бойынша бұған дейін кейбір автономиялы рсепублика болып келгендер одақтас республикаларға айналды, солардың бірі-Қазақстан еді. Енді ол Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы болып, он бір одақтас республикадан тұратын КСРО-ның құрамына кірді. 1937 жылдың наурыз айында Қазақстан кеңестерінің төтенше Х съезі Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын қабылдады. Онда бүкіл елдегі сияқты, республикада да социализм негіздері құрылғаны, өндіріс құрал-жабдықтарына қоғамдық меншік және шаруашылыққа жоспарлы басшылық нығайғаны, адамды адамның қанауы жойылып, тең құқықты қатынастардың қалыптасқаны, халықтар ынтымақтастығының жолға қойылып, экономика мен мәдениет өрлеуінің жүзеге асырылғаны, дамығаны атап көрсетілді. Қазақ КСР-інің саяси негізі- еңбекшілер депутаттарының кеңестері, экономикалық негізі-социалистік шаруашылық жүйесі және өндіріс құралдары мен құрал-жабдықтарына социалистік меншік болатыны атап айтылды. Қазақ КСР-і КСРО құрамына ерікті негізде енеді және мемлекеттік, экономикалық, мәдени құрылыс міндеттерін шешуде барлық құқықтарға ие болады деп көрсетілді. 1937 жылдың желтоқсанында КСРО ел еңбекшілері КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауын өткізді. КСРО Жоғарғы Кеңесіне республикадан 44 депутат сайланды, олардың ішінде шахтер Т. Күзембаев, мұнайшы С.Зұрбаев, комбайншы И.Логвиненко, сауыншы С. Оңғарбаева, флотатор Ә.Әлімжанов және басқалар болды. 20-30 жылдар кезеңін қорытындылай келе, Кеңес елін мекендеген басқа халықтар сияқты қазақ халқы да қайшылықтар мен қиындықтарға толы қаһармандық жолдан өтті деуге болады. Біріншіден, қазақ халқының саяси теңдікпен, аумақтық автономия болу құқығына қолы жетті. Мәдениет пен білім беру саласында да табысқа ие болды. Осының бәріне ұлт-азаттық күресінің тынысы, халықтың әділеттікке, иманды қоғамға сенімі әсер етті. Екінші жағынан, экономика мен мәдениет салаларындағы қол жеткен табыстар тым қымбатқа түсті. Тоталитарлық, казармалық жүйе орнықты.

Глоссарий:

Рабфак - 1919-1940 жылдары кеңестік елдегі жұмысшы, шаруа жастарын жоғары мектепте оқу үшін даярлайтын жұмысшы факультеті. Коммуна - мүлік және еңбек бөлісіне негізделген, бірігіп өмір сүретін адамдар ұжымы. Түсті металлургия-өндіретін, оларды байытатын түсті металдар мен олардың қорытпаларын құйып, өңдейтін ауыр өнеркәсіптің саласы. Қара металлургия- руда және руда емес, шикізат өндіретін және байытатын, отқа төзімді материалдарды, кокс химия өнеркәсібінің өнімдерін, шойын, болат, прокат, темір қорытпаларын өндіретін ауыр өнеркәсіптің саласы. Жоспарлау- экономикалық және әлеуметтік дамуды, сондай-ақ осы дамуды жүзеге асыруға байланысты іс –шаралар кешенін әзірлеу.

Тағы қараңыз

Дереккөздер

Қазақстан тарихы 11 сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт, Алматы «Мектеп» 2007 ж Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы «Дәуір» баспасы, 1994 ж.