Қазақстанның көне қалалары және қала жұрттарының үлгілері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Ancient Taraz Kazakhstan.jpg
Қазіргі Тараз аймағы

Қалалар мен қалалы қоныстар

Қалалар саны және қала жұрттарының үлгілері

Жаңа археологиялық материалдың жинақталуы, бұрын белгісіз болып келген қала жұрттарының ашылуы тарихи қартаға алдыңғы ортағасырлық қалаларды, қоныстар мен басқа да елді мекендерді неғұрлым толық орналастыруға мүмкіндік береді. Оңтүстік Қазақстанның тау етегіндегі ең ірі қала Испиджаб саналады. Ол 629 жылы Сюань-Цзянның жылнамасында «Ақ өзендегі қала» атымен алғаш рет аталады». Кейініректе Махмұд Қашғари былай дейді: «Сайрам — ақ қаланың аты (Эл-Мединат эл-Байда), ол Испиджаб деп аталады. Оны «Сайрам» деп те айтады». Сайрам деген атаумен қала осы кезге дейін жетті және оның аумағындағы қираған қала жұртының орны орта ғасырлардағы Испиджабқа сәйкес келетініне күмән жоқ.

Испиджабқа жақын жерде, одан Шашқа баратын жолдың бойында Газгирд қаласы жатқан. Орта ғасырларда жол Тұрбат асуынан өтіп, Сайрамға барған. Қазіргі Шарапхана ауылының аумағынан VII — X ғасырларда болған қаланың жұрты табылды, оны Газгирд деуге болады. Ертедегі Газгирд топонимінің қазіргі Қазығурт атауында сақталып қалған болуы мүмкін. Ташкент пен Шымкент арасындағы тау сілемдері солай деп аталады, қаланың қираған жұрты соның етегінде жатыр. Испиджабтың шығыс жағында Шаpaп, Будухкет, Тамтаж, Абараж және Жувикат қалалары мен елді мекендері болған. Алдыңғы екі қалаға арақашықтағы деректемелерде фарсах есебімен (Сайрамнан және бір-бірінен шақырым есебімен) көрсетілген қала орындары сәйкес келеді. ШарапқаТөрткөл, Балықшы, Будухкетке Қазатлық қалаларының жұрты сай келеді. Тамтаж мен Абараж, керуен сарайлар болса керек.

Қазақстанның оңтүстігіндегі қала жұрттарына құрылымында арқа — ішкі қамал, шахристан—дуалмен бекіндірілген қала және рабад - қала төңірегіндегі сауда-қолөнер орны болатын топография тән. Шахристанда бай шонжарлардың, ірі саудагерлер мен дінбасылардың үйлері, сарайлар орналасты. Алайда Орта Азияға тән қалыптағы Пенджикенттегі археологиялық қазбалар қала өмірінің бастапқы кезендерінде-ақ шахристанда шонжарлармен және көпестермен қатар қолөнершілер мен ұсақ саудагерлердің де тұрғанын және алдыңғы орта тасырлардың өзінде қала колөнер мен сауданың қалыптасқан орталығы болғанын көрсетті. Жазбаша деректемелердегі қалалармен, сол кезеңнің түсінігінде қалыптасқан қала үлгісімен сәйкес келетін қала жұрттарын да қалалар қатарына жаткызу керек. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың алдыңғы орта ғасырлардағы қалаларының жұрттарын анықтаған кезде мынадай белгілердің жиынтығы: көлемі мен құрылымы (қамал және бүкіл көлемі немесе қамал мен шахристан); бекіністері; мәдени қабатының байлығы; археологиялық кешені пайдаланылады.

Осындай сан және сапа белгілеріне сүйенгенде, Оңтүстік Қазақстандағы алдыңғы орта ғасырлардағы барлық қалалар саны 33 болады. Алайда Оңтүстік Қазақстанның барлық қалалары неғұрлым кейінгі уақытта да өмір сүргендіктен, қала орындарының кейінгі мәдени қабаттары ертедегі қалалардың көлемін анықтауға және олардың үлгілерін жорамалдауға мүмкіндік бере бермейді. Жетісудың оңтүстік-батысында, керісінше, бұған толық мүмкіндіктер болды. Жазбаша деректемелерге қарағанда, мұнда VII — X ғасырларда 27 қала мен қоныс болған, олардың көпшілігі нақты қала жүрттарымен сәйкестендірілді.

Ал Шу және Талас аңғарларындағы аумақта барлығы 36 қала жұрты табылып, олардағы VII — IX ғасырлардың мәдени кабаттары анықталды. Қалалар кейінгі кезге дейін емір сүрген. Олардың топографиясында өзіндік ерекшелік кездеседі. Қала жұрттарында қамал мен шахристаннан тұратын «орталық бөлік» ерекше көрінеді. Орталықтағы құлаған үйінділерге ұзындығы үш шақырымнан ондаған шақырымға дейін жететін дуалмен қоршалған аумақ жапсарласып жатады.

«Ұзын дуалды» қалалардың орналасуында қатаң зандылық бар: Талас аңғарында олар бір-бірінен 152—20 шақырым қашықтықта аңғарлардың ең қолайлы жерлерінде, Таласқа ұсақтау өзендерінің құятын сағаларында орналасқан. Шу аңғарында қалалардың орналасу зандылығы одан да айқын— он үш қала тау етегіндегі аймақта тау өзендері ағып шығатын жерлерде бір-бірінен 15—35 шақырым қашықтықта орналасқан; қалғандары Қырғыз жотасы тауларынан өзендердің Шуға келіп құятын жерлерінде солтүстік жақтағы ішкі тізбекті құрайды.

Қалаларды сипаттап топтаған кезде қала орындарының көлемі мен топографиясы және жазбаша деректердің мәліметтері пайдаланылды, нәтижесінде қалаларды үш топқа бөлуге мүмкіндік болды. Бұлар: астаналық және ірі қалалар — Тараз, Суяб, Невакет жоне Нузкет, олар Жетісудың оңтүстік-батысындағы Жамбыл, Акбешім, Қызылөзен және Шитөбе сияқты ірі қала жұрттарына сәйкес келеді. Орташа топқа Таластағы Ақтөбе қаласының жұрты деп саналатын Текабкет және тиісінше: СусШалдовар, Мирки, Аспара, ЖолСоқылық, Харранжуван — Беловодск бекінісі.

Қала махалласы және тұрғын үй

Қалалардың шахристандары махаллаларға топтастырылып, үйлер тығыз салынған. Қалалардың махаллаларға бөлінуі феодалдық қоғам үшін заңды болатын. Ол туыстық дәнекермен, ортақ кәсіппен, дінмен топтасқан адамдардың сол қоғамға тән топ болып тұйықталуына байланысты еді. X ғасырдагы автор Нершахидің «Бухара тарихы» еңбегінде «ку»және «махала»(«махаллат») терминдері кездеседі, олар махаллаларды білдірген. Орта ғасырлардағы қала жұрттарын зерттеушілер «махалла» ұғымын кеңінен қолданады.

Алайда археологиялык әдебиетте «махалла»терминінің кеңінен пайдаланылғанына қарамастан, бұл ұғым осы кезге дейін бірыңғай түсінілмей келеді. Әдетте, махалла деп қала құрылысының бүгінгі ұғымы айтылады, ал оның түп тамыры антик дәстүрінде жатыр, ол кезде көшелердің тік бүрышты аумағы тұрақты жоспарланған тұрғын үй алаптарымен үш тасып жатқан.

Қалалық тұрғын үй

Қазба жұмыстары Оңтүстік Қазақстанның ертедегі орта ғасырлардағы қалалық тұрғын үйі туралы түсінік алуға мүмкіндік берді. VI—VH ғасырлардың бірінші жартысына үйлердің екі үлгісі тән. Бірінші үлгідегі үй - бір бөлмелі, тік бұрышты жоспармен салынған. Осындай көлемі 43 шаршы метр болатын үйлердің бірінде ұзындығы 4 метрлік иілген дәліз бар. Кіреберісі тамбур пішіндес. Батыс және солтүстік қабырғаларын бойлай ортасына қарай шығыңқы келген сөрелі сөкілер орнатылған. Сәкілердің ені 1 м, шығыңқы жері — 1,2 м, биіктігі 40-45 см. Кіреберістің қарсы алдынан ортаға ернеулері балшықпен сыланған көлемі 1x1,5 м болатын тік бұрышты жер ошақ қазылған. Кіреберістің сол жағында, тамбурда қалыңдығы 0,3 м қабырғада көлемі 0,2x0,2 м болатын екі камин (қабырғадағы ошақ) орналасқан. Оңтүстік-шығыс бұрышы саз қалқамен бөлінген, бұл — шаруашылық бөлімі, өзінше бір ас пісіретін алаң. Жайдың еденінен тік бұрышты төрт шұңқыр — тіреуіш бағаналардың орны тазартылды. Төбесінен, жарық түсетін әрі түтін шығатын тесік жасалған болса керек. Сонымен бірге түтін есіктен де шыққан, сондықтан да ошақ пен каминдер есікке жақын тұрды.

Қорғаныс құрылыстары

Әзірше олар да жеткіліксіз зерттелген. Оңтүстік Қазақстанда Құйрықтөбе қамалының бекіністі дуалын зерттегенде оның күйдірілген балшық блоктарынан қаланып, ені 2,7 м болғанын көрсетті. Оның бұрыштарына ішкі жағында шағын орындары бар жартылай дөңгелендіріп мұнаралар салынған.

Алдынғы орта ғасырлардағы замоктар мен қалалардың дуалдары қабырға ішінде жоғарғы жағынан қалқалап жабылған алаң қайды алмастыратын галереялары жоқ іргелі ғимараттар болған. Құйрықтөбе сарайындағы салтанат залының ішкі көрінісі бейнеленген күйдіріп өрнектелген тақтада замок дуалы нақ солай көрінеді. Жетісудың оңтүстік-батысындағы Қызылөзен қаласы орнының бекінісі мейлінше ерекше. Шахристанға да, қамалға да, зиратқа да бекініс тұрғызылған. Дуалдарға мұнаралар мен қақпалардың алдына құрылыстар салынған. Шахристанды сыртқы жағынан ені 50 метрге дейін жететін ор қоршап жатыр. Шахристанның бекініс дуалын көлденеңінен қазғанда мынадай құрылым анықталды: сазбалшықты тұғырға биіктігі 2,5 м болатын күйдірілген балшық блоктан дуал тұрғызылған. Оның ені — 2,5 м, биіктігі 5 м етіп қаланған жері сақталған. Ішкі жақтағы бекіністі дуал алдында құрылыс салынбаған бос алаң қалдырылған.

Қала зираттары

Қалалардың қасында зираттар болған. Бұл кездегі қабірлердің еңкөп таралған түрі күйдірілген балшық кесектер мен шикі кірпіштен салынып, төбесі күмбезделіп жабылған тік бұрышты құрылыстар болып келеді. Қазіргі кезде олар обалар түрінде сақталған.

Қазақстанда мұндай құрылыс тұңғыш рет Арыстың орта ағысындағы Бөріжар қорымынан табылды. Үйінділер астында басқа да құрылыстар - күйдірілген балшық кесектерінен қаланған тік бұрышты қоршаулардың қалдықтары (төбесі сақталмаған), ертедегі жер беті деңгейіне өзеннің малтатастары төселген, ал кей жағдайда ыдыстардың сынықтары төселген қабірлер болды. Неғұрлым ертеректе жерленгендері бір жаққа қарай ығыстырылып, кейін қайтыс болғандарды бұрынғының қасына қойылып отырғандықтан бір қабірге бірнеше кісі жерленген. Жерленгендер түрлі бағытта қойылған. Қорым обаларының биіктігі 3-4 м болған жағдайда диаметрі 20 метрге дейін жеткен. Бұл үлгідегі дағдылы қабірлер мына тұрғыда келеді: 32- обаның диаметрі 14—16,5 м және биіктігі 2 м сопақша үйінді түрінде болды. Оба үйіндісі астында тік бұрышты шошақ төбелі төмпешік жатыр. Жерлеу лақатының көлемі 7,5 шаршы метр. Оның ішіне ұзындығы 2,5 м, ал ені 0,75 м дәлізбен кіруге болады. Лақаттың еденінен қаңқалардың шашылып жатқан қалдықтары кездесті. Адамды жерлегенде қыш ыдыстар: шүмегі бар құмыралар, құятын ернеуі бар құмыралар, сырты қызыл бояумен жылтыратылған сапты аяқтар қоса салынған. Сондай-ақ сабы бар бір жүзді темір пышақтар, темір семсерлер табылды. Қару-жарақтар ішінен жебелердің үш қанатты темір ұштарын атап көрсеткен жөн.<ref>«Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59ISBN 978-601-282-027-0,1-т. ISBN 978-601-282-026-3</ref>

Дереккөздер

<references/>