Қазақстандағы алғашқы темір жолдар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Паровоз Х.jpg
Алғашқы паравоз

Алғышарттары

Қазақстанда өнеркәсіптің дами бастауы, өндірілген шикізаттарды тасып әкету үшін темір жолдар салу ауадай қажет болатын. Орыс фабриканттары Ресейді шығыстағы шет аймақтармен байланыстыратын темір жолдар салуды патша үкіметінен 19 ғасырдың 60 -70 жылдарының өзінде – ақ сұраған болатын. Ташкенттен шыққан түйе керуені Орынборға 100 күн дегенде әрең жететін. Мұндай жағдай сауда – саттық пен өнеркәсіптің жедел дамуына көп кедергі келтірді.

Темір жолдардың салына бастауы

19 ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында темір жол магистральдары салына бастады. 1891 – 1893 жылдары ұзындығы 369 км Покровская слобода – Орал темір жол желісі тартылды.

1894 жылдан бастап Челябі мен Омбы арасында темір жол қатынасы орнады. 1901 – 1905 жылдары Орынбор – Ташкент темір жолы салынды. Оның ұзындығы 1668 км – ді құрады. Сөйтіп 1905 жылы Қазақстан аумағындағы темір жол желісінің жалпы ұзындығы 2000 километрге жуық болды.

Қазақтардың темір жол құрылыстарына қатысуы

Сол кездері қазақ халқының арасында темір жол құрылысында жұмыс істеп, табыс тауып қайту кіңінен өрістеді. Орынбор – Ташкент темір жолын салуға 40 мыңға жуық қазақ қатысты. Маусымдық жұмыстарда істегендердің көпшілігі кейін темір жол бойында жұмысқа орналасып, қазақтың кәсіби жұмысшы тобының қатарын қалыптастырды. Кейде қазақтар өздерінің туған өлкесінен тыс жерлерге де барып жұмыс істеді. Мәселен, 1895 жылы Семей облысы Павлодар уезінің 2 мыңға жуық қазағы Тайга бекетіндегі темір жол құрылысында еңбек еткен. Тап сол жылы 2,5 мыңға тарта қазақ Ачинскіге таяу жерде темір жолдың Орта Сібір учаскесінің құрылысында жұмыс істеді.

Темір жолдардың маңызы

Қазақстаннан темір жолдар арқылы ауыл шаруашылық шикізаттары тасылды. Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан мақта, жеміс – жидектер жөнелтіліп жатты. Қазақстанға темір жолдар арқылы егіншілікке қажетті машиналар мен еңбек құралдары жеткізілді. Сондай – ақ, көп мөлшерде ағаш бөренелер, құрылыс материалдары, мануфактура өнімдері, қант және шай әкелінді.<ref>Қазақстан тарихы. Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық / Қабылдинов З.Е., Л.Қайыпбаева А.Т. Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы. ISBN 9965-34-816-2</ref>

Дереккөздер

<references/>