Электр доғасы

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Электр Доғасы, вольта доғасы – разрядтық құбылыстары жіңішке әрі өте жарық плазмалық жолақ ішінде өтетін газдағы электр разрядтарының бір түрі. Ауадағы екі көмір электрод арасындағы Э. д-н тұңғыш рет 1802 ж. В.В. Петров байқаған. 1808 – 09 ж. Г.Дэви Э. д-ның табиғатын тексеріп, оны вольта доғасы (А.Вольтаның құрметіне) деп атады. Электродтар көлденең орналасқанда плазмалық жолақ қызған газ разрядының әсерінен доға пішініне келеді. Э. д. қалыпты атмосф. қысым мен одан да жоғары қысым аралығында кез келген газда байқалады. Қалыпты атмосф. қысымда және ток күші бірнеше амперге тең болған кезде, Э. д-ндағы плазмалық жолақтың температурасы 500 К-ге, ал қысым мен токтың үлкен мәнінде оның температурасы 12 000 К-ге дейін жетеді. Егер электродтар қуатты газ ағынын тудырса, онда плазмалық жолақтың температурасы 50000 К-ге жетеді. Э. д-ның вольт-амперлік сипаттамасы кемімелі болып келеді, яғни ток күші артқанда электродтар арасындағы кернеу азаяды. Э. д. электрметаллургияда, жарық техникасында, электрлік пісіруде қолданылады. Техниканың кейбір саласында (мыс, жоғары кернеу техникасында) Э. д. зиянды болып есептеледі. Мұндай жағдайда оны болдырмау шаралары қарастырылады.

Үлгі:Суретсіз мақала