Шәрелхан Әленұлы
Шәрелхан Әленұлы (21 мамыр 1942, Форт-Шевченко қаласы, Маңғыстау облысы) — педагог, ақын, өлкетанушы, халықтық педагогиканы зерттеуші, тіл және өнер саласының қайраткері.
Өмірбаяны
1949–1959 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы Тарас Григорьевич Шевченко атындағы орта мектепте білім алды. Мектепті бітіргеннен кейін сол мектепте пионерлер ұйымының аға жетекшісі, кейін бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастады.
1969 жылы Атырау (Гурьев) педагогикалық институтының сырттай бөлімін тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алды.
Еңбек жолы
1964–1973 жылдары Жетібай кентіндегі №3 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
1973–1981 жылдары Қарақия (бұрынғы Ералиев) ауданындағы №1 және №6 орта мектептерде директордың орынбасары қызметін атқарды.
1981–1984 жылдары Қарақұдық совхозының орта мектебінде директор болды.<ref>Қазақ Совет энциклопедиясы (12 томдық), Алматы, 1972–1978</ref>
1984–1988 жылдары Ақтау қаласының Қызылтөбе елді мекеніндегі №18 орта мектепте мұғалім, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1988–1994 жылдары Дәулет елді мекеніндегі №19 орта мектептің директоры болды.
1994–1995 жылдары Атырау педагогикалық университетінің Ақтау филиалында аға оқытушы қызметін атқарды.
1995–1999 жылдары облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының этнопедагогика зертханасының меңгерушісі болды.
1999 жылдан өмірінің соңына дейін этнопедагогика зерттеу кабинетінің меңгерушісі және №18 орта мектептің мұғалімі болып қызмет атқарды.
Шәрелхан Әленұлы халықтық педагогика негізінде құрылған «Мұра-мұрат» тәрбиелік жүйесінің авторы. 1992 жылы оның бастамасымен оқушыларды халықтық педагогика негізінде тәрбиелеуге бағытталған авторлық мектеп құрылды.
Оның педагогикалық және ғылыми-әдістемелік еңбектері облыстық «Маңғыстау», республикалық «Қазақстан мұғалімі» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланған.<ref>«Маңғыстау» энциклопедиясына, Компьютерлік-баспа орталығы, 2007</ref>
Еңбектері
Шәрелхан Әленұлының еңбектері облыстық және республикалық баспаханаларда жарық көрген.
Облыстық баспаханадан шыққан кітаптары:
- 1991 — «Жас ұрпақты халықтық педагогика тағлымдарына тәрбиелеу»
- 1993 — «Ата дәстүрі» (хрестоматия)
- 1994 — «Әдеп» хрестоматиясы (4 кітаптан тұратын)<ref>«Қазақ әдебиеті» энциклопедиясы, Алматы, 2001;</ref>
- 1994 — «Маңғыстау майталмандары»
- 1995 — «Асыл мұра»
- 1996 — «Халқымыз қандай тәлімгер»
- 1998 — «Ержан қазірет»
- 2000 — «Мұра-мұрат тәрбиелеу жүйесі» (тәжірибе)
- 2001 — «Сынып жетекшісіне көмек»
- 2001 — «Сезім иірімдері» (өлеңдер жинағы)
Республикалық баспаханаларда шыққан еңбектері:
- 1998 — «Халықтық тәрбие тағлымдары»
- 2002 — «Педагогика» (оқу құралы)