Шүлбі тұрағы
Шүлбі тұрағы, Шульбинка – Абай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген Қазақстандағы соңғы палеолит ескерткіші.
Орналасқан жері
Бородулиха ауданы, Жаңа Шүлбі ауылының оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс жақтарында, Ертіс өзенінің террасасында орналасқан.
Сипаты
1983 жылы Қазақстан ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының Шүлбі археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж. Таймағамбетов) тапқан.
Ертістегі бұл тұрақтан 5000 тас бұйымдар арасында қалақшалар, қыштар, өткір ұштар, кескіштер, түйрегіштер, алуан түрлі нуклеустер мен өндіріс қалдықтары кездеседі. Тас бұйымдардан басқа жұмыр тастардан қаланған, күл қабаты бар ошақтар табылды. Ал, ошақтардың айналасында едәуір қашық жерде диаметрі шағын және дөңгелек түрдегі қара дақтар жатыр. Бұлар тұрғын жайдың негізі болған ағаш діңгектердің қалдықтары болуы ықтимал. Жердің қолайлы орналасуы, биік жарқабақ, өзен, орман – осылардың бәрі адамдарға пана болған, ал, жаз кезінде күйдірген күн мен жаңбырдан бас сауғалап, уақытша тұрғын жай салған, мұны қара дақтар мен ошақ дәлелдейді. Сонымен қатар адам қабірі табылған. Онда сол қырынан жатқызылып, басы батысқа қаратылған. Өте тайызда жатқандықтан қаңқа өте нашар сақталған.
Шүлбі тұрағындағы пайдаланылған шикізат – халцедон, яшма, шақпақ тас және тау хрусталі. Бұдан көріп отырғандай, тас ғасырының алдыңғы дәуірімен салыстырғанда алуан түрлі тас түрлері және жергілікті жерден шықпағандары да пайдаланылған. Алтай мен Сібір тұрғындарынан да осыған ұқсас жиынтықтар табылған, мұның өзі олардың мерзімін 30-25 мың жыл деп белгілеуге мүмкіндік береді.<ref>Қ 18 Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2006. – 768 б.ІSВN 9965-26-175-Х</ref>
Алынған мәліметтер Шүлбі тұрағын байырғы адамдар бірнеше рет қоныстанғанын айғақтайды. Олар алғаш рет мустье, одан кейін соңғы палеолит пен мезолиттің бас кезінде Шүлбіде қоныстанып, аң аулағандығын және терімшілікпен айналысқандығын тас құралдарының жасалу технологиясы анықтап берді. Қазіргі таңда ескерткіш аумағының басым бөлігі су астында қалған.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том</ref>