Шолпан Бәкірова
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Шолпан Бәкірова (15.12. 1924 жылы туған, Алматы облысы Қаратал ауданы Жаңаталап ауылы - 2002 жыл) - актриса, Қазақстанның халық артисі (1980).
- Сахнадағы жолын 1941 жылы Қаратал ауылдық театрынан бастады.
- Кейін Талдықорған облысы қазақ драма театрында өнер көрсетті.
- 1960 жылдан Қызылорда облысы қазақ драма театрының актрисасы.
Оның актерлік өнерінің қалыптасуына Мұхтар Әуезовтің драматургиясы ерекше ықпал жасады. Еңлік (“Еңлік-Кебек”), Көклан (“Қарақыпшақ Қобыланды”) рөлдері арқылы өзінің нәзік сезімді әрі парасатты, лирикалық бағыттағы үздік сахна санаткері екенін танытты. Мұнан кейін Баян (Ғабит Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш - Баян сұлуында”), Ақтоқты (“Ақан сері - Ақтоқтыда”) сияқты арулар рөлдерін ойнаса, енді бірде Соқыр кемпір (Сәкен Жүнісовтің “Ажар мен ажалында”), Кемпір (Дулат Исабековтің “Мұрагерлерінде”), Толғанай (Шыңғыс Айтматовтың “Ана - Жер-Анасында”), Комиссар (В.Вишневскийдің “Оптимистік трагедиясында”), Таңқабике (М. Кәрімнің “Ай тұтылған түнінде”), Бибі (С.Жамалдың “Қара раушангүлінде”), Русудан (Г. Хухашвилидің “Өмір жолында”), Гонерилья (У.Шекспирдің “Король Лирінде”), т.б. рөлдерді орындаған. Бәкірова кейіпкерлерінің ішкі сезім дүниесін, қайшылыққа толы күрделі ой-мінезін терең ашып көрсеткен актриса.<ref>Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3</ref>
Дереккөздер
<references/>