Шегерім

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Sale Tags.jpg
Бөлшектеп сатуда қолданылатын шегерім құлақшасы

Шегерім (ағыл. discount, түрік. indirim) — тауарды сатушы өткізім нарығын кеңейту немесе сату көлемін ұлғайту, жекелеген шығынды жабу мақсатымен сатып алушыларға жеңілдік жасайтын сома. Ішкі және халықаралық саудада бағаны “саудаласып кеміту” әдісі ретінде пайдаланылады.

Шегерім мөлшері мәміленің сипатына, жеткізілім мен төлем шарттарына, сатып алушылармен өзара қарым-қатынасқа, мәміле жасасу сәтіндегі нарықтың жағдайына байланысты. Ішкі және халықаралық сауда тәжірибесінде шегерімнің 20-ға жуық түрі пайдаланылады. Ең кең таралған түрлері: жалпы (қарапайым) шегерім тауардың бағанамалық немесе анықтамалық бағасына беріледі (20 — 30%, кей ретте 40%-ға дейін жетеді). Мұндай шегерім машиналар мен жабдықтарға мәміле жасасу кезінде кең қолданылады; ерекше (сконто) шегерім тауарды қолма-қол есептесу кезінде беріледі (анықтамалық бағаның 2 — 3%-ын құрайды немесе ақша нарығында несие пайызының мөлшеріне сай келеді); айналым үшін шегерім (бонустық шегерім) арнаулы уағдаластық негізінде тұрақты сатып алушыларға беріледі (айналымның 15 — 20%-ы шегінде); мөлшер немесе сериялылық үшін шегерім сатып алушыға күні бұрын белгіленген тауарды тұрақты түрде сатып алу шартымен беріледі; дилерлік шегерім өндірушілер өздерінің тұрақты өкілдеріне немесе өткізу жөніндегі делдалдарына, соның ішінде шетелдік делдалдарына береді (орта есеппен бөлшек сауда бағасының 15 — 20%-ын құрайды); арнаулы шегерім тапсырысына сатушылар ерекше мүдделі пұрсатты сатып алушыларға беріледі.

Сурет:Giant Book Sale.JPG
Кітап дүкеніндегі 80%-ға дейін баратын жеңілдіктер

Бұл санатқа сатып алушыны қызықтыру мақсатын көздейтін сынамалық топтамалар мен тапсырыстарға шегерім, сондай-ақ қатынастың ұзақтығы, тапсырыстың тұрақтылығы үшін шегерім жатады; экспорттық шегерімді сатушылар шетелдік сатып алушыларға тауар сату кезінде ішкі нарықтағы сатып алушылар үшін қолданылатын шегерімнен тыс шегерім ретінде береді; маусымдық шегерім тұтынушыға тауарды немесе көрсетілетін қызметті белсенді маусым кезеңінен тыс кезеңде сатып алғаны үшін беріледі; жасырын шегерім тасымалға шегерім, жеңілдікті несие немесе пайызсыз несие түрінде, тегін қызмет көрсету, тегін үлгілерді беру жолымен беріледі; қайтару үшін шегерім сатып алушыға фирмадан бұрын сатып алынған ескірген үлгіні қайтару кезінде бағанамалық бағаның 25 — 30%-ы мөлшерінде беріледі. Автомобильдерді, электр жабдықтарын, жылжымалы құрамды, стандарттық өнеркәсіптік жабдықты, т.б. сату кезінде қолданылады. Ұсталған жабдықты сату кезіндегі шегерім кейде тауардың бастапқы бағасының 50%-ын және одан да көп мөлшерін құрайды; есептен шығару — бағанамалық бағадан шегерімнің басқа түрі. Мысалы, тауар айырбасын есепке алу — ескі тауарды өткізген жағдайда жаңа тауардың бағасын азайту; клубтық шегерімді ұлттық және халықаралық дисконттық клубтар өздерінің мүшелеріне береді, оны тауардың және көрсетілетін қызмет бағасының “клубтық баға шегерімі” деп те атайды. Мұндай шегерім тасымалға, жалдауға, автомашиналарға, мейманханалық және мейрамханалық қызмет көрсетуге, сақтандыруга кеңінен қолданылады.<ref>Қазақ энциклопедиясы, 9 том</ref><ref>Қаржы-экономика сөздігі. — Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007. ISBN 978-601-215-003-2</ref>

Дереккөздер

<references/>Үлгі:Economy-stub