Шабанбай Қалқаманұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Шабанбай Қалқаманұлы (1754, қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы1839, сонда) — би, арғынның қаракесек руынан шыққан.

Қаракесектің немересі Майқы, Майқының немересі Өтеміс. Шабанбай сол Өтемістің немерелерінің бірі Қалқаманның баласы. Замандастарының бағалауынша Шабанбай аса қарапайым, мейірімді адам болған. Зерек, зерделі, көкірегі қазына, ақылға бай, ойы терең, толғауы кең, топшылауы жүйрік, алғыр да тапқыр әділ би атанған. Зираты қазіргі Шет ауданының Кеншоқы өңірінде (қазірігі Нұра), Ақтоғай — Қарағанды тас жолының 103 км тұсында, өзен жағасында орналасқан. Ақтоғай ауданында Шабанбай би ауылы бар. Ата-тегі Арғын - Қаракесек, одан берегіректе Майқы, оның бір немересі Өтеміс, Өтемістен бірер атадан соң Шабанбайдың әкесі Қалқаман ұрпақтары таралады.

Шабандай би Сарыарқаның Қараменде (1707-1797), Сеңкібай (1709-1786), Жидебай (1726-1826), Боранбай (1709-1801), Жанғұтты (1810-1873) сияқты атақты айтулы би-шешендерімен замандас, қатарлас, пікірлес, қызметтес, ағайын-жекжат боп араласып жүрген.

Ел жадында Шабанбай би айтыпты дейтін жүйелі шешендік билік сөздер көп. Соның бірсыпырасын 1993 жылдың жаз айында Сеңкібай бидің Қарқаралы ауданында өткен ұлан-асыр асында кездескен ақсақалдар айтқан деректердің кейбіреуіне келейік:

Қасқырмен болған оқиға

Бір жолы Шабанбай би Қарқаралы еліндегі бір жесір дауына билік айтып, қайтарында Талды өзенінің бойында отырған бір байдың үйіне қоныпты. Түнде байдың қорасына қасқыр түсіп, екі қойын жеп кетеді. Таңертең тұрған бай:

- Шабанбайға сені би, қасиетті әулие, оның жүрген жеріне ешбір пәле жуымайды деуші еді ел. Құтсыз қонақ болдың. Сен үйіме қонған түні қорама қасқыр түсіп екі қойымнан айырылдым, - депті. Сонда Шабанбай би:
-Е, е, байеке, қапа болмаңыз, қасқыр да кетпес ұзаққа, ол да түсер тұзаққа, ізіне түсіп біреуің шығыңдаршы қыр жаққа, - депті де аттанып жүріп кетіпті. Шабанбайды аттандырған соң бай жалшысын ертіп ауылының сыртындағы қырқаға карай шықса, анадай жерде бір топ қарағанның түбінде әлгі қасқыр жатады. Қараса, аңшының кақпанына түсіпті, әбден тойған қасқыр, кақпанмен алыса-алыса қарағанға шырмалып қыңсылап қалжырап қапты. Екеуі аттан түсіп, қасқырды соғып терісін алып қайтады. Үйіне келген соң әлгі бай:
- Япырым-ай, мынау Шабанбай тегін адам емес екен ғой. Нала болмаңыз, қасқыр кетпес ұзаққа, ол, да түсер тұзаққа деп еді, айтқаны айнымай келгенін қарашы! - деп жағасын ұстапты.

Шабанбайдың батасы

Жанқұттының әкесі Ботанбай бай ауылының бір ақсақалына:

-Мына баламды Шабанбай шешенге ертіп барып, батасын алып қайт. Сойысқа деп мына тайды босағасына байла, - деп бір тай жетектетіп жіберіпті. Ол ақсақал Жанқұттыны 2-3 жолдасымен ертіп жолға шығыпты, олар кештетіп, бір ауыл сыртындағы желі басына барыпты. Бие саудырып жүрген сұңғақ бойлы кісіге сәлем беріп, жөн сұрайды:
- Шабанбай бидің ауылы осы ма?
- Иә, осы.
- Ол кісі ауылда ма екен?
- Ауылда.
- Үйі қайсы?
- Анау тұрған боз үй.

Ақсақал жігіттерді ертіп, үй алдындағы кермеге барып аттарын байлайды. Үйге кіріп жайғасады. Дастарқан жайылады, сары қымыз сапырылады. Әне-міне дегенде әлгі желі басында жүрген кісі де келеді. Жігіттер бір-біріне сыбырлап:

- Мына келген желі басында бізге жөн айтқан кісі ғой, - деседі. Оны Шабекең естіп кояды да:
- Иә, іздеп келген Шабанбайың мен боламын, кәне, шаруаларыңды айта отырыңдар...
- Шабеке, кешіріңіз, - дейді, жігіттерді ертіп келген қария, - сізді танымай қалдық. Осы ауылдың жылқышысы шығар деп едік.

Сонда Шабанбай би:

- Иә, өз үйімде елеусіз жылқышымын. Өзге елде елеулі бір кісімін, - деп бір қояды. Келесі бір сөзінде дәу зерен қымызды дем алмай сіміріп тастапты да:
- Құлша істеп, бише ішу керек, - дейді. Мұнысы: конақтарына сый көрсетіп, қымызды тартынбай ала отырыңдар дегені екен. Сол жолы Шабанбай шешен әңгіменің дүкенін қыздырып, не бір асыл сөздердің тиегін ағытып, Жанқұтты шәкіртіне ықыласымен ақ батасын беріпті дейді.

Сондағы Шабанбай шешеннің өзінің болашақ ізбасар шәкірті Жанқұттыға берген батасы мынау екен:

- Аллаға жағамын десең, азанды бол, Халыққа жағам десең, қазанды бол, Судай таза бол, Жердей көтерімді бол, - деп бата берген екен.

Жанқұтты мен оның қасына еріп барған өзі тұстас жастар бұл батаны қомсыныңқырап кайтыпты. Ауылына келген соң батаны естіген ел жақсысы Ботанбай қатты риза болып: "Қабыл болсын, әумин!" - депті. Ботанбай батаның мәнін өзінше тұспалдап, бағалаған екен. Біздіңше оның мәні мынандай болса керек:

- Аллаға жағу дегені - мұсылмандықты берік ұстау: намаз, оразаны қате етпеу, исламның бес парызын калт жібермей орындап отыру, имандылық, инабаттылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету.

Халыққа жағу үшін қазанды болу дегені - кеңпейілділік, қайырымдылық, байға да, кедейге де, ұлыққа да, кішікке де, үлкенге де, кішіге де арнаулы конаққа таныс емес, ауылдасқа да, жолаушыға да, ғарыпке де, жетім мен жесірге де есік ашық, төрі жазық, дастарқаны жаюлы, асы әзір болу. Су тазартпайтын лас жоқ. Судан таза зат жоқ. Жер көтермейтін ауырлық жоқ. Тауды да, тасты да, өзенді де, көлді де, теңізді де мүхитты да, орманды да көтеріп тұратын - Жер. Адал да, арам да, өлі де, тірі де, данышпан да, ақымақ та, ақылды да, арамза да, мансапқорлар мен баққұмарлар да, өтірікші - өсекші де, алаяқ саудагер де, маскүнемдер мен нашақорлар да, зинақорлар мен жезөкшелер де, ұрылар мен қарақшылар да, арсыздықпен байып жүрген жылпостар да, он сегіз мың ғалам жердің мойнында. Соның бәріне қисайып жаткан жер жоқ. Шабанбай бидің аузының дуалы екендігін Жанқұттыға түгелдей қабыл болуынан байқауға болады. Шынымен қабыл болып, Жақсы Жанқұтты атанды. Жақсы атануы халыққа жаққандығы. Аллаға жаққандығы - қажылыққа екінші рет барып, Мекке-Мединеде, пайғамбарымыз Мұхаммедтің жанында бақилық болғаны.

Шабанбай би аз сөйлеп көп ұғындыратын адам болыпты, аса даулы мәселелерді талкылап шешерде Шабекең деу отырады екен. Билер дауласып, әркайсысы өз үкімін біреуі келісіп, біреуі келіспей әркім өз билігін жактап отырғанда Шабанбай өз билігін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізеді, осыған келіседі екен. Шабанбай бидің ұзақ жылдар билік құрған, шешімдер; бәсі осындай болыпты. Жидебай батырдың:

- Шаппай жүйрік болған Шабаным ^ .
Сөйлемей шешен болған Шабаным, -

деуі осыдан болса керек. Шабекеңді кейінгі ұрпақ әулие тұтып, осы уақытқа дейін, медет тілеп түнеп жүреді. Шабанбайдың өзінен туған бес баласы: Байша батыр, Бияш, Тойғұл молда, Қожа - бәрі де өз заманында бай болған. Шабанбай беріп, бөлек шығарғанда Балапан деген баласына берген еншісін маңайындағы замандастары азсынып: "Шабеке, неге аздау бердіңіз?" - деп сұрайды. Сонда Шабекең:

"Ол үйдегі келінім көгені мен желісін өзі бөктере келген, өлі-ақ көрерсіңдер", - депті.

Осы келіні Ұмсынгүл кейінде Қарабәйбіше атанған дөулетті келін, қасиетті адам болыпты. Балапан мен Ұмсынгүлдің дөулеті дарынан артық болмаса кем болмаған. Осы Қарабәйбіше әулие адам ретінде сақталған. Шабекең ұрпағының көбірек тұрған жері - Ақтоғай ауданы "Қаратал" совхозы. Қазір Ә. Бөкейханов атындағы ұжымдық Ақтоғай аудандық Кеңесі 1992 жылғы мамыр айында мақұлдай отырып, осы кеңшардың орталығын Шабанбай ауылы деп атау жөнінде шешім қабылдады.

Шабекеңнің ниеті дұрыс адам. Ұрпағы өсіп-өнген. Толықтар бойынша казір Шабекеңнің өз кіндігінен тарап, жеке түтін түтетіп отырған ер балалар отбасы 160-тан асады. Олар Тоқырауын аудандарында, Қарағанды, Жезқазған, Балқашта өмір сүріп, әр салада еңбек етіп жүр. "Жақсы атаның шапағаты баласына" деген Шабекеңнің ХІХ ғасырдың аяқ көзі мен XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген ұрпақтарының ішінде 27 жыл (9 сайлау) үзбей болыс болған Шоңбай осы Шабанбай әулетінен, Шабекең ұрпағынан Бекпенбеттің Ахметжаны 1905 жылы қазаққа сайлау құқын беруді талап етіп, Ресей патшасына Қарқаралы дуанынан жіберілген 42 өкілдің бірі болған. Сол себеп болып қазақ халқы сайлауға дауыс беру құқын алады. Сөйтіп, бірінші Мемлекеттік думага Ә. Бөкейханов депутат болып сайланғанда, ол үшін Семей губерниясының дауыс берген 274 сайлаушы елубасылардың біреуі тағы да Шабекеңнің бесінші ұрпағы Емесбек Байсеркин болған. Шабекең ұрпақтарының бірі Садуақас Әбділдин 20-25 жасында Әлихан Бөкейхановпен, Әлімхан Ермековпен сырлас - пікірлес, ниеттес болған адам. 1922 жылдың қазан айында Тоқырауын бойындағы Желтауда Ә.Бөкейханов тұтқынға алынады. Сонда Әлиханмен соңғы рет қош айтысып қалған азғантай зиялылардың бірі сол кезде 28 жастағы осы Сәдуақас Әбділдин болған. Шабанбай би 85 жасында дүниеден кайтқан. Зираты Шет ауданының "Кеңшоқы" совхозының жерінде, Ақтоғай - Қарағанды тас жолының 103-ші шақырымы тұсында, күнбатыста, өзен жағасында тұр. Бұл өзенді Ә. Бөкейханов өзінің 1905 жылы жазған шежіресінде Жарас өзені деп көрсетіпті.<ref>Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5</ref>

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:Stub:Қарағанды облысы: Энциклопедия {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}