Хантау петроглифтері

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Хантау. Жануар бейнелері мен белгі. Ерте темір дәуірі.jpg
Хантау. Жануар бейнелері мен белгі. Ерте темір дәуірі.

Хантау петроглифтеріЖамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.

Орналасқан жері

Мойынқұм ауданы Хантау ауылынан шығысқа қарай 40 км жерде, Шу-Іле тауларының солтүстік-шығыс сілемі Хантау тауында орналасқан.

Зерттелуі мен археологиялық ландшафты

Аудан тарихының өте ерте кезеңдері туралы Хантау археологиялық ескерткіштері белгілі мөлшерде түсініктер береді, өкінішке орай, олар қазірше жете зерттелген емес. Олардың көпшілігінің ашылуы геологтар – А. Г. Медоев, В. И. Волобуев, тарихшы және өлкетанушылар С. Жолдасбаевтың, К. Байбосыновтың есімдерімен байланысты. Тек Қожабала моласына ғана Р. Б. Ысмағұлов археологиялық қазба жұмысын жүргізді. Едәуір зерттелген ескерткіштердің түрі жартастағы суреттер болып табылады.
Хантау тауы негізінен граниттер мен эффузивтік тау жыныстарынан түзілген ірі тау сілемдері болып есептеледі. Оңтүстік-батыс беткейінде қатар қыраттары бір-бірімен түйісіп қалып жататын бірнеше тау аңғары бар. Олардың ең үлкендері – Сұңқарсай, Үлкенталды, Шолақжиделі және Теректі. Олар су жиналатын терең жыралар болып басталып, терең де тар сайлардың сағасында жартас суреттері галереясын жасауға таптырмас орын болып шыққан.

Хантаудың зерттелген өте ерте кездегі ескерткіші Сұңқар тауының солтүстік-шығыс беткейіндегі Қожабала моласы болып табылады. Мұнда қоршаудағы тікбұрышты немесе жұмыр қалыпты тас жәшіктер арқылы көрінетін 150-дей жерлеу орнының құрылысы бар. Қазылған молалардан жанына өрнекті ыдыстар мен қола әшекейлер (сақиналар, салпыншақтар, моншақтар) қойылған өліктің күлі мен мәйіт қалдықтары табылды. Осы олжалардың сипаты бойынша бұл молалар б. з. д. XIII ғасырға жатқызылады және Сарыарқаның оңтүстік бөлігі мен Батыс Жетісуға тараған андроновтық мәдени-тарихи қауымдастықтың ескерткіштер типіне тән болып келеді. Қола дәуіріндегі Шу-Іле тауларының (I Таңбалы, III Ойжайлау) басқа да жерлеу орындарына ұқсас болып келетін Қожабала зираты б. з. д. II мыңжылдықтың соңғы үшінші бөлігінде Орталық Қазақстан далалық тайпаларының Тянь-Шаньға қарай жылжу жолын байқатады.

Петроглифтері сипаты

Хантау тау аңғарларындағы ең көне петроглифтер қола дәуіріне жатады. Олардың ішінде мазмұны мен стилі жағынан Солтүстік Балқаш маңы жартастық өнер ескерткіштеріне барынша жақын келетін ойма өрнектер кездеседі. Алайда Хантаудағы ең айқын ойма өрнектер б. з. д. I мыңжылдықтың орта тұсындағы суретшілердің шығармалары болып табылады, олардың көбі ғажайып өнер туындылары, ерте көшпенділер дәуіріндегі Шу-Іле тауларының сирек кездесетін және өзіне ғана тән жартастық өнер үлгілерінің қатарына жатады. Хантау тауының жартастық өрнектерінің осы көркемдік ерекшелігін атап көрсете келіп, А. Г. Медоев былай деп жазды: «Ұлы қоныс Ұлы өнер тудырады».

Шолақжиделі сайының сағасы каньондағы шағын-шағын жартастар сақ дәуірі петроглифтері молынан ұшырасатынымен ерекшеленеді. Ойма өрнектердің негізгі бөлігі құздың оң жағындағы тік жартасқа шоғырланған. Сол жағындағы жартас, өкінішке қарай, қатты бүлінген бұрын мұнда құрылыс үшін тас өндірілген. Жартас сілемі биік баспалдақ түріндегі эрозиялық терраса қабаттар ауысып келу арқылы түзілген, сол себепті бүкіл каньон антикалық театр залын елестетеді. Барлық жартастар "дала тотығуын" жамылған, бірақ петроглифтердің басым көпшілігі қашап түсірілген көлденең терраса беттері жоғары сапалы сурет салу нысанына ие болған. Сол себепті жартастағы суреттерді беткейімен жоғарылай отырып немесе кертпештің шетінде тұрып қана көруге болады.
Шолақжиделі жартастық галереясының бұл ерекшелігі оны Хантау мен Шу-Іле тауларындағы барлық басқа белгілі ескерткіштерден өзгешелендіріп тұрады.

Құздың жартастарында қола және ерте темір дәуірлерінің петроглифтері көрініс тапқан, ал көне заман суреттері тек бірнеше жалпақ тас беткейінде ғана кездеседі. Басқа тас беттерін сақ дәуірінің суретшілері пайдаланған. Ортағасырлық петроглифтері мен көне заман суреттерін жаңалау тым аз кездеседі, сол себепті ерте заман ойма өрнектерінің көбі жақсы сақталған. Мұнда барлығы 1000 жуық петроглифтер бар.

Қола дәуірі петроглифтері

Қола дәуіріне жылқы, сиыр, түйе, сондай-ақ екі аяқты күйме арбалар бейнеленген композициялар жатады; екі дөңгелекті арба жануарға шегілместен, сызба түрінде көрсетілген. Стильдік ерекшеліктері жағынан олар бір-бірінен көп өзгешеленбейді, сірә, олар бір уақыт кезеңінде дүниеге келген болуы керек. Олардың ішінде бірнеше жасанды түрде салынған суреттер бар, бірақ ол кездің тақырыптық композициясы барынша бірыңғай. Құз жартасының жоғарғы қабатына салынған екі айғырдың тікесінен тік тіресіп тұрған жекпе-жек көрінісі ерекше көзге түседі.

Сақ кезеңі петрогилфтері

Сақ кезінің петроглифтері көбінесе сол беттерге қашалған және бірқатар жағдайда олар қола дәуірінің суреттерін басып қалған. Бірақ, тұтастай алғанда, бұл беттердегі суреттер бірыңғай емес, өз кезегінде, бұрынғы және кейінгі, сондай-ақ көптеген композициялар құрамында бірін-бірі басып қалған бейнелер сериясы мұнда бөлектеніп көрініп тұрады.
Сақ кезінің ойма өрнектері негізінен шатқалдың шет жақтағы жартастарына салынған және жабайы аңдардың – шөп қоректілер мен жыртқыш аңдар бейнелерінің өзіне тән мәнерлерімен сипатталады.
Алайда галереяның негізгі қорын аң стилінің кейбір элементтерін сақтаған, бірақ суреттің сақ өнеріне тән пластикасын жоғалтқан, едәуір сәндік элементтері бар бейнелеу дәстүрінің петроглифтері құрайды. Сурет корпусы барлық мүмкін болатын сызықтармен толтырылған жануарлар бейнелерінің пішіндік сериялары – волюталар және басқа өрнекті фигуралар құздың басты панносын (әшекейін) құрады. Жануарлардың шеберлікпен жасалған нәзік фигуралары мұнда көркемдік дәстүрдің жаңа кезеңінің, яғни б. з. д. I мыңжылдықтың екiншi жартысындағы этномәдениеттiң келуiн растай отырып, қола және сақ дәуірлерінің суретшілері ойма өрнектерінің үстiн басып қалған. Олардың ішінде арқасындағы қанатқа ұқсайтын фигуралар көрсетілген ағаш тәрізді мүйізі бар бұғының әдемі бейнесі ерекше көзге түседі.
Тұтастай алғанда, петроглифтердің бұл сериясы алыстағы солтүстік-шығыстан, Орта Енисейдегі тагар тайпалары өнерінен және Алтайдың пазырық мәдениетінен, сондай-ақ Шу-Іле таулары (Аңырақай, Таңбалы) мен Ыстықкөл маңындағы (Чолпон-Ата), сондай-ақ кейбір басқа да ескерткіштерінің жартастық бейнелеу өнері ішінен өзіне ұқсастықтар табады. Осы ыңғайда Шолақжиделі петроглифтері Шу-Іле тауларында суреттердің ең ірі сериясын құрайды және кейбір өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді.

Ерте темір дәуірі петроглифтері

Ерте темір дәуірі ойма өрнектерінің тағы бір категориясын айналар бейнесі құрайды. Айна-петроглифтер қазіргі кезде оңтүстікте Құлжабасынан бастап солтүстікте Хантауға дейінгі бүкіл Шу-Іле тауларына шоғырланған бірнеше пункттерден табылды.
Шолақжиделіде бір жазықтықта "қанатты" бұғымен бірге томпайған түзу сабымен бес айна бейнеленген. Олардың төртеуі өлшемдік қатынастары мен қалыптары, яғни шынайы заттардың өлшемдері дұрыс сақталып жасалған. Бейнелерді уақыты анықталған қолдан жасалған заттармен салыстыру петроглифтердің мүмкін болатын жасын анықтауға ғана мүмкіндік беріп қоймай, Жетісудың ертедегі көшпенділерінің көне Орталық Азияның жекелеген аудандарындағы тайпалармен тарихи-мәдени байланыста болуының өлшемі ретінде қарастыруға да мүмкіндік береді.

Көзге түсер жағдай, Жетісудың басқа аймақтарында, мысалы, сақ кезінің аса көп петроглифтері белгілі болған Жоңғар Алатауында айналар бейнесі кездеспейді. Осымен бір мезетте томпайған сабы бар айнаның бірыңғай жартастық бейнелері Таулы Алтай (Қалбақтас) ескерткіштерінде белгіленген.
Сонымен, айна-петроглифтер Шу-Іле тауларының басқа да олжаларымен және ескерткіштерімен бірге Батыс Жетісуды бойлай жатқан бұл географиялық аудан көне қарым-қатынастар жүйесінде ерекше тарихи мәнге ие болғандығын көрсетеді.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4 </ref>

Петроглифтер көріністерінен

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер