Физикалық химия

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Физикалық химия зат құрылысының заңдылығын, химиялық жүйедегі тепе-тендікті, тепе-тендіктегі бір күйден екінші күйге ауысу мүмкіндігін көрсететін заңдылықты және химиялық түрлену құбылысын зерттейді. Физикалық химия бірнеше тарауға бөлінеді:
• Зат құрылысы;
• Химиялық термодинамика;
• Ерітінділер;
• Физика-химиялық анализ;
• Электр химиясы;
• Катализ және химиялық кинетика. Физикалық химия пәнінің химия өнеркәсібі мен ғылыми зерттеу саласындағы мамандар химиктер, химик-технологтар даярлауда алар орыны ерекше. Атап айтқанда:
- аталған пән студенттердің бейорганикалық, органикалық және аналитикалық химия салаларынан алған білімдерін тиянақты түрде нақты өзгеріс не құбылысқа қолдана білуге дағдыландырады;
- өндірістегі технологиялық процестердің жүру заңдылықтары физикалық химия ілімі қарастыратын ой-тұжырымдарға негізделеді;
- технологиялық процестердің дамуы мен өзара тәуелділігінің қазіргі тенденциясын, табиғатты химиялық өндірістің зиянды қалдықтарынан қорғау жолдарын, қалтқысыз өндірістер жасау міндеттерін;
- химиялық термодинамика мен кинетиканың негізгі заңдарын, гомогендік және гетерогендік тепе-теңдіктерді, электрохимияны, термодинамикалық қасиеттерді зерттеудің эксперименттік әдістерін;
- зерттеудің қазіргі әдістерін (ЯМР-,ЭПР-,ИК-,УК-,КР-спектроскопиялар, оның ішінде лазерлік техника, хроматография, рентгенқұрылымдық талдау бар;
- көпкомпонентті жүйелердегі химиялық тепе-теңдікті сипаттау әдістерін;
- талдаудың әртүрлі әдістерін (тұндыру, бөлу, экстракция, спектроскопия, титриметрия, электрохимия) қажетті талдаудың әдісі мен оны жүргізудің әдістемесін таңдау меодологиясын;
- физико-химиялық есептеу әдістемесін;
- физикалық және химиялық құбылыстардың жүру заңдылықтарын зерттейтін жаратылыстану ілімінің дербес бір бөлігі болып табылады.

Термодинамика

Жылу құбылысы мен оның түрленуін зерттейтін ілімді термодинамика деп атайды. Бұл ілім – жалпы, техникалық және химиялық термодинамика салаларына бөлінеді. Жалпы термодинамика – термодинамика тәсілдерін тұжырымдап, оны фазалық күй өзгерісіне, термоэлектр және магниттік құбылыстарға, сәуле шығару мен дене бетінде орын алатын өзгерістерді зерттеуге арналады. Техникалық термодинамика – жылу мен жұмыстың түрленуін, жылу двигательдері, тоңазытқыш қондырғыларында орын алатын жылу, механикалық және химиялық құбылыстардың өзара байланыс заңдылықтарымен айналысады. Химиялық термодинамика құбылыстардың өту механизмі туралы және заттардың ішкі құрылысы туралы қорытындылар жассамайды. Химиялық термодинамика жүйенің басталуы мен соңғы күйлерінің жағдайын және сыртқы күш әсерлерін білу (температура, қысым т.б.) өте маңызды. Жалпы термодинамика заңдарын химиялық реакция, физика-химиялық құбылыстарға қолдануын қарастырады және химиялық құбылыстарды зерттеуде жалпы термодинамиканың қағидалары мен заңдарын қолданады. Жүйе /система/ - қоршаған ортадан шартты түрде бөлінген жеке денені немесе өзара әрекеттесетін денелер жиыны, яғни зерттеуге тиісті қоршаған ортаның кеңістіктегі бөлігі. Термодинамикалық жүйе – сыртқы қоршаған ортадан ойша бөлініп қарастырылатын, өзара жылу және механикалық әсерлесуде болатын дене не заттар жиыны. Ол жабық, ашық, оқшауланған деп үшке бөлінеді. Жабық жүйе - өзін қоршааған ортамен зат алмаспай тек энергиясымен ғана алмасады. Ашық жүйе - өзін қоршаған ортамен зат алмасуы да энергия алмасуы да орын алатын жүйелер. Оқшауланған жүйе – қоршаған ортамен зат және энергия алмаспайтын және сыртқы ортаға қарсы жұмыс істемейтін жүйе. Термодинамикалық жүйенің күйі термодинамикалық параметрлерімен сипатталады. (температура, қысым, көлем, концентрация т.б.). Термодинамикалық құбылыс – термодинамикалық параметрлердің ең болмағанда біреуінің өзгеруімен жүретін өзгерістер. Егер параметрдің өзгерісі құбылыстың басталуы мен соңғы күйлеріне байланысты болып және құбылыстың жүру жолына байланыссыз болса, ондай параметрді күй функциясы деп атайды. Күй параметрлері – экстенсивті, интенсивті болып екіге бөлінеді: Экстенсивті параметрлер /шамалар/ - зат мөлшеріне қарайлас /пропорционал/ (көлем, масса, салмақ, т.б.) Интенсивті параметрлер /шамалар/ - зат мөлшеріне тәуелсіз (температура, қысым, тұтқырлық, т.б.)

Дереккөздер

http://magistr.kz/referat/show/2780/65/3