Уәлиханов мемориалдық кешені

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Shokan Ualikhanov Museum.jpg
Ш. Ш. Уәлихановтың мемориалды мұражайының ғимараты.

Уәлихановтың мемориалдық кешеніРеспубликалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.

Орналасқан жері

Жетісу облысы Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылынан батысқа қарай 3 км жерде.

Кезеңі және авторлары

Ш. Уәлиханов мемориалдық кешені1985 жылы Алтынемел баурайында ұлы ғалымның туғанына 150 жыл толу құрметіне ашылды. Авторлары: сәулетшілер Б. А. Ыбыраев, С. И. Рүстембеков, Р. А. Сейдалин, инженерлер А. П. Котов, А.И. Гусев, суретші А. К. Ермекбаева.

Сипаты

Мемориалдық кешен ғалымның бейітіне қойылған құлпытастан, мұражайдан, қонақүйден, ескерткіштен және хауызды алаңнан тұрады.

Құлпытасы

Шоқан Уәлиханов өзінің өмір жолын қызмет бабымен талай рет болған Жетісу жерінде аяқтады, қайын жұртында қайтыс болып, Алтынемел қыратының етегіндегі Көшентоған шатқалында жерленген. Алғашында Шоқан қабірінің үстінде оның қайнағасы, Ұлы жүз сұлтаны Тезек Нұралыхановтың бұйрығымен саман кірпіштен мазар салынды. Мазардың қасбеті қабырғасында жазу жазылған ағаш тақта орнатылған, онда: бірінші бөлігінде Құраннан үзінді күйдіріліп немесе ойып жазылған, ал басқасында "Шыңғыс ханның ұрпағы, Орта жүздің әйгілі ханы Абылай баласы Уәлидің ұлы Шыңғыстың ұлы Шоқан" жерленгендігі хабарланады. Төрт жылдан кейін бұл мазардың орнына күйдірілген кірпіштен басқа мазар тұрғызылды. Айналасына көлемді саман қабырғалары салынды.
1867 жылы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы болып сайланған генерал К. П. Кауфманның тапсырмасымен Ш. Ш. Уәлихановтың зиратына арнайы тақта жасатылып, ол тақта 1881 жылы шілде-тамыз айларында орнатылды.
Кейіннен атақты ғалым әрі саяхатшының зираты ұмтыла бастайды. Бір кездері оның да төбесі күмбез тәрізді болған болуы керек, дегенмен уақыт біртіндеп қиратқан, қазір күмбез жоқ. Тек жіңішке төрт балшықты бағанадан тұратын жартылай қираған үстіңгі қабаты қалған. Бұл қабаттың астындағы аласа балшықты іргетасында жергілікті тас кесуші Л. Ластовский жасаған мәрмәр тақта кішкене ғана ақауымен қазіргі күнге дейін сақталған. 1989 жылы ол мәрмәр тақтаның түп нұсқасын көшірмесімен ауыстырып, түп нұсқасы Ш. Ш. Уәлихановтың мемориалды кешенді мұражайына қойылды.
Көп жылдардан кейін ұмытылған Ш. Ш. Уәлиханов 1947 жылы қайтадан «ашылды». Сол кезде жерлеу орнын Қазақ КСР ҒА археология бөлімінің ғылыми экспедициясы мен Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі жанындағы Сәулет басқармасы зерттеген.
1958 жылы Ш. Ш. Уәлихановтың қабірінің үстінде қызғылт граниттен бес метрлік ескерткіш бой көтерді. Ол саяхаттың символы глобус жарты шарымен аяқталады. Ескерткіштің беті жағында сопақша текшеде Уәлихановтың қола горельефі орналасқан. Етегінде естелік эпитафиясы бар мәрмәр тақта орнатылған (сәулетші М. Ващенко, мүсінші П. Д. Усачев, 1958).

Мұражай үйі

Ансамбльдің басты ғимараты – Ш. Уәлихановтың ғылыми-шығармашылық мұрасын бейнелейтін мұражай үйі.
Мұражай үйінің сыртқы пішіні қазақ халқының мемориалды архитекторның дәстүрінен ("төрт құлақ") туындаса, ішкі кеңістігі киіз үйді, жолаушының шатырын елестетеді. Интерьердің негізінен үш түсті — еденнің қара, қабырғаларының қызыл, төбесінің шымқай ақ болуы дәстүрлі көркемөнер мәдениетіндегі үшкіл әлем символын білдіреді. Үйдің едені бұрандалы түрде бірте-бірте биіктеп, екінші қабатқа көтерілуге мүмкіндік жасайды. Орталық зал (ауданы 18x18 м) бұрыштарынан бастап ортасына қарай еңіс диагоналды арқалықтармен жабылған.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>
30 орындық кинозал мен келушілерге қызмет көрсететін жайлар бөлек орналасқан. Қонақүйдің (30 орынды) әсем интерьері мұражайдың композицияның құрылымын сақтай отырып, жалпы ансамбльдің ішкі, сыртқы тұтастығымен ұласып кетеді. Уәлихановтың мемориалдық кешенінің жобасы 1987 жылы Софияда өткен "Интерарх" халықаралық байқауында 2-орын алып, күміс медальға ие болды.

Мұражай ғимараты экспозициялық залдар орналасқан екі қабатты екі павильоннан тұрады. Басты зал дүниені үш деңгейге (өлгендер дүниесі, тірілер дүниесі, жаратушылар дүниесі) мүшелеп бөлу, сондай-ақ Дүниенің орталық өсі (Темірқазық) идеясы жөніндегі қазақтың халықтық түсінігін символдық түрде көрсетеді. Мұражайдың іші Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметін баяндайтын жәдігерлермен жабдықталған.

Ескерткіші

Мұражай ғимаратының оңтүстік қапталындағы биік төбенің үстінде Шоқан ескерткіші тұр. Бұл – ғалым-саяхатшының ұзына бойымен биіктігі алты метрлік әскери мундирде бейнеленген, қолына кітап ұстаған, беті ауыл орталығына қараған мүсіні (мүсінші И. Рукавишников, 1979).
Мүсін күлгін түсті гранитпен қапталған, биіктігі үш метрлік тікбұрышты тұғырдың үстіне орнатылған. Ескерткіш көгілдір аспан фонына салынған сурет тәрізді жерден жоғарыда асқақтап көрінеді.
Ауыл жақтан төбенің басына екі қарау алаңқайы бар алып саты жетелейді (1979). Мұражай алдындағы алаң мен төбе жасанды су айдынымен бөлінген, оның үстімен өрнекті қоршауы бар көпір өтеді.<ref> АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4</ref>

Уәлихановтың мемориалдық кешеніне Алматы-Шеңгелді-Қоянкөз-Матай-Жаркент және Семей-Аякөз-Қапал-Алтынемел маршруты бойынша сапар шегуге болады. Кешенге автомобиль жолдары барады. Сарыөзек-Жаркент тас жолының бойында орналасқан. Ол негізгі жолдан 20 км қашықтықта, Шоқан ауданында орналасқан.<ref>Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3</ref>

Кешен көріністерінен

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

Үлгі:Жетісу облысындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері