Тұрысбек Маманұлы
Тұрысбек Маманұлы (1844, Жетісу облысы Қапал уезі, Баянжүрек алқабы Ақтасты мекені – 1904, сонда) – қазақтың меценаты, ірі кәсіпкері, ағартушысы, қоғам қайраткері, Алаш зиялыларына қолдау көрсеткен тарихи тұлға. Белгілі бай әрі би Маман Қалқабайұлының тұңғыш ұлы.
Тұрысбек Маманұлы Қапал қаласындағы Якобия медресесінде білім алған. Жастайынан татар және орыс тілдерін меңгеріп, шығыс пен орыс сауда мәдениетін қатар игерген. Ол қазақ даласындағы сауда қатынастарының дамуына ықпал етіп, Жетісу өңіріндегі ең ірі кәсіпкерлердің бірі болған.
Ақсу, Қапал, Сарқан, Жаркент, Лепсі, Семей, Өскемен өңірлерінде өзінің сауда орталықтарын ашқан. Сонымен қатар Наманган, Әндіжан, Самарқан, Ташкент, Бұхара секілді Орта Азияның ірі шаһарларымен сауда байланысын орнатқан. Омбы, Новосібір, Иркутск қалаларының көпестерімен және Қытай саудагерлерімен іскерлік қарым-қатынас жасаған.
Өмірбаяны мен еңбек жолы
- 1873–1891 жылдары Жетісу өңірінің Қапал уезінде болыс қызметін атқарған;
- 1880 жылы Жетісу өңіріндегі Қарасу мен Сүттіген өзендерінің аралығындағы үлкен алқыпты сатып алып, «Қарағаш» қалашығын салғызған ірі кәсіпкер болған;
- Көкқия тауының бұлақтарынан арық-тоған тартқызып, Наманганнан бағбандар алдырып, жазық даланы көк-жасыл жайқалған бау-бақшаға айналдырды;
- Қарағаш қалашығы Қытайға, оның ішінде Құлжа мен Үрімші бағыттарына шығатын маңызды сауда жолының бойында орналасқандықтан, сол жерге керуен сарайын салдырған;
- 1886 жылы Мекке мен Мәдинаға барған, онда қажылық парызын өтеуге келген мұсылмандардың игілігі үшін арнайы зияратшылар үйін (тәкия) салдырған;
- Қажылық сапардан келгеннен кейін Қарағашта мешіт пен медресенің құрылысына басшылық жасаған;
- 1899 жылы қазақ халқының рухани-мәдени тарихында ерекше орын алатын «Мамания» мектебін ашқан;
- 1900 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың ерекше қабілетін жоғары бағалап, император I Александр атындағы Петербор теміржол транспорты институтына оқуға түсуіне қолдау көрсетіп, институтты бітіргенше шәкіртақымен қамтамасыз еткен;
- Қазақ жастарының білім алуына ерекше көңіл бөліп, оларды алыс-жақын шетелдерде оқытып, қаржылай қолдау көрсеткен және Алаш қайраткерлеріне демеушілік жасаған ірі меценат болды;
- Өз дәуіріндегі ең ірі сауда орталықтарының бірі болған Қоянды жәрмеңкесіне жыл сайын қатысып, қазақ даласындағы халықаралық сауда байланысының дамуына орасан зор үлес қосқан;
- Қазақ – Қытай – Ресей – Орта Азия елдерінде сауда-саттықпен айналысып, Ресей империясының Бірінші гильдиялы саудагері дәрежесіне көтерілген.
- 1903 жылы Мекке мен Мәдинаға екінші рет қажылық сапарға барған;
- 1904 жылы дүниеден өткен соң Тұрысбектің ісін үлкен ұлы Құдайберген жалғастырды. Тұрысбекұлы Құдайберген 1909–1918 жылдары «Мамания» мектебінің оқу-ағарту жұмысын жандандырған ағартушы-реформатор. Ол мектепті сегізжылдық оқу жүйесіне ауыстырды. 1907 және 1910–1918 жылдары Қапал уезінің болысы қызметін атқарған. 1913 жылы 21 ақпанда патша әкімшілігінен арнайы шақырту алып, Жетісу өңірінен Романовтар әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына орай өткізілген империялық тойға құрметті қонақ ретінде қатысқан. 1916 жылы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне демеушілік жасап, 1917–1920 жылдары Алашордашыларға қолдау көрсеткен қоғам қайраткері. қ “Мамания” мектебі.
Марапаттары
- 1876 жылы 10 қыркүйекте Халық ағарту ісіне сіңірген еңбегі мен ауқымды қаржылай көмегі үшін Ресей империясының Станислав Лентасындағы үлкен күміс медалімен және Анна Лентасындағы алтын медалімен марапатталған;
- 1878 жылы орыс патшасы Александр II қазақ даласындағы ағартушылық, қайырымдылық және сауда-саттық істеріндегі ерекше еңбектері үшін «Граф» титулын сыйлаған.
- 1880 жылы 31 желтоқсанда халыққа білім беру ісін қолдағаны үшін Станислав Лентасындағы «За усердие» жазуы бар алтын медаль иегері атанған.
Дереккөздер
- Қазақ энциклопедиясы
- ҚР ОМА. 44 қор. 1 тізімдеме. 1721 іс. 2 п.