Тромбоциттер мен қанның ұюы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Тромбоциттер

Тромбоциттер немесе қан пластинкалары – қанның ең кішкентай, түссіз, ядросыз формалық элементтері. Олар сүйек кемігінде түзіледі, мөлшері 2 – 4 мкм, дұрыс емес дөңгелек пішінді. 1 мм куб қанда 180 – 350 мың тромбоцит болады. Тіршілік ұзақтығы, шамамен, 7 күн. Көкбауыр мен өкпеде бұзылады. Көкбауырда жинақталып, қойма түзеді. Бұл жерден тромбоциттер қажет кезде қанға түседі.

Қызметі

Негізгі қызметі – қанның ұю және қан кетуді тоқтату процестеріне қатысу.

Қанның ұюы

Қанның ұюының бейімделгіш маңызы зор, тамырлар зақымданған жағдайда организмді қансыраудан сақтайды. Сонымен қатар, тамырларда айналатын қанның ұйып қалмауы да өте маңызды. Дені сау адамның ұсақ тамырлары жарақаттанған кезде қан кету 3 – 4 минутта тоқтайды. Бұл тамырлардың тарылып, жарақат шетіне жабысып қалатын тромбоциттердің бірігуіне байланысты. Осы кезде тромбоциттердің бір бөлігі бұзылып, олардан тромбопластин ферменті, сондай – ақ тамырлардың тарылуы мен күрделі химиялық реакциялар тудыратын биологиялық белсенді заттар босап шығады. Тромбопластин қатысында кальций иондары және атмосфералық оттек бар болса, күрделі ферменттік реакциялар нәтижесінде плазманың ерігіш нәруызы – фабриноген ерімейтін фибринге айналады. Фибрин жіпшелері жарақат орнында эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер тұрып қалатын тығыз талшықты тор түзіп, ұйыған қан – тромб пайда болады. Қалың тромб тамырды бітеп, қан кету тоқтайды. Тромбопластин, фибриноген, фибрин және кальций иондарынан басқа қанның ұюына бірнеше ферменттер, К витамині, міндетті түрде оттек қатысады.

Қанның ұйымауының зардабы

Қанды ұйытатын факторлардың біреуі болмаса, қанның ұю қабілеті төмендеуі немесе қан мүлде ұйымауы мүмкін. Бұл ауру пайда болуына әсер етеді. Мысалы, гемофилия – туылғаннан қаны ұйымайтын тұқым қуалайтын ауру. Мұндай аурумен ауыратын адам шамалы жарақаттан көп қан жоғалтып, кейде өліп кетуі мүмкін.

Маңызы

Сонымен, қанның ұюы организмнің қорғаныш реакциясы ретінде оны қансыраудан және жарақатқа ауру тудыратын микробтардың енуінен сақтайды.<ref>Биология:Адам. Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық / Е. Очкур, Л. Аманжолов, Р. Жұмабаев. – Алматы: "Мектеп" баспасы, 2008. — 240 бет, суретті.. ISBN 9965-36-557-1</ref>

Дереккөздер

<references/>