Теңіз-Қорғалжын ойысы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Теңіз-Қорғалжын ойысы — Ақмола облысының оңтүстік-батысында, Сарыарқаның орта бөлігінде орналасқан тереңдігі 304 м ойыс.

Солтүстігінде Атбасар жазығымен, шығысында Нияз және Ерейментау тауларының батыс сілемдерімен, оңтүстігінде Желдіадыр мен Шадыралы тауларының, Мұзбел қыратының солтүстік сілемдерімен, батысы Терісаққан өзенінің аңғарымен шектеледі. Батыстан шығысқа қарай 200 км-ге, солтүктен оңтүстікке қарай 120 км-ге созылып жатыр. Абсолюттік биіктігі 300 – 500 м. Солтүстікте бедері көлдік-аллювийлі, шығысы – аллювийлі аккумулятты жазық. Оңтүстігінде қатпарлы негіз бетіндегі денудац. мүсіндік (цоколдық) жазық пен үстірт таралған. Батысын денудац. ұсақ шоқылар мен күмбез, конус тәрізді төбелер мен жондар алып жатыр.

Қазақстан қалқанының тілінуінен тектоник. жолмен пайда болған ойыс жоғ. тас көмірдің, неогеннің төмен және орта төрттік дәуірдің шөгінді жыныстарынан түзілген. Климаты континенттік. Қысы суық, қар жамылғысы (орташа қалыңдығы 20 см) 140 күн жатады. Қаңтардың орташа температурасы –17°С. Жазы ыстық, қуаң, шілденің орташа температурасы 20°С. Жауын-шашынның көп жылдық орташа мөлшері 250 – 300 мм. Ойыспен Нұра (өзен), Құланөтпес, Көң, Керей (өзен), Қыпшақ (өзен), Талдысай (өзен), Шыбынды, т.б. ұсақ өзендер ағады.

Теңіз-Қорғалжын ойысы көлдерге бай. Үлкендері: Теңіз, Қыпшақ (Әжібексор), Керей (өзен), Қияқты, Қожакөл және бұрынғы Қорғалжын көлінің орнында пайда болған Асаубалық, Есей, Қоқай, Шолақ. Олардан басқа Нұраның жайылмасы мен ескі аңғарда ұсақ көлдер көп. Ойыста негізінен қызғылт қоңыр, қоңыр, сор-таңды бозғылт қоңыр топырақтар тараған. Қараған, тобылғы, бетеге, селеу, қылқан селеу, көкшұнақ бетеге, жусан, сарсазан, қарабарақ, сорқаңбақ, өзен-көл жағалауларында қамыс, құрақ, т.б. өседі. Теңіз-Қорғалжын ойысының басым бөлігін Қорғалжын қорығы алып жатыр. Қалған бөлігі Ақмола облысының Егіндікөл, Қорғалжын және Қарағанды облысының Нұра аудандары шаруашылықтарының қарамағында.<ref>АТАМЕКЕН: Географиялық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: "Қазақ энциклопедиясы", 2011. - 648 бет. ISBN 9965-893-70-5</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер