Тербеліс - діріл ауруы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Тербеліс-діріл ауруының диагностикасы қиын, ол ауру табылып, диагноз қойылған жағдайда дәрігерлер көп жағдайда әкімшіліктерге дәлелдеуіне мәжбүр болады, сол себептен диагноз қойылмай әсіресе кәсіптік өндірістер жекешелінген заманда статистикалық тіркеуге алынбайтыны кездеседі. Тербеліс-діріл ауруы XX ғасырдың ауруы, техникалық үдерістердің өндіріске еніп, өрлеуінен дамыған ауру. Тербеліс-діріл ауруы кәсіптік сырқаттардың ішінде бірінші орындардың бірін алады және де оның төмендеуі әліге дейін байқалмайды. Әртүрлі елдердің региондарында тербеліс-діріл ауруы (ТА) тұрғындардың арасында 21-26%-да кездеседі. Бұл ауру әсіресе техникасы жақсы дамыған елдерде көп тараған, Жапонияда, Германияда, Англияда, Швецияда. Бұл елдерде таулы кен өнеркәсіптері жақсы дамыған, әсіресе пневмовиброқұралымен бөлшектерді өңдегенде, шойын балғамен жұмыс істегендерде жиі кездесетіні мәлім. Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында (БДҰ) діріл ауруы бойынша комитет құрылған, оның төрағасы болып Мәскеу медицина университетінің профессоры, гигиена және кәсіптік аурулары институтының директоры Н.Ф.Измеров тағайындалған, құрамына Санкт-Петербург СГМУ кәсіптік аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор В.Г.Артамонова кіреді. Бұл комитеттің құрылуы осы сырқаттың кең таралғандығын дәлелдейді. Көбіне ауру 20-26 жас аралығында байқалады. Осының бәрі бұл аурудың мәселесі бар екенін көрсетеді.

Тарихы.

Бірінші рет 1911 жылы Лорига (Англия) шойын балғамен жұмыс істегендердің арасында саусақтардың ағарғандығы жайында жазды. 1917 жылы Алиса Гамильтон оны «өлген сау-сақтардың неврозы» деп атады. М.Е.Маршак (1924 ж.) әртүрлі бөлшектерді шегелеумен айналысқан жұмысшылардың саусақтарының ағарғандығын байқаған. Е.Ц. Андреева-Галанина (1952 ж. еңбек гигиенасы мен кәсіптік сырқаттар кафедрасының бірінші меңгерушісі) алғашында мынадай диагноздар қойды: «Ангионевроз. Псевдо-Рейно сырқаты» деп. «Тербеліс-діріл сырқаты» деген диагноз қойылғанда, тіпті тербелу мен діріл әсері көрсетілген жағдайда да дәрігерге қиын тиеді. Тек елімізде 1955 жылы «Тербеліс-діріл ауыруы» (вибрационная болезнь) - деген термин пайда болды, бірақ оны дүние жүзінде бірден қабылдай қойған жоқ. Бүгінгі күнге дейін тербеліс сырқаты бірінші мәселелік ауру болып табылады. Қазірде аурудың диагностикасында қателіктер көп болуда, мысалы: кәсіптік әсері бар науқасты клиникаға жібергенде Рейно ауруы, сирингомиелия, жүйелі склеродермия аурулары қойылғандарға клинникалық анализ жүргізгенде, науқастарда тербеліс-діріл ауруы болғаны анықталады.

Этиологиясы

Тербеліс-діріл ауруы өндіріс үдерісіндегі дірілді жұмыстардың әсерінен пайда болатын ерекше кәсіптік ауру. Тербелістің негізгі сипаттары: бұл тербеліс жиілігі мен шайқалуы (амплитудасы) және де оның туындылары - жылдамдық пен шапшаңдылық. Тербеліс жиілігі герцпен өлшенеді (секундына бір тербеліс), ал амплитуда мм/сек өлшенеді. Тербеліс жиілігі 8-16 Гц болса, онда бұны төменгі жиіліктегі тербеліс дейді, ал 31-63 Гц орташа және 125-1000 Гц үлкен жиіліктегі тербелістеріне жатқызады. Тербеліс-діріл ауруын негізінен тудыратын 16-250 Гц жиіліктері. Тербеліс жылдамдығын қабылдау табалдырығы 10-4 м/с, ал ауру сезімінің табалдырығы 1 м/с-на тең. Ілеспелі өндірістік факторлар: шу, тоңу, статистикалық-динамикалық ауыртпалықтар, шарасыз жұмыстар, жалпы иммундық реактивтіліктің төмендеуі патологияның тез дамуына және сырқаттың клиникалық көрінісінің өзгеруіне әсер етеді. Жұмысшының тербеліспен қатысуына қарай:
1) жергілікті;
2) жалпы;
3) үйлестірілген тербелістерді ажыратады. Жергілікті тербеліс діріл ауруы көбіне соқпалы немесе айналмалы механикаландырылған аспаптармен жұмыс істейтіндердің көбіне қолы арқылы беріледі. Ал жұмыс орнының шайқалуы жалпы тербелісті тудырады. Үйлестірілген тербеліс деген жалпы және жергілікті тербелістер қосылғанда болады. Тербеліс-діріл сырқаты көбінесе көлікте, металл өңдеу, машина жасау, таукендерін қопару құрылыс жұмысында жеңіл өнеркәсіптерінде, ауыл шаруашылығында және т.б. жерлерде жұмыс істейтін жұмысшыларда кездеседі. Көптеген көліктердің жұмысы тербеліспен бірге жүреді. Тербеліске келесі мамандықтар ұшырайды: металл құю, металл қысқартушылар, шегелеушілер, бұрғылаушылар, тас кесушілер, жонушылар, өңдеп тегістеушілер, жылтыратушылар, ұштаушылар, зімпарашылар, слесарь құрастырушылар, орман құлатушылар, бетон құюшылар, дәрі жасаушылар, бульдозерді жүргізушілер, тракторшылар, ұшқыштар, теңізшілер т.б.Қарап отырсаңыздар біздің Қазақстанда бұл ауру жиі кездесуі мүмкін. Ол мына өндіріс дамыған қалаларда: Павлодар, Екібастүз, Шымкентте, Өскеменде, Қарағанды, Тараз, Орал, Жаңатас, Жезқазған, т.б. қалаларда жұмыс істеген жұмысшыларда кездеседі. Ал Алматыда мақта-мата комбинатында, ауыр машина жасау зауыты, жиһаз жасау фабрикасы және т.б. өндірістерді айтуға болады.

Патогенезі.

Тербеліс ауыруының патогенезі өзінің дамуымен, полиморфологиялық түрлерімен ерекшеленеді. Ауру нерв, жүрек қан тамырлар жүйесінің, тірек қимыл аппараттарының ішкі органдардың қызметтерінің рефлекторлық бұзылыстарымен өтеді. Оның пайда болуына негізінен нейрогуморалдық, нейрогормоналдық, рефлекторлық және реттеу механизмдерінің бұзылыстары жатады. Тербеліс ағзалардың барлық тінімен қабылданады, негізінен басты нерв және сүйек тіндерімен, кейінгі жақсы өткізгіш және резонатор, діріл тері қабатында, қолдың, табанның, бұлшықеттің тамырларында орналасқан тербеліс сезімталдығымен, яғни Фатер-Пачини денешіктерімен қабылданып, тиісті орталықтарға жеткізіледі. Тербеліс ұзақ уақыт шеткі рецепторларға әсер етсе, тербеліс сезімтал талшықтар арқылы жоғары орталықтарға тез тарайды. Афференттік импульстар рефлекторлық түрде жұлынның вегетативтік симпатикалық түйіндеріндегі тамыр орталығына одан ретикулярлық формация бағаналарына, ми қыртысына өтеді, аймақтық қан айналымы мен гомеостаз бұзылады. Қозу тербеліс орталықтарынан көршілес аймақтарға беріліп, шеткі қанайналымын, ауру сезімін, температуралық және тербеліс сезімдерінің бұзылуына әкеледі. В.Г.Артамонова оның әріптестері (1990), Э.А.Дрогичина, Н.Б.Метлина (1971), Т.Какаду т.б. зерттеулері бойынша орталық нерв жүйесі реттелу қызметінің бұзылуынан тамырлар тонусының, әсіресе шеткі айналымында айқын ангиоспазм немесе атония бұзылыстарына әкеледі. Сонымен қатар катехоламиндердің алмасу үдерістері бұзылады, катехоламиндердің басында көбеюі, кейін азаюы, организмнің бейімделу қабілетінің әлсіреуі байқалады. Бұл да одан сайын микроциркуляцияның капиллярлық алмасу үдерісін жоғарылатып, бұлар оттегінің жетуін және жиналуын, тотығу-тотықсыздану үдерістерін бұзады, тамырлардың өткізгіштігі өте жоғарылайды. Осыдан тербеліс сезімталдығы айқын өзгеріп, тамырдың тарылуы айқындала түседі. Кейіннен дистрофиялық ангиотрофикалық (қантамырлар неврозынан, қантамырлардың қоректену алмауы) патологиялық үдеріс пайда болады. Ангиотрофикалық бұзылыстар негізінен нерв, жүрек-қантамыр, тірек-қимыл аппаратарында, көбінесе бұлшықеттерде, сүйектерде, иық буындарында байқалады. Қазір тербелістің әсерінен вегетативтік-тамырлық реттеудің рефлекторлық бұзылуы да дәлелденген. Осыдан ауру сезімі, тоңу, сүйектердің, бұлшықеттердің ангиотрофикалық, астеновегетативтік бұзылыстар дамиды. Тербелістің гипертония ауруының тез дамуына әсер беретіні де белгілі.

Тербеліс-діріл ауруының жіктелуі

Көріну дәрежесіне қарай бірінші жіктелуін А.А. Дрогичина мен Н.Б. Метлина 1959 ж. ұсынды. Бұнда аурудың 3 дәрежесін ажыратады:
• Бастапқы, айқын емес I кезеңі - жеңіл дәреже.
• Орташа дамыған II кезеңі - орташа дәреже.
• Айқын дамыған III кезеңі - ауыр дәреже.
1963 жылы Е.Ц.Андреева-Галанина, В.Г.Артамонова аурудың жіктелуін ұсынды, онда тербеліс ауруы 3 түрге бөлінген:
1. жергілікті тербеліс әсерінен болған;
2. жалпы тербеліс пен сілкінудің әсерінен болған;
3. үйлестірілген тербеліс әсерінен болған.
1967 ж. Э.А. Дрогичина мен Н.Б. Метлина көбінесе кездесетін 7 клиникалық синдромдардан құрастырған (ангиодистониялық, ангиоспастикалық, вегетативтік-полиневритикалық, невротикалық синдром, вегетомиофасциттік, диэнцефалдық және вестибулярлық) жіктелуді ұсынды. 1971 және 1997 жылдар жіктелуі бойынша Санкт-Петербург қаласындағы санитарлық-гигиеналық институтының кәсіптік аурулар кафедрасы ұсынған тербеліс-діріл ауруымен ауыратын науқастардың құрылымы көрсетілген.
Жалпы тербеліс-дірілден болған тербеліс-діріл ауруының жіктелуі (М.Б.Метлина, В.Г.Артамонова т.б., 1989 ж.).
І-дәрежелі(алғашқы көріністер):
1. ангиодистониялық синдром (церебральді немесе шеткі);
2. вегетативті-вестибулярлық синдром;
3. сенсорлық (вегетативті-сенсорлық) аяқ-қолдың полиневропатиялық синдромы.
ІІ-дәрежелі (орташа ауырлық көріністер): 1. церебралдық-шеткі ангиодистониялық синдром; 2. сенсорлық полиневропатиялық синдром: а) полирадикулярлық бұзылыстармен; б) екіншілік бел-сегізкөз түбірлік синдроммен (бел-сегізкөз остеохондрозының нәтижесінде); в) нерв жүйесінің қызметтік бұзылыстарымен (неврастения синдромы).
ІІІ-дәрежелі (ауыр көріністер):
1. сенсорлық-моторлық полиневропатиялық синдром;
2. дисциркуляторлық энцефалопатиялар шеткі полиневропатиямен қосарланған синдром (энцефалополиневропатиялық синдром).

Клиникасы.

Аурудың клиникасы әртүрлі және көптеген ағзалар мен жүйелердің зақымдануымен, оның ішінде көбінесе шеткі қанайналымы, нерв жүйесі, тірек-қозғалыс аппаратының өзгеруімен көрінеді. I. Жергілікті тербеліс әсерінеи пайда болған тербеліс-діріл ауруы механикаландырылған қол аспаптарымен жұмыс істейтін жұмысшыларда кездеседі, ауру бірте-бірте дамиды, негізгі жұмысшыларда жұмыс өтілі көп адамдарда дамиды. Көбінесе тербеліс құрал сайманымен жұмыс жасау өтілі 3 жылдан 6 жылға дейін. Жұмыс өтілінен басқа ауысым кезіндегі түйісу уақыты қолданылған күшке, қуатқа, желдетуге және шуылға байланысты. Тербеліс-діріл ауруының бастапқы көрінісі (І-кезең) шеткері ангиодистониялық синдром немесе қолдардың сенсорлық полиневропатиясы. Бұнда науқастардың негізгі шағымдары: қол саусақтарының сәл ағару «ұстамасы», ол қолды суық сумен жуғанда және жалпы тоңғанда пайда болады, қолдың сыздап, сырқырап ауыруы, қолдың ұюы және жыбырлау сияқты сезімнің пайда болуы, саусақтардың тоңуы және терлеуі. Қарағанда саусақтың сәл ағарғанын байқауға болады. Салқын судан кейін саусақ ұшының мұздауына және бастың ауыратынына шағымданады. Сырқаттың орташа (II - кезең) дамыған кезеңінде айтылған симптомдар үдеп, оған қолдың тырысуы мен әлсіздігі, бастың жайылмалы ауыруы, жүрек соғуының жиілеуі қосылады. Тексеріп қарағанда саусақтарының көгеріп жансыздануы және шамадан тыс тершеңдік, тері қабатының температурасының төмендеуі және саусақтарының сезімталдығының бұзылуы анықталады. Тырнақ орналасқан жерлерге капилляроскопия жасағанда олардың спастикоатониялық немесе атониялық қалыпта болуы көрінеді. Термография жасағанда 10%-ке дейінгі гипотермия немесе саусақтар мен қолдардың кейбір бөліктерінде ауытқуларын байқауға болады. Саусақтың реографиясы артериолдардың физиологиялық жағдайдағы күш қуатының өсуін және оларда қан толымының азаюын байқауға болады. Алдында ангиодистониялық, кейін ангиоспастикалық синдром ретінде көрінеді («өлген саусақтар» симптомы дамиды), онан әрі ангиоспастикалық синдром жоғарылап, ауыру, тербеліс сезімталдығының бұзылуы (гиперстезиялар) немесе кейін төмендеуі (гипостезиялар) өседі (паллестезиометрия әдіспен табылады), ісік пайда болады, ал кейбір науқастарда трофикалық бұзылыстар: шамадан тыс қабыршықтану, тері немесе шырышты қабықтың қалыңдап қатаюы (пахидермия) пайда болады. Тері асты жұмсақ тіндерде де өзгеріс болуы мүмкін, айтқандай жасушалардың ісінуі, бұлшықетінің тартылып ауыруы қысқа немесе ұзын «қолғап» ретінде полиневритикалық синдромы байқалады. Одан басқа да сүйектердің зақымдануы мүмкін - саусақ сүйектерінің қоректенуі нашарлайды, сүйек тіндерінің остеопороздануы, остеолизі, сүйектердің қатаюы (остеосклероз) немесе эностоз, периостоз пайда болады. Басқа буындарда омыртқалардың остеохондрозы тез дамиды. Көбінесе қолдың айқын ауыруы байқалады, вегетативтік-трофикалық, астеноневротикалық, тінде барлық зат алмасу үдерістері бұзылады: ақуыздтық, витаминдік, электролиттік. Олар көптеген ағзалардың зақымдануына септігін тигізеді. Тербеліс-діріл ауруы анық көрсетілген кезеңі - ІІІ дәреже қазіргі уақытта өте сирек кездеседі. Мұнда клиникалық сенсорлық-моторлық полиневропатиялық синдромдар едәуір түрінде байқалады.

Емі.

Тербеліс ауруының түріне және дәрежесіне байланысты салыстырмалы түрде емдеуді қолданады. Емдеуді аурудың этиологиясына, патогенезіне, симптоматикасына байланысты жүргізеді.
1 Этиологиялық - сырқатты тудыратын себепті жоюға арналған. Ең алдымен ағзаға әсер ететін тербелістер және қолайсыз жағдайларды уақытша немесе толығымен тоқтату керек.
2. Патогенетикалық тамыр кеңейткіш және қоректендіруді жақсартатын дәрі-дәрмектер: никотинамид, никотин қышқылы, галидор, ангиотрофин, В1, В6, В12; С; Е витаминдері беріледі;
• ганглиоблокаттарлар мен холинолитиктерді үйлестіре қолдану (бензогексоний, аминазин, пахикарпин, дифацил);
• физиоемдеу тәсілдерін қолдану: 4 немесе 2 камералы ванналар нафталанмен (ангиоспастикалық жағдайда жақсы әсер етеді) және новокаинмен электроферез жасау, балшықпен емдеу, бальноологиялық (родондық, күкіртік сутек, йодты-бромды ванналар), магнезиялық гальваникалық жаға, массаж, кейінгі едәуір спастикалық жағдайда жасамайды.
• Санаторлық-курорттық емге үлкен мән беріледі: Ялта, Белокуриха, Машура, Сары-Ағаш, Жаңа-Қорған, Алма-Арасан және т.б. ұсынылады.
3. Симптоматикалық ем.
МӘС сұрақтары. Алғашқы қызметтік жағдайда жұмысшыға қосымша еңбек ауру қағазы 2 айға беріледі, уақытша басқа жеңіл жұмысқа (тербеліссіз) көшіріледі, осымен бірге кешенді ем тағайындалады. Уақытша қосымша қағазымен науқас 100% айлығын сақтай отырып, еңбекке қабылетсіздігінің дәрежесі анықталады. Емдегеннен кейін халі жақсарған жағдайда, қайта жұмысына жіберіледі, егер де әсері болмаса мүгедектікке МӘСК арқылы шығарылады немесе басқа жұмысқа рационалды орналастырылады. Егер адам мүгедек деп табылса, оған еңбектік оңалту шаралар жасалады. Профилакторий, санаторийге емделуге жіберіліп тұрады.<ref>«КӘСІПТІК АУРУЛАР» Бекмурзаева Э.Қ., Сейдахметова А.А., Сейдалиева Ф.М., Абдукаримова Ж.М., Умиралиева Г.А., Ибрагимова Р.Б., Садыкова Г.С., Қорғанбаева Х.Т., Байдуллаев Б.М., Азизова А.А., оқу құралы, Шымкент 2012 </ref>

Дереккөздер

<references />