Темірдің қайта таралу анемиясы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Темірдің қайта таралу анемиясы (темірдің қайта қолданылуы бұзылған анемия) – темірдің қордан плазмаға және кейін эритрокариоциттерге жеткізілуінің бұзылысынан туындайтын анемия. Осы жағдайда темірдің өзіндік қайта таралуы болады: ол қорда – темірдің сақталу орындарында шоғырланады. Ағзаның қалыпты гемопоэзі үшін тәулігіне 25 мг темір керек. Ішектен күніне тек қана 1-1,5 мг сіңіріледі. Қалыпты эритропоэзге қажет темірдің қалған мөлшері бұзылып жатқан эритроциттерден темірдің қайталап қолданылуы (реутилизациясы) қамтамасыз етеді. Темірдің қайта таралу анемиясы кезінде темірдің реутилизация механизмі бұзылып, қордың макрофаг жасушалары темірді мықтап ұстап алып, оны эритроциттегі гемоглобин синтезі үшін қолдануға мүмкіндік бермейді. Темір макрофаг жүйесінің жасушаларында ферритин мен гемосидерин түрінде қорда сақталып, ағзаның шынайы емес темір тапшылығын туындатады. Темірдің қайта таралу анемиясы барлық анемиялар арасында ТТА кейінгі екінші орында кездеседі. Ол өкпе, бүйрек, несеп шығару жүйесі, жыныс мүшелері, сүйек (остеомиелиттер), өт шығару жүйесінің жедел және созылмалы инфекциялық-қабыну (әсіресе іріңмен жүретін) аурулары, сепсис, инфекциялық эндокардит, әр жерде орналасқан туберкулез, саркоидоз, созылмалы лейкоздар, ревматоидты артрит, серонегативті артрит, гепатит, қатерлі ісік аурулары (анық және жасырын қан кетулер, сүйек миына метастазы, гемолизі жоқ жағдайларда), бауырдың алкогольдік ауруларында дамуы мүмкін. Аталған аурулар кезінде «макрофаг жүйесінің жасушалары едәуір белсендікке ие болып, темірдің қорда жиналуына өз үлесін қосады»,- деген болжам бар. Темірдің қайта таралу анемиясының диагноздық критерийлері • орташа гипохромды анемия, реңдік көрсеткіші төмен. Салыстырмалы түрде нормохромды анемия сирек кездеседі. Гемоглобин деңгейі орташа дәрежеде төмендейді (80 г/л төмендеуі сирек); • сарысулы темір деңгейі қалыпты, кейде ол аздап кемуі мүмкін; • сарысулы трансферрин төмендейді, кейбір жағдайда қалыпты; • сарысулы ферритин жоғарылайды; • сүйек миында сидеробластар саны кемиді; • белсенді қабыну (инфекциялық және инфекциялық емес) үрдістердің клиникалық-зертханалық белгілері болады. Емі Негізгі ауруды емдеу. Темірі бар дәрілер тағайындалмайды. <ref>“ҚАН АУРУЛАРЫ”, Байжанова К. Т., Бекмурзаева Э.Қ., оқу құралы, Шымкент 2010 </ref>

Дереккөздер

<references />