Табақ жасау

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Табақ деп әдетте ас салатын, беті кең жайпақ ағаш ыдысты айтады. Темір табақ, шыны табақтар бертінде шыққан.

Қазақша еттен табақ тартқанда оның бірнеше түрін білу абзал. Ондай табақтарды жасауға халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын жақсы білетін көргенді адамдар шақырылған. Қазақ ғұрпында табақ дегеніміз — бас табақ, сый табақ, орта табақ, аяқ табақ деп негізінде төртке бөлінеді. Оның бер жағында күйеу табақ, құдағи табағы, қыздардың, соғымшының, малшының табағы деген табақтар және бар. Олар өздерінің атына, маңызына қарай еттің әр түрлі мүшесінен жасалады. Қойдың қадірлі мүшесі бас, жамбас, тоқпан жілік, асық жілік. Жылқының ең қадірлі мүшесі жая, қазы, қарта, жал деп саналады. «Жақсының жейтін асы — жая мен жал» деп басталатын өлең де осыған дәлел. Бас табаққа бас, жамбас салынуы шарт. Орта табаққа асық жілік, кейде жамбас та түседі. Сый табаққа да бас, жамбас салынуы шарт. Аяқ табақ ауыл адамдары үшін (қонақ емес) еттің басқа мүшелерінен жасалады. Күйеу табаққа бір сан жілік пен төс салынады. Келін табаққа да төс және ұлтабар, жүрек түседі. Қыздардың табағына жүрек, бүйрек, жағымен тіл салынады. Құдағилар табағында жамбас немесе асықты жілік пен сүбе болады. Әйелдер табағына, кейбір ерекше жағдайда болмаса, бас салынбайды. Басты ең жасы үлкен, қадірлі қонақ ұстайды, оның ұсынуы бойынша табақ басында отырған адамдардың ішіңдегі басқа бір беделдісі ұстайды. Бас табақтағы адамдар әуелі бас алынбай тұрып, табаққа қол салмайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша бас ұстаған адам әуелі өзі бір кесіп ауыз тиеді де, содан кейін табақтастарына құйқа үлестіріп, тегіс ауыз тигізеді. Осыдан соң бастың жарым жарты құйқасын, бір құлағын сақтай отырып, орта табақтағы жасы үлкен адамға ұсынады.

Жерік асының табағы. Қазақ қауымы ананы ерекше құрметтеген. Екіқабат ананы құрметтеудің көптеген белгілерінің бірі — оған арнап, мол салып табақ жасап, жерік асын апару. Жерік асының табағына кексе әйел болса жамбас, жас әйел болса, асықты жілік, төс, ұлтабар салынып, үстіне жаңа соғылған болат кездік (пышақ) салып апару салты болған. Ондай табақ мол, үйеме болып жасалады. Сол сияқты жаңа түскен келіншектің бетін ашқан соң, оған өзіне жеке арналған «беташар» табағытартылады.

Дереккөздер

<references/>

1. Қазақ халқының ұлттық тағамдары кітабы,Атамұра 2011ж.

2. ↑http://kitaptar.com/