С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Nklibrary.png
С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – Солтүстік Қазақстан облысының ең ірі кітапханасы, облыстың қалалық және аудандық кітапханалары үшін әдістемелік орталық болып табылады.

Бүгінгі күні С.Мұқанов атындағы ОӘҒК-да 15 бөлім мен сектор жұмыс істейді, оларда 72 адам қызмет етеді, олардың 53-і – кітапханалық қызметкерлер. Кітапханада оқырмандарға оқу залдары мен абонементтер жүйесі, сондай-ақ Құжаттарды электронды жеткізу қызметі арқылы қызмет көрсетіледі.

Оқырмандар Кітапхананың 500 мыңнан астам әмбебап мазмұнды кітапхана қорын, уақыт талабына сай компьютерлендірілген бөлімдерін, интернет орталығын, кітапхананың электрондық каталогы мен құқықтық мәліметтер қорларын пайдалана алады.

Тарихы

Петропавлда кітапханалар ХІХ ғасырдың 80-жылдары пайда бола бастады.

"Памятная книжка Акмолинской области на 1887 г.", Омбы, 1887 ж. анықтамалығының мәліметтері бойынша, Петропавлда бір кітапхана болған. XX ғасырдың басында Петропавл қалалық кітапханасы қалалық асхана-шайханада орналасты. Бұл жерде кітапханаға жеке бөлме берілді. Келушілер газет, журнал, кітап оқыды. Абонемент күн сайын, ал оқу залы шайханамен бірге жұмыс істеді. Кітаптар үйге тегін берілді. 1905 жылы Петропавл кітапханасының 2859 оқырманы болды.

1934 жылдың 15 сәуірінде БКП(б) Қарағанды облыстық комитетінің бюросы «ОблХББ-ге 1934 жылдың 10 мамырынан кешіктірмей Петропавл қалалық орталық кітапханасын облыстық кітапхана қылып қайта құру туралы жөнінде ұсыныс жасау туралы…» қаулы етті. Қалалық кітапхана ол кезде Қараванная (қазіргі К.Сүтішев), 14 көшесінде орналасқан. Кітапхананың жылжымалы қорында мың кітабы болған. Солтүстік Қазақстан облысының құрылуына байланысты, 1936 жылы Қарағанды облыстық кітапханасы Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасы болып өзгерді. 1936 жылы кітапхана Солтүстік Қазақстан облысының бюджетінен бөлінген қаражатқа (13 мың рубль) өз бетімен кітап қорын қалыптастыруға кірісті.

1941 жылдан 1973 жылға дейін кітапхана Ленин (қазіргі Қазақстан Конституциясы), 41 көшесінің бойындағы бір қабатты ғимаратта орналасты. 1973 жылы Петропавл қаласында кітапханаға жаңа ғимарат салынды. Ауданының кеңеюіне байланысты, кітапханада кітап сақтау, ауыл шаруашылығы мамандарына қызмет көрсету, өнер жөніндегі әдебиеттер, шетел тіліндегі әдебиеттер, кітапханааралық абонемент, айырбас-резерв қоры бөлімдері құрылды.

1973 жылдың 23 мамырында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен кітапханаға Сәбит Мұқанов есімі берілді. Кітапханада екі мұражай бар: 1980 жылы ашылған Сәбит Мұқановтың мемориалдық мұражай-бөлмесі және 1996 жылы құрылған Сирек кітап мұражайы.

Кітапхананың қорлары

Негізгі кітап қоры

С.Мұқанов атындағы ОӘҒК-ның кітап қорында 500 мыңнан артық кітап бар. Кітапхана кітаптардан басқа мемлекеттік және басқа тілдерде отандық және шетел мерзімді басылымдарынынң 500-ден артық атауын алады. Қордың құрамына кітаптар, мерзімді басылымдар, аудиокітаптар, электрондық басылымдар, карталар, ноталық басылымдар кіреді. 16-17ғғ. сирек кітаптар топтамасы – қордың ерекше құндылығы болып табылады.

Электрондық қор Электрондық қор өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап құрыла бастады. 2013 жылдың қаңтар айында қор көлемі 500-ге жуық э-көшірмені құрады.

Сирек және құнды басылымдар қоры 2013 жылы сирек басылымдар қоры 3 мыңнан артық сақтау бірлігін құрады, көне кітаптар дүкендерінен жазылып алынатын кітаптармен, оқырмандар сыйға тартқан кітаптармен толықтырылды. Сирек қордың негізін Петропавл қалалық басқармасы қоғамдық кітапханасының (1880жыл), Петропавл реалдық училищесі кітапханасының, Петропавл әйелдер гимназиясының, Көпестер Казанцевтер мен Смолиндердің жеке меншік кітапханаларының кітаптары құрайды.

Өлкетану қоры Қор 30 мыңға жуық дананы құрайды. Өлкетану қорының негізін Солтүстік Қазақстан облысы, белгілі жергілікті тұрғындар туралы кітаптар мен кітапшалар, жергілікті анықтамалықтар, жол көрсеткіштер, Петропавл қаласының көрнекі жерлерінің фотосуреттері мен слайдтар, жергілікті авторлардың шығармалары құрайды. Қорда қызықты және сирек басылымдар бар: «Памятная книжка и Адрес-Календарь Акмолинской области на 1912 год», «Памятная книжка Акмолинской области на 1887 год. Адрес-Календарь и географическо-статистические сведения», «Справочник по г. Петропавловску Акмолинской губернии - на 1925 год». Өлке туралы ақпараттық ресурстарға мыналар кіреді: өлкетану қоры, «Солтүстік Қазақстан мұрағатының сирек қоры» және «Солтүстік Қазақстан облысының күндер мен оқиғалар хроникасы» картотекалары.

Шетел тілдеріндегі әдебиеттер қоры Қор әлем халықтарының көптеген тілдерінде жазылған 7 мыңнан артық басылымдардан тұрады: тілдік және салалық сөздіктер мен анықтамалықтар, шетел тілдерін үйренуге және оқытуға көмек ретінде әдістемелік және оқу құралдары, ғылым мен техниканың түрлі салалары бойынша басылымдар, беллетристика, әлем тілдерінде жазылған елтану әдебиеттері.

Өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің қоры Өнер жөніндегі әдбиеттер қоры өнердің барлық түрлері бойынша 45 мың данадан артық баспа және электрондық құжаттардан тұрады: музыка, кино, театр, бейнелеу өнері, архитектура, мұражай ісі бойынша кітаптар; кескіндеме, графика, мүсін өнері және сәндік-қолданбалы өнер бойынша альбомдар, ноталық басылымдар, видео және компакт дискілер. Қордың аса құнды бөлігін "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша шыққан кітаптар құрайды.

Көркем әдебиет қоры Көркем әдебиет қоры 160 мың данадан асады, Қазақстан жазушыларының, шетел әдебиеті классиктерінің көркем шығармаларынан, қазақ және орыс тілдерінде жазылған қазіргі әдебиеттерден құралған.

Оқырмандарға көрсетілетін қызметтер

С.Мұқанов атындағы ОӘҒК оқырмандарына бірқатар электрондық қызметтер көрсетіледі: қашықтағы толықмәтінді мәліметтер қорларына қатынау, электрондық каталогтардан ақпарат іздеу, кітапханашыға және әдіскерге сұрақ қою мүмкіндігі – виртуалды анықтама қызметі; ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының қорларынан шығармалардың электрондық көшірмелерінің үзінділерін электрондық жеткізу, оқу залдарына алдын ала тапсырыс беру, кітапханаға қашықтан жазылу және әдебиеттердің мерзімін он-лайн ұзарту, т.б. Кітапханада 15 бөлім және сектор бар:

1. Оқу залдары бөлімі

  • «Білім» ақпараттық қызметі
  • Әдеби қонақжай

2. Абонемент бөлімі

  • «Шексіз кітап» оқу орталығы
  • Экологиялық ақпарат және мәдениет орталығы
  • «Үйлесім» клбуы

3. Өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімі

  • «Мәдениет» ақпараттық қызметі
  • «Шабыт» клубы

4. Ақпараттық-библиографиялық бөлім

  • Құқықтық ақпарат орталығы
  • «Өлкетанушы» клубы

5. Әлем әдебиеті залы

  • «Movie-Club»- ағылшын кино-клубы
  • «Discussion club”- пікірталас клубы
  • “Game club”- ағылшын ойын клубы
  • «Book club»- ағылшын кітабы клубы

6. Электрондық кітапхана 7. «Мәдени мұра» орталығы

  • «Қаламгер» клубы

8. Интернет – тренинг орталығы 9. Кітап сақтау бөлімі 10. Инновациялық-әдістемелік бөлім

  • «Кәсіпқой» кітапханалық білім беру орталығы
  • Әдістемелік бірлестік

11. Әдебиеттерді толымдау, каталогтау және өңдеу бөлімі 12. Есепке алу және бақылау бөлімі 13. Ауыл шаруашылығы әдебиеттері секторы 14. Өлкетану секторы 15. «Америкалық бұрыш».

Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай-бөлмесі

С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай-бөлмесі 1980 жылы жазушының 80 жылдығына орай ашылды. Мұражай-бөлменің салтанатты ашылу рәсіміне Ғабит Мүсірепов қатысты. Киіз үй түрінде жасалған мұражайда жазушының қазақ және орыс тіліндегі шығармалары, суреттері, хаттары, естеліктер, деректі материалдар және түсініктеме мәтіндер, жазушының дауысы жазылған үнтаспалар жиналған. Мұражай-бөлмеде жазушының жеке заттары: "Мөлдір махаббат" романын жазған сия құралы, таяғы, берегі, қобызы, шапаны және т.б. бар. Экспозиция үнемі жаңартылып тұрады. Мұражай әдеби кездесулер өтетін орынға айналды. Келушілер мұражайға сыйға берілген кітаптармен және Ғ.Мүсірепов, С.Шаймерденов, Б.Төлегенова, Е.Евтушенко, жазушының жары Мәриям Мұқанова, І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, және басқа да мәдениет қайраткерлері, шетелдік қонақтар және басқа да танымал тұлғалардың қолтаңбасы қойылған "Пікірлер кітабымен" таныса алады. Жыл сайын С.Мұқановтың туған күнінде – 22 сәуір күні Мұқанов оқулары өткізіледі.

Сирек кітаптар мұражайы

Сирек кітап мұражайы 1996 жылы ашылды. Мұражайдың ерекше мақтанышы – 3 мың данаға жуық басылымдардан тұратын сирек қоры. Мұнда әдебиет, өнер, ғылым классиктерінің көзі тірісінде шыққан және алғашқы басылымдары, полиграфия және түптеу өнерінің тамаша үлгілері жиналған. Кітапханада оқырмандар күні белгіленген "Остромирова Евангелия" атты алғашқы орыс кітабымен (1056-1057) таныса алады. Мұражайда бүгінгі күнге дейін құндылығын жоймаған көп томдық энциклопедиялық басылымдарды: Брокгауз бен Ефронның (1890-1907), ағайынды Гранаттардың энциклопедиялық сөздіктерін табуға болады. Кітап тарихына қатысты барлық шаралар мұражайда өтеді, жыл сайын Славян жазуы мен мәдениеті күндері өтеді. 23 сәуір күні Дүниежүзілік кітап күніне кітап тарихына қатысты әдебиеттерді қарау, шолулар өтеді. Жүйелі түрде мұражайға экскурсия жасалады.

Шаралар

Жыл сайын кітапханада 100-ден артық ірі көпшілік шаралар өткізіліп, оларға 5 мыңға жуық адам қатысады. Республикалық және облыстық конференциялар, ақпарат күндері, шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер, клубтардың отырыстары, экскурсиялар, кітап тұсаукесерлері, Ашық есік күндері, веб-чаттар, шеберлік сыныптары, жаңа кітаптарды қарау және бағы басқалар – қаламыздың зияткерлік және шығармашылық өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Тұрақты қолданылатын суретті кітап көрмелері, тосын көрмелер, феерия көрмелер, жаңа кітаптар феериясы, ақпараттық-кітап алаңдары, кітап брендтері, журнал аллеялары және тағы басқа көптеген көрмелер ұйымдастырылады.

Кітапхананың жұмыс тәртібі

Кітапхана пайдаланушылар үшін сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Виртуалды анықтама қызметі тәулік бойы жұмыс істейді. Әр айдың соңғы бейсенбісі – тазалық күні. Демалыс күні – дүйсенбі.