Судья
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Судья– сот жүйесінде сот органының құрамына сайланған немесе тағайындалған лауазымды адам, сот билігін атқарушы. Оған конституциялық тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру және өзінің міндеттерін кәсіби негізде атқару құқықтары берілген.Ол өз құзыреті шегінде істі жеке-дара қарайды, соттың отырысын дайындау не оның үкімінің немесе басқа да шешімінің орындалуын қамтамасыз ету жөнінде өкім жасау қызметін атқарады. Қазақстанда барлық Судьялардың мәртебесі бірдей және бір-бірінен тек өкілеттіктерімен ғана ерекшеленеді. Судьяның құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының “Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” заңымен және өзге де заңдармен айқындалады. Оған заңда көзделмеген соттан тыс атқарымдар мен міндеттер жүктелмейді, сондай-ақ ол қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртібін сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгізілмейді. Қызметке конституция мен заңдарға сәйкес сайланады немесе тағайындалады, оның қызметі аталмыш конституц. заңда көзделген негізде және тәртіппен тоқтатылады немесе тоқтатыла тұрады. Судьялар ауыстырылмайды әрі тәуелсіздігі конституциямен және заңмен қорғалады және сот төрелігін жүзеге асыруы кезінде осы екеуіне ғана бағынады. Оған қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайдан басқа ретте ешкімнің тиіспеуіне, қызметіне ешкімнің араласпауына заң жүзінде кепілдік берілген. Істі Судьялар алқасының құрамында қарайтын Судья істі қарауға байланысты туындайтын барлық мәселелерді шешу кезінде төрағалық етушімен және басқа Судьялармен тең құқықта болады. Судья сот істерін қарау кезінде заңдылықты бұзғаны үшін, Судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін, еңбек тәртібін өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Судья өзінің жоғары мәртебесіне сәйкес мемлекет есебінен материалдық және әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қамсыздандырылады.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том</ref>
Дереккөздер
<references/>
{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}