Сауыс, сауыс-сауыс

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сауыс, сауыс-сауыс. Мағынасы — сірі боп баттасып,қатып қалған кір дегенді ұғындырады. «Сауыншылар шелектерін жерге қойып, сауыс болған тері алжапқыштарын, дізе қаптарын байлай әңгімелесіп тұр» (Ғабиден Мұстафин, Дауыл.). «Сулықтың етегі шұбалып еденге тиеді, омырауы мен жеңінің аузы сауыс-сауыс» (Б. Соқпақбаев, Балалық.). Сөз төркіні, шыққан тегі тек қана түркі тілдері дерлік деректер жеткілікті. Түсіндірме сөздікте кірдің бұл түріне өте дұрыс анықтама берілген. Ол киімге жұғып, жабысатын басқа кірлерден өзгеше — оңайлықпен кете қоймайтын шырышты да, жуып кетіруде шырғалаңы мол кір. Ой таразысына салсақ, кірдің бұл атауы сәйкесті руден, сәйкестіре отырып бейнелей айтудан туған деуге тура келеді. Адам денесіне не киіміне жұғатын заттардың ішінде ең жабысқағы, жармасып айырылмайтыны — сағыз. Қазіргі түркі тілдерін былай қойғанда, ертедегі түркі жазба ескерткіштерінен бері мұның «сағыз» аталып, «шайнайтын шайыр» мағынасын беретіні мәлім. Осы атау, сол мағынасында қазақтардан басқа да, кейбір түркі тілдерінде сәл дыбыстық өзгеріске ұшыраған қалпында сақталған. Қырғыздарда — сағыз, якутша — ыас, тува тілінде — чук, хакастарда — сағыс. Осылардың ішінде, сырткөзге, күдік тудырып тұрғаны — якут, тува тілдеріндегі тұлғалар. Мұның себептерін түркі тілдеріндегі дыбыс заңдылықтарымен түсіндіру қиын емес. Мысалы, біздегі «сегіз» сөзі — якуттарда «ағыс». Демек, якут тілінде кейде бастапқы дыбыстар түсіріліп айтылатын заңдылықтар да бар. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі «сары» сөзі — өзбектерде «сариқ». Дәл осы сияқты тува тілінде соңғы дыбыс түсіріліп «чук» болып қалыптасқан. Ойымызды жинақтап, түйіндей келгенде, «сауыс-сауыс» сөзінің алғашқы тұлғасы мен мағынасы ертедегі түркі тілдеріне тән «сағыз» сөзімен бірдей. Бұл жерде «ғ» -ның орнын «у», «з» дыбысын «с» -ның алмастыруы да түсініксіз болмаса керек (біздегі — тау, кейбір түркі тілдерінде — тағ; біздегі — сағыз, хакастарда — сағыс). Сөйтіп, «сауыс» немесе «сауыс-сауыс» дегендеріміз «сағыз» не «сағыз-сағыз» ұғымдарымен бірдей.<ref>Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}