Оңтүстік Жетібай кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Мұнай кен орны

Оңтүстік Жетібай - Оңтүстік Маңғыстау ойысымындағы мұнай-газ-конденсат кен орны. Көтерілім 1962-1964 жылдары табылып, 1968 жылы нақтыланып ашылды. 1972 жылы триас шөгінділеріндегі жатындар белгілі болды.

Географиялық орны

Маңғыстау облысында, Ақтау қаласынан оңтүстік-шығыста 75 км-де, Жетібай кен орнының оңтүстігінде 4,5 км жерде орналасқан.

Геологиялық құрылымы

Кен сиыстырушы құрылым, ірі тектоникалық тұрғыдан алғанда, батысында Оңтүстік Жетібай, шығысында Нормауыл көтерілімдерімен күрделіленген ендікке жуық бағыттағы ассиметриялы брахиантиклиналь қатпар. Аален жікқабатының табаны (-2640 м-лік тұйықтаушы изогипса) бойынша көтерілімнің өлшемдері 4,8x1,1 км. Тереңдеген сайын оның өлшемдері өсе түседі, триастың анизий жікқабатының табаны бойынша 12x2,5 км-ге, амплитудасы 450 м-ге жетеді. Көтерілімнің оңтүстік қанаты біраз тік және аален шөгінділерінде байқалмайтын лықсымамен күрделіленген. Ортаңғы және төменгі юра, триас шөгінділерінің өнеркәсіптік мұнай-газдылығы анықталған. 15 горизонт бөлінген, өнімді қабат қалыңдығы 2000 м-ге жетеді. Стратиграфиялық бағанада бұлардан 7 горизонт ортаңғы юраның бат, екеуі - байос, үшеуі - аален жікқабатына, біреуі - төменгі юраға және екеуі - төменгі триастың оленек жікқабатының шөгінділеріне жатқызылған.

Қанығу сипаты

Қанығу сипаты бойынша төрт горизонт мұнайлы, екеуі газды, екеуі газ-мұнай-конденсатты және екеуі газ-конденсатты. Табиғи қорқоймасының типі жағынан төрт қойнауқаттың жатындары шомбал, екеуінікі қойнауқаттық, тектоникалық тұрғыдан қалқаланған, қалғандары қойнауқаттық. Жинауыштардың кеуек және аралас (кеуекті-ұралы-жарықшақты) типтері бөлінген. Екі қойнауқаттың пайдаланудағы ұңғымалары бойынша мұнай шығымы 10 мм-лік штуцерде 192 м3/тәу, ал бір горизонтта 9 мм-лік штуцерде 27,5 м3/тәу болды.

Тығыздығы, құрамы

Мұнайының тығыздығы 855-868 кг/м3, тек бір ғана жатынның мұнайы жеңіл (841 кг/м3). Мұнайлардың газға қанығу дәрежесі 64 м3/т-дан 99 м3/т-ға дейін өзгереді. Ортаңғы юра жатындарының газы өзінің құрамы жағынан ауыр, этан ұстаушы. Таулардағы ауыр көмірсутектердің үлес салмағы 14%-дан 39%-ға дейін жетеді. Газдың метандық құраушысы тереңдеген сайын 56%-дан 80,1%-ға дейін өседі. Бір жатын газының құрамында азоттың жоғары мөлшері (16,15%) байқалды, өзге жатындарда оның мөлшері аз, 1,3-4,4% шамасында, кейде 1,4%-ға дейін көмірқышқыл газы ұшырасады. Еркін газдағы ауыр көмірсутектер 18,2%-га дейін жетеді. Триас жатындарының газы жеңіл, метандық құраушысы 91%-ды құрайды. Тұрақты конденсат мөлшері юра жатындарында 108 г/м3, триас шөгінділерінде 125 г/м3 болды. Хлоркальцийлі типгі қойнауқат суларының тығыздығы 1074-1110 кг/м3. Сулардың жалпы минералдылығы юра горизонттарында 132-152 г/л, триас суларынікі 102,2 г/л. Суларда йод, бор, бром бар. Бұл кен орны 1973 жылдан игерілуде.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер