Орда Ежен хан

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Мемлекеттік қайраткер Орда Ежен хан (туған жылы белгісіз – 1253 жылы дүниеден озған) – Ақ Орданың негізін қалаған хан (1226 – 1253), қолбасшы Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның үлкен ұлы, қазақ хандарының арғы атасы. Орда Ежен 1236 – 1242 жылы моңғолдардың батысқа жасаған барлық жорықтарына белсене қатысты. Жошы ұлысы екі қанатқа бөлінгенде сол қанатын Орда Ежен, оң қанатын Бату хан басқарған. Осының негізінде 13 ғасырдың ортасында әскери-саяси иеліктер қалыптасып, соңынан олар дербес мемлекеттерге айналды. Жошы ұлысының сол қанатын билеген Орда-Ежен інілерімен қосылып Алтын Орда құрамына енетін, ішкі-сыртқы саясаты тәуелсіз Ақ Орда мемлекетін құрды. Рашид әд-Дин Алтын Орда мен Ақ Орда жөнінде олар бір-бірінен өте алыста жатты және өзара тәуелсіз ұлыстар болды деп жазды. Алғашында Орда-Ежен өзінің ордасын әкесі Жошының орталығына жақын жердегі Ертіс өзенінің жағалауына жайғастырды. Дегенмен, 1246 жылы Плано Карпини Моңғолияға бара жатқан сапарында оның ордасы Алакөл маңында болды деп көрсетеді. Орда Ежен өз беделінің күштілігіне қарамастан әкесінің орнына інісі Батудың Алтын Орда тағына отыруын қолдады. Қарақорымда Күйікті ұлы хан көтерген құрылтайға Жошы әулетінің атынан қатысты. Осы жиында Шыңғыс хан ұрпақтарының үлкендері ретінде Мөңке екеуі бірігіп, көтеріліске шыққандардың ісін тексеріп, жазаға тартты. Орда-Еженнің саяси рөлі тек Жошы ұлысында ғана емес, бүкіл моңғол империясында да жоғары болды. Рашид әд-Диннің айтуы бойынша, Алтын Орда билеушісі ресми түрде Бату болғанымен, Мөңке хан Шыңғыс хан империясының атынан өзі шығарған үкімдері мен жарлықтарында Орда-Еженнің атын Батудан бұрын қойған. Орда-Ежен өлген соң оның орнына төртінші ұлы Күнқыран келді.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том; Ускенбай К., Восточный Дашт-и Кыпшак в ХІІ – первой трети XV вв. Из истории Ак Орды // Вопросы истории Казахстана. ч.3, А., 2002; Қинаятұлы З., Қазақ мемлекеті және Жошы хан, Аст., 2004.</ref>

Дереккөздер

<references/>

Тағы қараңыз

Үлгі:Ақ Орда хандары