Мұсылмандық азаматтық құқық

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Мұсылмандық азаматтық құқықшариат заңы негізінде азаматтық қарым-қатынасты және содан туындайтын мәселелерді реттейтін қағида-ережелер жиынтығы.

Ондай қағида-ережелер фикһ ілімінің ең үлкен тармағын құрайды. Азаматтық құқық негізінен Ақудат, Айқаат, Ахкәм бөлімдерінде қарастырылған. Ондағы отбасы мен неке, сату мен сатып алу, қарыз беру мен қарыз алу, сақтауға беру, жалдану, кепілдік, үжіре, серіктестік, тапсырыс, жерді жалға беру, уақып, өсиет айту, татуластыру, банкроттық ең маңызды міндеттемелер қатарына жатады. Шарт талабы мүлтіксіз орындалуға тиісті міндеттемелер Ләзім тобына, ал бір тарап ұсынысымен шарт талаптарының жойылуы ықтимал міндеттемелер Жаиз тобына жатады. Ақудат өзара келісу арқылы жасалатын шарттарды қарастырады. Шарт жасасу үшін тараптардың ақыл-есінің бүтін болуы, өз ісіне жауап беру қабілетінің болуы, куәлердің қатыстырылуы талап етіледі. Екі жақтың келісімін талап етпейтін шарттар Айқаатта қарастырылған. Ондай шартты жасауға да, жоюға да екі жақтың келісімі талап етілмейді. Бірақ басқа ақудаттық талаптар сақталады. Айқааттың аясына ажырасу, ант ішу, нәзір (Алла жолына жақсы іс істеу), кафарат секілді бір жақты қабылданатын міндеттемелер кіреді. Мұсылмандық азаматтық құқықта барлық азаматтық құқықтық қатынастар қамтылған және бүкіл қағида-ережелер тек адамгершілік пен әділетке негізделген.

Мұсылмандық құқықтық жүйе

Мұсылмандық құқықтық жүйеислам діні және шариат ережелерін бұзған адамға қолданатын жаза-шаралардан тұратын 7 – 10 ғасырларда Араб халифатында қалыптасқан құқықтық жүйе. Негізгі қайнар көзі – Құран Кәрім. Сондықтан мұсылмандар әрбір әрекетке Алланың қатысы бар деп санап, ислами қағида-ережені бұзбауға тырысады. Мұны мұсылман елдеріндегі түрмелердің бос тұрғанынан көруге болады. Мұсылмандық құқықтық жүйенің ендігі бір қайнар көзі Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) айтқан уағыздары мен шешімдерінен тұратын хадис және оның өмір салты үлгілері қамтылған сунна. Сондай-ақ алғашқы төрт халифа шығарған шешімдер мен ережелер жиынтығы, Иджма және Қияс аталатын ережелер мен шешімдер жиынтығы да мұсылмандық құқықтық жүйенің қайнар көзі болып табылады. Қияс деп жоғарыда аталған қайнар көздерден таралатын мәселеге лайықты үлгі табылмаған жағдайда тәжірибе мен ақылға салып шығарған шешімдер мен үкімдерді айтады. Бұл қайнар көзге байырғы қазақ билері де көп жүгінген. Мұсылмандық құқықтық жүйе шариат, кәләм деген екі тармақтан тұрады. Шариғат тұрмыс-тіршілікке қатысты заңдардан құралған. Ал кәләм адамгершіліктің мәнін түсіндіреді және оны бұзған адамға шара қолдану туралы ережелерді қамтиды. Мұсылмандық құқықтық жүйеде адам әрекеті бес санатқа жіктеледі. Олар: парыз (орындалуы міндетті әрекеттер), мандуб (міндеттелмеген, бірақ орындалуы дұрыс саналады), мубаһ (әркімнің өз еркіндегі әрекеттер, жасалмағаны дұрыс), мәкруһ (қолдамайтын әрекеттер), һарам (тыйым салынған әрекеттер). Мұсылмандық құқықтық жүйе – әлемдегі үш құқықтық жүйенің біреуі. Ағылшын-саксондық және роман-германдық құқықтық жүйелерге қарағанда мұсылмандық құқықтық жүйе өзінің тұрақтылығымен, жинақылығымен, көпшілікке қолайлылығымен, әсерлілігімен, әділеттілігімен ерекшеленеді.<ref>Қазақ энциклопедиясы, 6 том.</ref>

Сыртқы сілтемелер

Дереккөздер

<references/>