Мыңбай Ахметкәрімұлы Рәшев

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Тұлға


Рәшев Мыңбай (1930), ақын.

Мыңбай Ахметкәрімұлы Рәшев (Тотыяйын Рамазанов) 1930 жылы 19 қазанда облысымызға қарасты шалғайдағы Баршатас ауданының "Алғабас" совхозында (бұрынғы Семей облысында) туған.

Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін бітірген.

"Жас алаш" (бұрынғы "Лениншіл жас!" газетінде) қызмет еткен.

Осыдан кейін "Ара" - " Шмель" журналына шақырылып, сықақ жанрында қызмет етуі де оның творчествосын байыта түседі. Журналдың алғашқы бас редакторы ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің тәлім-тәрбиесінде болған жылдары жемісті. " Терек пен тікенек", " Бетің қисық болса", " Қисық айна", " Суылдақ", " Бүйімбай" т.б. сатиралық жинақтары басылды. Сықақтары мен мысалдары " Крокодил қосымшасы" сериясында, " Крокодил", " Дружба народов" журналдарында да жарық көрген. М.Рәш тек сатирик қана емес, эпик ақын. М.Рәшевтің тұңғыш өлеңдер жинағы 1955 жылы "Алғашқы боразда" деген атпен жарыққа шықты. Қырыққа тарта кітаптың авторы Мыңбай жиырмаға жуық поэмалар мен балладаларын оқырманға ұсынды. Олардың ішінде шұбартаулық жас шопандар өмірінен жазған "Бастау," 28 - гвардияшы-панфиловшы батырлар, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы өмірінен жазылған поэмалары - " Батыр- дастан" және әзірбайжан халқының ұлы ағартушысы, драматургі, ақыны Мырза Фатали Ахундов жайынан жазған " Сабухи" поэмалары әдебиетімізде елеулі туындылар. Мыңбай шығармалары алуан тақырыпты, солардың ішінде Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, халықтар достығы, қарапайым еңбек адамдарының өмірі, бүгінгі замандас бейнесі - міне, ақын творчествосына арқау болған тақырыптар. Бүгінгі ұланғайыр өміріміздің елеулі де ауыр мәселесі - экология проблемасын тебірене, ядролық жарылыстарға, соғыс атаулыға ащы наразылығын ашына жырлайды. Өткен ғасырдағы ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов өмірінен жазған " Жұлдызды жиһанкез" дастаны да айтуға тұрарлық. Сатирик жалақор, жәдігөйдің сұрқия қылығын өткір сатирамен өртейді. Басқаларды сақтандырады, тазалыққа, пәк адамшылыққа шақырады. Мыңбай сатириктік өрнегін поэзияда ғана емес, прозада да көрсетіп келеді. Сықақ, әзіл-оспақ өлеңдері тәрізді қара сөзбен жазылған әңгімелері де ықшам, тап-тұйнақылығымен татымды да тартымды оқылып отырады. Оқиғалары нанымды. 1957 жылдан Жазушылар одағының мүшесі. Біраз өлеңі орыс тіліне аударылып жеке кітап боп басылды. М. Рәшевтің сықақтары, фельетондары мен мысалдары өзге тілдерге де аударылған. Мыңбай Рәш өз жанрында әдебиетімізге белгілі дәрежеде үлес қосқан белді, бедерлі қаламгер. Ақын " Тың және тыңайған жерді игергені үшін!" медалімен марапатталған.

Дереккөздер

<references/>

1. Шығыс Қазақстан облысы мәдениеті кітабы, АТАМҰРА