Меркі ғибадатханасы

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Меркі ғибадатханасы. Әйел бейнеленген тас мүсін.jpg
Меркі ғибадатханасы. Әйел бейнеленген тас мүсін.

Меркі ғибадатханасыЖамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген Қазақстандағы орта ғасыр түркілерінің мәдени-ғұрыптық кешені.

Орналасқан жері

Меркі ауданы Меркі ауылынан оңтүстікке қарай 38 км жерде, биік тау үстіртінде, Меркі өзенінің жоғары ағысында орналасқан.

Кешен құрылымы

Аралтөбе, Қасқасу, Сандық, Ұлысай, Шайсандық ескерткіштері Меркі ескерткіш-кешен тобын құрайды. Ғылымда Меркі ғибадатханасы деп аталатын кешен – Меркі өзенінің аңғарынан басталып, таулы қыратқа дейін көтерілетін 250 км жерді алып жатыр. Меркі ғибадатханасын тас балбалдар мен мүсіндер құрайды. Түркілердің мәдени-ғұрыптық танымы бейнеленген кешен археологиялық жұмыстар нәтижесінде Қазақстанның бірегей тарихи-табиғи мұрасы ретінде танылды. Мыңжылдық тарихта Жетісу түріктерінің ғұрыптық ескерткіштерінің белгілі бір аймақта тығыз, топтаса орналасуы, сол жердің киелі деп танылғанын көрсетеді. Меркі ғибадатханасы – орта ғасыр түркілерінің танымын, өмір сүру салтын, болмысын айқындайтын ірі ескерткіш-кешен.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Зерттелуі

Меркі шатқалының тас мүсіндері" туралы алғашқы ғылыми деректерді XIX ғасыр аяғында өлкетанушылар И. В. Аничков пен В. А. Каллаур жария етті. ХХ ғасырдың 60–80 жылдары Меркі өзенінің бастауындағы "тас мүсіндерді" Меркі ауылының мұғалімі әрі өлкетанушы А. П. Печерский қарастырып, жергілікті баспасөзде өз зерттеулерін жариялады. 1986 жылы Меркі ескерткіштерін белгілі зерттеуші Э. А. Новгородова көріп, оларды қыпшақ ғибадатханасы деп атаған болатын. 1987-1990 жылдары ҚР ҰҒА Археология институты (жетекшісі А. М. Досымбаева) мен Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұражайының (жетекшісі Ю. А. Мотов) археологиялық отрядтары Меркі шатқалындағы биік таулы мекенді зерттеп, кейбір ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізді. 2003 жылдан бастап Меркі өзенінің бастауындағы ежелгі түрік ескерткіштері кешенінің зерттелуі және оны сақтау бойынша жұмыстар А. М. Досымбаеваның жетекшілігімен жүргізілуде.

Орналасу сипаты

Меркі шатқалына жетудің күрделілігі – құнды тас мүсіндер мен басқа да көптеген ескерткіштердің бүгінге дейін сақталуына себеп болды. Ескерткіштер кешенінің негізін дөңгелек тас қорғандардың ортасында немесе шығыс жақтағы қорғандармен ұштаса қаланған тас құрылыстарда сақталған ортағасырлық тас мүсіндер құрайды. Биік таудағы жайлауға қарай автомобиль жолының кеш түсуі және суы мол ағынды өзен қымбат мүсіндерді мұражайларға алып кетуге кедергі болған. Қазіргі уақытта бұл қазына шатқал тарихи-мәдени қорық. Бүгінде диаметрі 4-тен 16 м дейін, биіктігі 0,5-тен 1,3 м дейін 70-тен астам тас мүсін ескерткіштері бар қорғандар белгілі.
Мүсінді тас қорғандар Меркі өзенінің террасалары мен үстіртті алаңқайларды алып жатыр. Мүсінді қорған құрылымдардың көпшілік бөлігі Сандық тау үстіртінде орналасқан. Меркі алабы ескерткіштерінің бір шоғыры Тоғансай өзенінің террассаларында анықталды. Мұнда мүсінді тас қорғандарға таяу жерде жоғары беті мехрап, көптеген шұңқырлары бар (тостаған тастар) ірі тастар жиі кездеседі. Олардың бірінен көне түрік сына жазуы анықталған. Жақын жерде жануарлар бейнеленген және түрік руларының таңбалары салынған жартас суреттер бар. Діни сипаттағы алуан түрлі ірі өнер ескерткіштерінің бір жерге орналасуы бұл жерді әртүрлі қоғамдық салт-дәстүрлерді өткізетін діни орталық ретінде сипаттауға мүмкіндік береді.
Діни құрылымдардың тағы бір түрі Аралтөбе үстіртінен табылды. Бұлар оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай бір-бірімен іркес-тіркес орналасқан тікбұрышты қоршаулар. Бірен-саран төртбұрышты қоршаулар 7 Қоржайлау (Көржайлау) ескерткішінен де анықталған. Ол қоршаулардың қабырғалары тас тақталардан құралған.

Тас мүсіндері сипаты

Меркі ғибадатханасының ескерткіштері тас құрылымдарының түрлерімен, мүсіндер санымен және олардың орналасу орнымен, бағдарымен ерекшеленеді. Тас мүсіндер әйел, еркек мүсіндері болып бөлінеді. А. М. Досымбаеваның анықтауы бойынша бір емес бірнеше ескерткіште әйел мен еркек мүсіндерін біріктіру әдісі жиі кездеседі. Жекелей тұрғандары да бар.

Әйел мүсіндері

Әйел мүсіні иконографияға ұқсас: ұзын да түзу мұрны қас доғасымен бірігіп кеткен. Көздері аса шүңірек емес, кейде білеуленіп сызылған ойықша секілді көрінеді. Құлақтары бедерлі "тұтқа" сияқты. Қолдарын төмен түсіріп, сауыт ұстап тұр.
Бұл мүсіндер екі түрлі кейіпте. Оларда палеолит дәуірінің ежелгі өнерінің мамонт сойдақ тісінен жасалған мүсінде бейнеленген жас қыз бен кейуана бейнесі берілген.
Барлық әйел мүсіндері А. М. Досымбаеваның ойынша жасы мен әлеуметтік мәртебесіне байланысты үшкір шошақ бас киім, сәукеле, кимешек, тақия және сәлде секілді бас киімдермен көрсетілген. Кеудеге тағатын әшекейлері –салпыншақтары болған. Жас қыз бен кексе әйел бейнесі кейіпкерлерді сомдайтын тастың пішінімен де ерекшеленетін.

Еркек мүсіндері

Меркі ғибадатханасындағы еркек мүсіндері екі түрге бөлінеді. Мүсіннің негізгі сұлбасы әйел мүсініне шамалас.
Бетінің иконографиясы ұқсас, кейде ереке мүсінінде мұрт пен сақал бейнеленген. Тақия тәрізді бас киім салпыншақтары да бар. Еркек мүсіндердің қолдарында ыдыс тұр.
Негізгі мүсіндердегі еркек бейнелері айқын емес. Кейбір мүсіндерде жыныстық белгілер де көрсетілген. Әртүрлі жыныстағы пішіндерде әйел бейнелері айқын болып келеді.
7 Қоржайлау (Көржайлау) кешенінде де төрт бұрышты қоршауға жапсарлас құрылысқа орнатылып, жер астына көмілген, сол қолымен тостаған, оң қолымен қылыш ұстаған еркек мүсіндері кездеседі. Әдетте Меркі мүсіндерінің көпшілігі қызыл, қара, ақ түсті құндатқан жасалып, ерекшеленіп тұр.
Оларды кейіпкерлерге қосымша сипат беру үшін шеберлер әдейі таңдап алған болуы керек.

Жасалу қағидалары

Меркі діни кешені мүсіндерінің көпшілігі шығысқа қаратылған. Тек оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай тізбектеле созылған бес тік бұрышты қоршаулардан тұратын 1 Аралтөбе діни кешенінде (Меркі ғибадатханасының ортасындағы биік таулы үстірт) антропоморфтық жазуы бар тас стеллалар (дуалдар) ішкі жағына, қоршаудың солтүстік-батыс жағына орнатылған.
Ер адамның да, әйелдің де мүсіндерінің негізгі белгісі қарын тұсында ұстап тұрған ыдыс. Бұл ыдыстар Жер-Су тәңірінің нышаны болуы ықтимал.
Меркі мүсіндерінің көпшілік бөлігі ежелгі түрік немесе қыпшақ бейнелеу қағидаларының талаптарына сай жасалған. Алайда биік таулы алаңдардағы тас қорғандардың жанында мүлде басқа бейнелер де кездеседі. Өте сирек кезедесетін мұндай бейнелерді алғашқыда айыру қою қиын. Шебер қарапайым антропоморфты мүсіндер пішініне келетін тасты алып, аздап түрлендіріп жасаған сықылды.
Осындай бір ескерткіш Ұлысайдың шығыс өңіріндегі үстіртте зерттелген. Солтүстік жағында төменгі тұсы адам бейнесіне ұқсас үлкен тас болған. Жоғарғы жағының табиғи шығыңқы жері басқа ұқсайды. Жалпақ бетке сопақша көз бен ауыз салынған. Екінші мүсін шағын мөлшердегі кесек тасқа салынған. Жоғарғы беті доғаланып келетін, көзі мен аузы көрсетілген бұл тастарды пұт дейді.

Мүсіндер кезеңі

Мүсіндердің жалпы пішіні Қазақстан аумағы мен оның шегінен тысқары жерлерде кең тараған қыпшақ тұрпатына (IX–XIII ғғ.) сәйкес келеді. Сонымен, Меркі кешендерінің мүсіндер орнатылған мемориалдық тас құрылыстарының (тастан нобайлаған дөңгелек қоршаулар) типологиясы қыпшақ кезеңінің туындылары деуге болады.
Меркі өзенінің бастауындағы мүсінді мемориалдық қоршаулардың негізгі бөлігі моңғол дәуірінің алдында салынған.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4 </ref>

Ескерткіш-кешен көріністерінен

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер