Логикалық трактаттар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Логикалық трактаттарӘбу-Наср әл-Фарабидің логика мәселелеріне арналған шығармаларының атауы. Әл-Фараби еңбектерінде логика “мантық” (араб. — “тіл”, “сөз”) деген атаумен белгілі және ол екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде логиканың жалпы заңдары — силлогистик. пайымдаулар мен оның негізгі элементтері жөнінде сөз болады. Екінші бөлім бес өнерді қамтиды, олар:

Әл-Фараби “Логикаға кіріспе бөлімдер”, “Логикаға кіріспе трактат”, “Поэзия өнерінің канондары жөнінде трактат”, “Поэзия [өнері] жайлы”, “Диалектика”, “Силлогизм”, “Катагурийас” немесе “Категориялар”, т.б. логика мәселелеріне арналған еңбектер жазды. “Логикаға кіріспе бөлімдер” деген трактатында заттардың дәлелдеусіз, пайымдаусыз, ой — толғаусыз интуитивті танылуы; заттардың дәлелдеулер, пайымдаулар, ой — толғаулар арқылы рационалды танылуы; сондай-ақ заттардың мәні, болмысы ғана емес, оның акциденттілігі, яғни кездейсоқтық қасиеті; қоршаған құбылыстардың қажетті және кездейсоқ байланыстары; заттың бір қалыптан екінші қалыпқа ауысуының себептері мен салдары; грамматика мен логиканың өзара сабақтастығы мәселесі талданады. “Логикаға кіріспе трактатында” әл-Фараби логиканың басты үш негіздерін ашып көрсетеді: 1) логика — адамның ойлау қабілеті, осы арқылы адам хайуаннан ерекшеленіп, категориялармен ойлайды, білім және өнерді меңгереді; 2) логика — адамның ішкі жан дүниесіндегі категориялар; 3) логиканың санада орын алуының дыбыстық көрінісі. “Поэзия өнерінің канондары жөнінде трактаты” мен “Поэзия [өнері] жайлы” трактатында әл-Фараби поэзияны логик. пайымдаулармен жасалған өнер түрі ретінде саралап, поэтик. теңеулер, бейнелер, метафораларды абстрактілі-логик. ойлаудың құрылымымен салыстырады және осы тұрғыдан поэтик. пайымдау әдісін логикаға жатқызады. “Диалектика” және “Силлогизм” трактаттарында ұқсастық пен айырмашылық, субъект пен предикат, мақұлдау мен терістеу, ақиқат пен жалғанның диалект. бірлігі қарастырылады. Әл-Фараби силлогизм теориясына, ақиқатты қарама-қарсылық арқылы шығаруға көп көңіл бөледі. “Катагурийас” немесе “Категориялар” атты еңбегінде категорияларды болмыстың жоғ. тектері ретінде қарастырады. Мұнда барлық жоғары тектер, яғни категориялар — заттар туралы жалпы түсініктер және теор. таным жалпы түсініктер арқылы іске асады. әл-Фараби категор. түсініктерді сезім мүшелерімен қабылданатын заттармен тығыз байланыста қарастырады.