Лингвостилистика

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Лингвостилистика, лингвистикалық стилистика — сөздің қолданылу заңдылықтары мен тілдің стильдік тармақтарын тіл білімінде зерттейтін саласы. Екінші жағынан, лингвостилистика — көп салалы, көп мағыналы стилистиканың бір саласы. Лингвостилистиканың өз ішіндегі бөліктері хақында әлемдік тіл білімінде әр түрлі қөзқарастар баршылық. Әсіресе, көркем әдебиет тілін бөлек қарастырып, оны лингвостилистика мен әдебиеттану стилистикасының арасындағы сала деушілер де болды (В. В. Виноградов). Сонымен, бүгінгі таңдағы лингвостилистиканың көпшілік табан тіреген теориялық пікірлеріне сүйенсек, оның басты екі бағытын немесе екі түрін атауға болады. Олар: 1) тіл ресурстарының стилистикасы немесе тіл стилистикасы. Ол өз ішінде тілдің деңгейлеріне байланысты: а) лексикалық стилистика, фразеология стилистика (немесе екеуін қосып лексика-фразеологиялық стилистика деп атаушылық та бар). Лингвостилистиканың бұл түрі лексикикалық бірліктер мен тұрақты тіркестердің стилистикалық қызметін зерттейді; ә) фонетикалық стилистика. Ол тілдегі дыбыстар жүйесінің қолданылу заңдылықтарын қарастырады; б) морфология стилистикада қосымшалардың ойды дәл және мақсатқа сай беру қатынасына көңіл бөлінеді; в) синтаксистік стилистикада сөз тіркестері мен сөйлемдердің түрлерінің, олардан да көлемді конструкциялардың (күрделі синтаксистік тұтастық, абзац т. б.) стилистикалық мақсатта жұмсалуындағы дұрыс немесе бұрыс құрастырылғаны негізгі нысанаға алынады. 2) Функциональдық стилистика немесе қолданыс тілі стилистикасы (стилистика речи). Бұл да өз ішінде бірнеше топқа жіктеледі. Бұл жіктелу функциональдық стильдер жүйесі бойынша жүзеге асады, демек, әдеби тілдегі бес функционапдық стильге бөлінеді: а) ауызекі сөйлеу стилі; ә) ресми стиль; б) ғылыми стиль; в) публицистикалық стиль және г) көркем әдебиет стилі (немесе тілі). Бұл стильдердің барлығы да өздеріне тән тілдік-коммуникативтік жанрларда қызмет етеді. Бір функциональдық стильдің тілдік элементтері екіншісінде немесе бірнешеуінде бола беруі мүмкін, бірақ әр стильдің өздерін даралайтын лингвистикалық және экстралингвистикалық белгілер бар. Лингвостилистиканың арқауына енетін стильдердің тағы бір түрі — эмоциялық-экспрессивтік стильдер. Көп ретте стильдің бұл түрлері функциональдық стильдердің құрамында қарала береді.<ref>Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}