Лебедевка қорымдары
Лебедевка қорымдары – Батыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енген археологиялық ескерткіш.
Мазмұны
Орналасқан жері
Шыңғырлау ауданы, Сегізсай ауылынан батысқа және оңтүстікке қарай 3-4 км аралықтарда орналасқан.
Зерттелуі
Батыс Қазақстандағы көне ескерткіш қорғандар арасында ерекше орын алады. Ол – сегіз моладан тұратын, жартысынан көбін археологтар зерттеген, үш жүзден астам үйіндісі бар осы аудандағы аса ірі қорғанды қорымдар кешені. ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Орал педагогикалық институтының оқытушысы Г.И. Багриковтың басқаруымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. I Лебедевка қорымында тағы бір қазба жұмыстарын А. С. Пушкин атындағы ОПИ және Г. А. Кушаев пен М. Г. Мошкованың басшылығымен КСРО ҒА Археология институты жүргізіп, бұл ауданда археологиялық жұмыстардың үлкен келешегі бары атап көрсетілді. Өткен ғасырдың 70-шы жылдары екінші жартысы мен 80-шы жылдар басында Б. Ф. Железчиков пен А. А. Кригердің басшылығымен А. С. Пушкин атындағы ОПИ археологиялық экспедициясы Сегізсай шатқалындағы үстіртте тұрған қорғандарға қазба жұмысын жүргізді. 2001 жылы Лебедевка қорымы археологтардың назарын тағы да аударды. А. А. Бисембаев пен С. Ю. Гуцаловтардың басшылығымен Батыс Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының жасағы осы ықшам ауданда археологиялық және сәулеттік ескерткіштерге барлау жұмыстарын жүргізіп, олардың қорытындысы бойынша Есен-Амантау үстіртінде ірі көлемде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
Қорғандар
Есен-Амантау (II Лебедевка) қорымы Сегізсай ауылынан 7 км, Егіндікөл ауылынан 9 км жердегі осы аттас үстірттің төбесінде орналасқан. 37 археологиялық нысаннан (33 қорған мен 4 тікбұрышты "қасиетті" сағанадан) тұратын олар батыстан шығысқа қарай аралары бір км-ден астам қашықтықта созылып жатыр. Орта тұсында биіктігі 3 м-ге жететін, диаметрі 25 м-ден асатын аса ірі қорғандар, ал батыс пен шығыс шеттерінде "қасиетті" қорғандар орналасқан.
Жерлеу құрылысы мен сипаты
Ең ірі және бәрінен жақсы сақталған қорған – №VI қорған.
Сағана түріндегі, алаңы 17 м2 жерлеу құрылысы екі бөліктен – сыртқы және ішкі құрылыстан тұрады. Сыртқы құрылысы – жерлеу алаңын қоршай тұрғызылған қабырға, ал ішкі құрылысы моланың ішкі қабырғасын бойлай тұрғызылған. Қорғанның ішкі қабырғасын жоғарғы ағаш тұғырға дейін шикі кірпішпен қалаған. Сағананың ішкі бөлігі қылқан жапырақты ағаш немесе қайың қабығымен жабылып, үсті құрақпен немесе қабықпен бастырылған.
Қорған ортасында орналасқан қабір қайың бөренелермен жабылған. Бөренелердің бетіне ұсақ бұталар көлденең тасталған. Моланың жоғарғы бөлігі қабырға қалдықтары – бордың ірі кесектерімен толтырылған. Бөренелердің салмағы ауыр болғандықтан моланың оңтүстік және шығыс қабырғалары құлап қалған. Жерленген жерінің табаны қара киіз жапқышпен төселген сияқты.
Қабір ортасында ересек адамның қаңқасы жатыр, сірә, әйелдікі болар. Басын батысқа, сәл-сәл оңтүстікке бұрыңқырап шалқасынан жатқызылған. Қолдары денесін бойлай созылып жатыр, ал аяқтары тізесінен бүгілген. Жерленген адамның үсті құрақпен жабылған. О дүниеге аттанған адаммен бірге едәуір құрбандық тағамдары – сиыр мен қойдың кесек-кесек еттері қойылған, олар бейіттің солтүстік-шығыс бұрышынан шықты. Адам қаңқасынан оң жағынан сиыр сүйектері мен пышақ табылған.
Өлген әйел белгілі ақсүйек тұқымына жатса керек, өйткені қабірден өзіндік ерекшелігі бар мол мүлік табылды. Бас жағынан конус тәрізді жұқа алтын әшекейлер жапсыра тігілген бас киім қалдықтары шықты. Олардың ішінде астында екі ілгегі бар бұғының басы тәрізді жұқа алтын қаңылтыр, сондай-ақ түсі мен формасы әртүрлі моншақтар бар. Одан басқа мәйіттің көптеген сәндік бұйымдары болды: мойнында – шыны моншақ пен алтын алқа, кеудесінде – алмұрт тәрізді тоғыз алтын моншақтан тұратын алқа, екі самайында – сым ілгекті екі алтын әшекей, төменгі жағында жүзік, оған екі ілгешек ілінген, әрқайсысына 24 түйіршік дәнекерленген өрілген шаш тәрізді бау. Баудың аяғында, бетінде өрнектері бар, төменгі жағына ромбы тәрізді бес әшекей дәнекерленген жартылай доға бекітілген. Көйлегінің етегі мен аяқ киімі де әшекейленіп тігілгенге ұқсайды.
Басқа да қосалқы заттары абыздың белгілері болуы әбден мүмкін. Бас сүйегінің сол жағында сабы бар қола айна жатты. Сабының ұш жағына қабан мен грифон бейнеленген. Мәйіт басының айналасында қызыл бояу түйіршіктері шашылып жатыр. Бас сүйектен оңға қарай күңгірт көк шыны ыдыс тұр. Тағы бір қою седеп түсті шыны ыдыс жамбас сүйегінің сол жағында жатыр. Оның қасында ашық седеппен теңбілденген қара қоңыр бояу төгіліп жатыр. Сан жілігінің тұсында ғұрыптық заттар: Griphaеa қабыршықтары жатыр, олардың біреуінде қызыл түсті шұңғыл малтатас бар. Биконикалық формадағы салт-жоралық қыш ыдыс тігінен тұр.
Қорғандар кезеңі
Зерттелген қорғандар б. з. д. VI ғасыр соңына – V ғасыр ортасына жатады. Оны жерлеу салты мен көптеген құралдар, олардың ішінде қару-жарақтар дәлелдейді. Кейбір жебе ұштықтары төлкелі екі қалақтының алғашқы көне бөлігіне жатады, олардың тарау уақыты б. з. д. VII–VI ғасырларға сай келеді. Бірақ қорамсақтарда б. з. д. V ғасырға тән күмбез басты үшқалақты қола жебелер басым. Темір жебелер, жалпақ түпті қыш құмыралар Орал даласының маңайында б. з. д. VI ғасыр соңында пайда болды және б. з. д. V ғасырда кең тарады. Сонымен бірге "аң стилінде" безендірілген ат әбзелдері де осы кездің еншісінде. Қалған олжалар – әйнек моншақтар, алтын әшекейлер, үстінен тігілетін қаңылтыр белгілер т.б. ескерткіш уақытын көрсетеді.
Зерттелген қорғандарда үйінділердің мөлшеріне, жерлеу конструкцияларының күрделілігіне, сонымен қатар, мәйіттің құралдарына қарай, көне көшпенділер қоғамының екі әлеуметтік тобы: қарапайым адамдар мен ақсүйектер әулетінің қабірлері көрсетілген сияқты. Бұл екі топ та Батыс Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеуде маңызды мағлұматтар береді, соның ішінде ақсүйектердің қабірлері тарихи-мәдени тұрғыдан мол ақпарат береді.
Құлшылық етулері
Лебедевка қорымының ескерткіштері скифтер уақытындағы көшпенділер арасында Сомаға (Хаомаға) құлшылық етудің кең тарағанын дәлелдейді. Бұл құлшылық Батыс Қазақстан аумағында да тамырын тереңге жіберген. Кейбір ғалымдардың жобалауы бойынша, аумақтың байырғы тұрғындарының тәңірге сыйынғанын бейіттерден табылған құрбан шалынатын тастар (алтарьлар) мен сүйек қасықтар сияқты бұйымдар дәлелдейді. Алтарьлардың ернеулерінде және қасықтардың саптарында қасқырдың, бүркіттің, сайғақтың (кейде бұғының) бейнелері өте жиі кездеседі. Мүмкін, мұнда құрамында Сома (Хаома) бар өсімдіктің ұрлануы туралы аңыз бейнеленген болар. Сонымен бірге, қасқыр – Соманы сақтаушы, бүркіт – оны ұрлаушы, ал сайғақ – Индра құдайының белгісі ретінде түсіндіріледі. Индра үшін қасиетті сусын ұрланған болатын. Лебедевка қорымындағы ақсүйектердің үш қорғанында абыздар немесе олардың отбасының мүшелері жерленген болуы мүмкін.
Мәдениеті
Орал-Еділ маңындағы далада б. з. д. VI–V ғасырларда савроматтар мәдениеті болған деп есептеледі, жерлеу салтында моланың кең қазылуы және жерленген адамның батысқа қаратылуы соның белгісі. Б. з. д. VI ғасыр басында савроматтар мәдениеті прохоров мәдениетімен алмасады, оның жерлеу салтының ерекшелігі – мәйіт оңтүстікке қаратылды және молалар ішінде бөлмелер жасалынды. Бірақ осы уақыттағы Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Орал маңы көшпенділерінің ескерткіштері қай мәдениетке жататыны туралы археологтар арасында ортақ тұжырым қалыптасқан жоқ.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4</ref>
Табылған заттар
- Лебедевка қорымдары. Жерлеу орнынан табылған моншақ.jpg
Жерлеу орнынан табылған моншақ.
- Лебедевка қорымдары. Түрлі-түсті шыны көздері бар алтын салпыншақтар.jpg
Түрлі-түсті шыны көздері бар алтын салпыншақтар.
- Лебедевка қорымдары. Түрлі-түсті шынымен безендірілген алтын қапсырма (фибула).jpg
Түрлі-түсті шынымен безендірілген алтын қапсырма (фибула).
- Лебедевка қорымдары. Салпыншақты алтын сырғалар.jpg
Салпыншақты алтын сырғалар.
- Лебедевка қорымдары. Қытай қола айнасы.jpg
Қытай қола айнасы.