Көкбөрінің түрік мифологиясынан алатын орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Түбі бір түркі тілдес халықтардың ауызекі әдебиетінде түбірі, мағынасы бір сөздер көптеп кездеседі. Біреуі өзінің мәнін жоғалтып пайдаланудан шықса, енді бірі уақыт өте бейімделіп, тұрмыс-тірлікте қолданып келе жатыр. Сол сөздердің ішінде «Көк бөрі» сөзі мені қызықтырды. Бір қарағанда жай ғана бөрі, тарлан қасқырдың түсін білдіретін сөз тізбек сияқты болып көрінгенмен, түбірінде кең мағына жатқанын түсіндіріп көрейін. Мен «Көк бөрі» сөзінің мағынасын зерттеу барысында «көк» сөзіне тоқтала кетуді жөн көрдім. Мына төмендегідей мағыналарды сөздіктен таптым:

а) түпсіз тұңғиық аспан әлемі, әуе, Құс алған көкке қарар (халық даналығы)

ә) Көк аспан - көк жүзі, аспан күмбезі

б) Көк күмбезі – аспан әлемі

в) Киіз үйдің керегесінен т.б. көктейтін түйенің терісінен істелген таспа, қайыс. Қарап тұрдым керегенің көгінен. (С. Сейтқазин) [ 1 ]

г) Заттың көгілдір аспан тәрізді түсі. Бала көкке құмар болады.

ғ) көк бөрі – азулы, адуынды деген мағынаны білдіреді.

М. Жармұхамедовтың «оғыз нама» дастанында «көк» сөзі айрықша жиі қолданылып бір – бірінен алшақ үш түрлі мәнге ие болып тұр:

А) Заттың сын – сипатын білдіретін кәдімгі «эпитет» түрінде («өң – шырыйы көк еді», «көк жарық түсті», «жарық айнадан көгілдірек», «көзі көктен көгірек», «көк бөрі», «көкжал арлан»)

Б) Белгілі бір заттың не кісінің тікелей аты («көк шатырымыз болсын», «оқты көкке атыңдар», «Көк – Оғыздың ұлының аты»)

В) Жаратушы, әмірі күшті Алла («көк тәңірі», «көктен көк жарық түсті», «қыз күлсе, көк тәңірі» мағынасында «тәңірі күлер еді, жыласа көк тәңірі жылар еді», «көк тәңірге мен өтемін»)

Мен бұл «көк бөрі» сөзін талдау барысында алдыма қойған көптеген мақсаттарым болды. Мысалы ең негізгілерін атап айтатын болсам;

- Байрағымыз неге көк?

- Түріктер өзінің шығу тегін неге көк бөріден таратады?

- «Көк бөрі» туралы көптеген аңыздар шындыққа ұласа ма?

- С.К.Игiбаевтiң «Түркі қағанатының құрылуы және оның күйреуі» атты тарихи еңбегiндегі айғақтары нені дәлелдеді?

- «Оғыз қаған» жырындағы жол бастаған Көкжал бөрінің көк бөріге қатысы бар ма?

- З. Тұрсынханұлының кітабы неге «Көк бөрілердің көз жасы» деп аталды? Тудың көгілдір бір түстілігі бұлтсыз ашық аспан күмбезін еске түсіреді. Зеңгір көк ашық аспан барлық халық үшін әрқашан бейбітшіліктің, аманшылық пен тыныштықтың белгісі болған. [ 3]


«Бөрі басы» – ұраным,

Бөрілі менің байрағым!

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып жүргенде

Бөлініп қалған жан емен, - деп келетін Сүйінбай ақынның бұл өлең жолдары бұған дәлел. Қазақ халқы әлі күнге дейін батыл жігіттерді «Көк бөріге» теңеп әр түрлі шығармаларда бөріні батылдық символы ретінде бейнелейді. [ 6 ]

Түркология пән ретiнде қалыптасқаннан берi оның зерттеу объектi кебiнесе байырғы Орхон ескерткiштерiнiң тiлi жене оның қазіргі түркi халықтарының тiлiмен болған байланысын зерттеу болып келгенi мәлiм. Ал, байырғы түркi халықтарының тарихын түркi тiлiндегi байырғы ескерткiштермен, өзге де деректермен, бұдан бұрынғы ғалымдар еңбектерiмен салыстыра зерттеу, әсiресе, аталмыш этностың қазақ тарихымен байланысын жан-жақты қарастыру бүгiнгi отандық түркологияның басты мiндетi болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, С.К.Игiбаевтiң «Түркі қағанатының құрылуы және оның күйреуі» атты еңбегi осы бостықтың орынын толтыруға қызмет ететiн тың iзденістің жемiсi деп есептеймiн. Ол бұдан бұрынғы ғалымдар еңбегiн саралай отырып, түркi қағанатының қалыптасуы мен түркiлердiң этникалыкқ тегi, Қытайдың Таң империясымен болған байланысы, кейiн келе Түркi қағанатының орынында пайда болған өзге де қағанаттар туралы тың ойларын, ғылыми дәлелдерiн ортаға салады. Әсiресе, автордың Н.Я.Бичурин мен Л.Н.Гумилев еңбектерiне сiлтеме жасай отырып, олар тарапынан жiберiлген қателер, атап айтқанда, түркi халқы мен олардың билеушi тайпасы ашиналар монғол тiлдес болған, монғол тiлiнiң басқа диалектiсiнде сөйлеген деген пiкiрлерiне тойтарыс береді. Түркiлердiң ата-бабасы ғұндардың да, телестердiң де түркі тiлдес этнос болғандыын бұлтартпас фактiлермен делелдейдi.

Л..Н.Гумилев түрiктер алғашында Алтайға келгенде, олардың жауы алтайлықтар мен осы күнгi қазақтың арғы ата-бабалары болған,-дейдi. Сонда қазақтың ата-бабасы кiмдер едi? Гумилевтiң ойынша, қазақтар ата-бабасынан Түркiлермен мүлде қатыссыз бөгде этнос болғанға ұқсайды. Бұл ХIII ғасырға дейiн монғол үстiртiн мекендеген түркi халқының тарихын түркi халықтарының өзiнен аулақтатқысы келетiн, сол үшiн оларды бiрден монғол тектi етiп көрсетуге тырысатын көне кеңестiк атитүрiкшiлдiк идеологияның бiр көрiнiсi деуге болады. Л.Н.Гумилев бұнымен ғана шектелiп қалмайды, көне түркiлерден соң билiк басына келген ұйғырларды (этнонимi ғана өзгерген түркi тайпаларын) еуропалық нәсiл ретiнде көрсетедi. Бүгiнге дейiн көптеген ғалымдар олар айтқан жаңсақ пiкiрлердi бiрiнен соң бiрi көшiрiп алып пайдаланып келедi. Сөйтiп, түркi халықтарының тарихын көне түркi қағанатының тарихымен байланыстырғысы келмейтiн, керағар бағыт-бағдар беретiн концепция ғылымда әбден орнығып алған. Бұл еңбекте осы тектес концептуалды мәселелерге теориялық және дерекнамалық тұрғыдан талдау жасай отырып, қателiгiн ашып керсетедi. Түркi қағанатының құрылған жылын, бәз бiреулер айтып жүргендей, 545 жыл емес, қайта 535 жылдан да бұрынырақ екенiн атап көрсетедi.

Бұл үшiн 535 жылы Қытайдың Вэй патшалығының түркi ордасына елшi жiбергендiгiн басты дерек ретiнде көрсетедi. Түркi тарихын зерттеп жүрген ғалымдар А.И.Крукчи мен С.А. Примбетовтардың Л.Н. Гумилев пiкiрiне сiлтеме жасай отырып, VI ғасырдың басында түрiктер Қытайдың боданы едi деген пiкiрiн жоққа шығарады. Көптеген зерттеулердi, деректердi пайдаланып, Батыс жене Шығыс түрiк қағанатының ресми бөлiнген жылы 584 жыл екендiгiн көрсетедi. Сонымен бiрге, шығыс түркiлерiнiң Қытай қоластына қараған жылы жұрт айтып жүргендей, 50 жыл емес, айналасы 30 жыл екендiгiне сiлтейдi. өйткенi, 650 жылы Шығыс Түрiк қағанаты өмiр сүруiн тоқтатты. Бодан болды. Бiрақ 679 жылдан басталған көтерiлiстiң әсерiмен 693 жылы Шығыс түрiк қағанаты қайта кұрылады,— дейдi автор. Бұдан Шығыс түркi қағанатына тән түркi тайпаларының бодандыққа мүлде мойын ұсынып кетпегендiгiн .байқауға болады. Бұл түркi халықтарының кейiнгi тағдыры мен өткен тарихының арасында елдiк пен ұлттық рухты сақтау жолында белгiлi дәстүр сабақтастығы жатқандығын көрсетедi.

Сондай-ақ, еңбекте Түркi қағанаты мен одан соңғы ұйғыр, қарлұқ, түркеш, қыпшақ мемлекеттерiнiң тарихи сабактастығы туралы да ой өрбiтедi. Еңбектiң жалпы құрылымынан қарағанда, қыпшақ мемлекетi байырғы Түркi қағанатының заңды жалғасы ретiнде жарастырылады. Өйткенi, қыпшақтар да бiр кезде Орхонның шығысындағы байтақ даланы мекендейтiн түркi тайпасы болатын. Батыс түрiк қағанаты кезiнде олар тарихи деректерде айтылатын қимақтардың бiр тайпасы ретiнде дамыды. Түрiктердiң жол астында болып, түркi тiлiнде сөйледi. Батыс түрiк қағанаты жойылғаннан кейiн олар түрiктердiң өзге тайпаларынан бөлiнiп шығып, VIII ғасырда Ертiс өңiрiне иелiк еттi. IХ ғасырдың соңғы жарымында олар Ертiс бойында Кимак мемлекетiн жұрды. В.В.Бартольд те кыпшақтардың осы қимақтар негiзiнде дамып, жарыққа шыққандығын алға тартады. [ 7 ] Мына төмендегі аңызда Оғыз қаған жыры туралы бейнеленеді.

Күндерде бір күні Айқаған деген анадан еркек бала туады. Оның шырайы көк, аузы оттай қызыл, көздері қаракер, шашы мен қасы қара болатын. Ол анасының омырауынан бір – ақ рет емеді де, шикі ет, тамақ сұрайды. Тез тілі шығып, қырық күнде жүріп, ойнауға жарайды. Бөрі белді, бұлғын жаурынды, аю кеуделі, өгіз аяқты болады. Өсіп – жетіледі. Сол маңда үлкен орман бар еді. Онда бір Қат дейтін жалмауыз аң пайда болып, ел – жұртты жеп қояды екен. Оны аулауға Оғыз қаған шығанды. Орманға барады да, бір бұғыны ұстап алып, талдың шыбығымен ағашқа байлап кетеді. Ертеңіне қайтып келсе, Қат бұғыны жеп қойыпты. Енді бір аюды ұстап алып, алтын белбеумен байлап кетеді. Оны да жеп қояды. Одан кейін өзі кеп тұрады. Қат келіп мүйізімен ұрғанда, найзамен түйреп, қылышпен басын шауып алады. Бір күні Оғыз қаған ел – жұртына жарлық шашып, той жасайды. Тойдан соң, Көк бөріні ұран етіп, дүниенің төрт бұрышына қаған болмақ ойы бар екенін айтады. Оң жағындағы Алтын хан бірден бағынадыюСол жақтағы Үрім хан: «Сөзін қабылдамаймын. Тұрысамын!» - дейді. Оғыз қаған Үрім ханға қарсы аттанады. Қырық күн өткенде Мұзтаудың түбіне келген соң, шатырын түсіріп, ұйықтап кетеді. Таңертең шатырға күндей жарық түсіп, жарықтан Көкжал бөрі шығып, Оғыз әскерлеріне жол сілтеп, Еділге келгенде тоқтайды. Осы жерде жеңіске жетеді. Бұл аңыздан Көкжал бөріні тағы бір қырынан танығандаймыз. [ 8 ]

Мен Зәкенхан Тұрсынханұлының «Көк бөрінің көз жасы» кітабын қызықты екенін естіп қысқы демалысымда оқыдым. Алғашында кітап сюжеті мені өзіне тартпаған сияқты болды.Алған істі аяқсыз қалдырмайтын әдетіммен тұтас оуға кірістім. Бірақ оқи келе кітапқа деген ынтам артып, бітіргенге дейін асықтым. Зәкенхан Тұрсынханұлының бұл еңбегінде XII – XIII ғасырдағы Орта Азыяға Шыңғыс хан мен оның балаларының жасаған шапқыншылығы, жергілікті халықтың жанкешті қорғанысы, көрген бейнеті, көз жасы көркем тілде суреттеледі.

Ал, автордың романды неге «Көк бөрілердің көз жас» деп атағаны, менің ойымша кітаптың өз атында тұрған секілді. Себебі: Шыңғыс, Жошы шапқыншылығынан кейін күйзелген ел, жаншып басса да, жалғызын өлтіріп жылатып еңіретсе де берілмей бекем болған, езгінің астында ақситып азу тісін көрсеткен, қайсар да қайратты елді бөрі демей кім дерсің? [ 9 ] Ал, қазақ тарихының басқа кезеңдеріне келсек, қай кезеңін алсақ та сол қайсарлықтың ізін көріп қалғандаймыз. Мысалы: жетпіс дыл бойы Кеңес еліне бодан болған, диктаторлық саясатта тәрбиеленген қазақ жастарының біртұтас Қазақстанның еркіндігі үшін жаппай көтерілуіне не себеп? Ата – бабамыздан мұраға қалған қанымызға сіңген ЕРКІНДІК пен БОСТАНДЫҚ сүйгіштігіміз бе, әлде сол қанымызға қосқан БӨРІ – АНАмыздың үлесі ме? Менің ойымша екеуі де, шындыққа ұласатын секілді. Себебі, басып – жаншып, өз ой, өз арманынан айрылған көнбіс халықтың бір күнде көтеріліске шығуына кім, не себеп? Әрине, бұған себеп қанға сіңген рухтық – киелі қасиет. Ертеңгі күнге деген сенім мен күшті біліктің арқасында қазіргі теуелсіздігімізге жеткеніміз дәлел.

«Көк бөрі», «Көк»- сөздері. Біз үшін киелі, қадірлі, қасиетті. Дәл осы сөз алпыс екі тамырында қазақтың қаны ойнаған бойындағы ар – намыс пен қазақтың қамын ойлаған мынау алып даламның төсін емген осы бір құт мекенде өсіп - өнген «көшпенділер» деп аталған бабалардың көшіне енген бар қазақтың қан жүрегінде сақталатын, құранның аятындай жатталатын сөз болса керек. Арқадағы Ақорданың төрінен көкке өрлеген көк байрақпен көгіме арғы тегі Көкбөрі деп саналған қайсар мінез қазақтың тәуелсіздік қыраны қалықтаған күні туды. Қанша ғасыр өтсе – дағы көнермеген, тозбаған, айтқан сайын рухыңды қозғаған, тыңдағанда көкірегіңде намыс оты маздаған дәл осындай құдіретті сөз, қазағымның бүгіні мен ертеңінде талай- талай жас оттарды маздатып, өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды іздеуге себеп болары қақ. Жаңа ғасыр таңы тағы атқанда, қазағымды әлем танып жатқанда, Көкбайрағым көтеріліп аспанға, ынтымақ пен ырысымыз жарасқан бұл шақтарда көк аспан, ата-баба рухына сиына отырып жахандану көшіне алға тарқанда Қазақстан елі Евразия ғана емес бүкіл әлемге танымал болды. Бұған көптен себеп елбасы президентіміз Н.Назарбаевтің ұстанып отырған достық, ынтымақтастық саясаты болса керек. Көк байрақтың астында, иманды сөзі аузында, «алла» деген, «көк тәңір» деген ел- жұртымның берекесі берік, алты ауызы түгел болғай! [ 10 ]

Дереккөздер

1. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 4 том – Алматы 2002 ж. 682б.

2. М. Жармұхамедов «Көненің көзі» - Алматы «Санат» 1996 ж,54 б.

3. Ана тілі 3 сынып – Алматы «Атамұра» 2003ж.

4. Ежелгі дәуір әдебиеті – Алматы «Ана тілі» 1991 ж.

5. Қазақ тілі 10 сынып- Алматы «Мектеп» 2006 ж.

6. Образование тюркского каганата и его распад – Өскемен 2004 ж.

7. Қ. Өмірәлиев «Оғыз қаған эпосының тілі» - Алматы: «Ғылым» 1988ж.

8. Тұрсынхан Зәкенұлы «Көк бөрілердің көз жасы» - Астана «Елорда» 2002 ж.

9. Ә. Марғұлан «Ежелгі жыр – аңыздар» - Алматы: 1985 ж.

10. Жетісу газеті Талдықорған қаласы 14.01.2006ж.