Киіз басу

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Сырмақ.jpg
Сырмақтың бірі түрі
Киіз Басу<ref>Қазақ Энциклопедиясы, 10 - том</ref>– дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз жасау өнері. Оған жүн талшықтарының бір-бірімен ұйыса байланысатын қасиеті негізге алынған. Қазіргі заманғы шұға басу, байпақ жасау, фетр (қалпақтық биязы киіз) басу процесстері де Киіз Басу дәстүрлі технологиясымен бірдей.

Жүн туралы

Жүн – ұйысуға бейім бірден-бір талшық. Ол ылғал мен температура әсерінен және механиклық әрекет нәтижесінде ширайды да, жасалып жатқан бұйымның көлемі кішірейіп, тығыздығы артады: шұға 30 – 35%, киіз бен байпақ 80%-дай шуиды. Киіз Басудағы ең жоғары тығыздық 0,55 г/см3 (байпақтың табаны 0,42 г/см3), тығыздығын бұдан әрі арттырса, жүн талшықтары үзіліп, материал ыдырай бастайды.

Киіз басу тарихы

Киіз Басу ісімен қазақ халқы өте ертеден таныс. Ғасырлар бойы көшпелі өмірге ыңғайлы тұрмыстық бұйымдардың бірқатарын киізден жасап келгендіктен, Киіз Басу технологиясын әбден меңгеріп, өнер дәрежесіне көтерген. Дәстүрлі қазақ қоғамында Киіз Басу ісі маусымдық сипатта болған. Ол қойды қырқудан басталады да (күзде), қырқылған күзем жүннің барлығын өңдеп болғанға дейін созылады.

Киіз басу барысы

Жүні таза болу үшін, қойды қырқар алдында 3 – 4 рет ағынды суға тоғытады.
Киіз басу барысы бірнеше кезеңдерден тұрады:

  • Сабау.

Алдымен жүн жасалатын бұйымдарға ыңғайланып, ақ, қара түстерге бөлініп жиналады да, оны ешкі терісінен жасалған тулаққа салып, сабайды.

  • Шабақтау.

Жүн сабалып болған соң, басылатын киіздің көлеміне қарай, шиді жаяды да, оның үстіне жүнді салып, шабақтайды. Осыдан кейін бет тартылады, яғни киіздің оң жағына арналған неғұрлым таза, әдемі жүнді сол қолмен уыстап алып, әлгі шабақталған жүннің үстіне салып отырып, оң қолдың қырымен басып қалып, үзіп қалдырады. Үзілген жүн бірімен-бірі жалғаса, біртегіс болып төселе береді. Бұл істі бұрыннан бет тартып машықтанған, жүн тартудың шебері деп танылған бір адам ғана орындайды. Себебі, екі-үш адам орындаса, жүн ала-құла тартылады да киіз біркелкі шықпайды.

  • Булау.

Содан кейін қайнап тұрған ыстық суды шелекпен әкеліп, сүзгімен немесе шөміштің сырт жағымен шашыратып шидің бір жақ шетінен бастап себелеп құяды. Жоғарыдан шашырап құйылған су өз салмағымен жүнді басып, шабақталған жүн мен тартылған жүнді біріне-бірін қосып жабыстырады. Ыстық су жүннің талшықтарын буландырып жібітеді де, оның өзара кірігіп, тез киізденуіне жағдай жасайды. Су себіле басталысымен қатар отырған 3 – 4 әйел басылып жатқан жүнді сыртындағы шимен қабаттай шиыршықтап, жинап отырады. Шиді ширатып орап жинаған сайын әлсін-әлсін ыстық су құйылады. Түгел жиналған шидің сыртынан жіппен шандып, жұмырлап байлайды да, ортан белінен бір жерінен немесе екі жерінен арқанды өткізіп алып домалатады, екі басын тұйықтап бос салып қояды. Бүктеліп әзір жатқан шидің өн бойын бойлай 10 – 12 адам қатар жүріп келе жатып, шиге ораулы киізді аяқтарымен теуіп отырады. Бұларға қарама-қарсы бір адам – “қой бастар” киізді алға қарай (өзіне қарай) домалата сүйрейді. Бұдан кейін шидің шандуларын шешіп, шиыршықталған киізді жазып босатады. Киіздің асты-үстін ауыстырып отырып, 3 – 4 рет шиыршықтап, бүктейді де, екі басын түйістіріп шұжыққа ұқсатып көктеп алып, тағы да ыстық су құйып сығымдап, үстін күпімен, тонмен жылылап жауып тастап булайды.

  • Білектеу.

Ыстық буымен балбырап жатқан киізді мөлшерлі уақыт өткен соң шешіп алып, қайыра ширатып, тағы да жіппен шандып байлайды. Қатарласа отырған киізшілер шидің үстінде көлденең жатқан киізді өздеріне қарай жұла тартып алып, тізесіне соғады, білегімен ұрып басады. Білектеліп болған киізді ұзыннан екі қабаттап бүктеп, оның екі басын бір-біріне түйістіре шуда жіппен көктейді.

  • Қарпу.

Киіз басушылар киізді ақ шидің үстіне салып, айнала отырады. Қусырылған киіздің әр жерінен қамти ұстап, оңды-солды қарпиды. Қарпылған киіздің шет-шеті жиналып тегістеледі де, екі жақ бетіндегі кірікпей қалған бос қылшықтары түседі. Білектеу мен қарпудан кейін кірігіп, ширай түскен киіз біраз қуырылғандай болып көлемі шағындалады. Енді оны ұзынынан шығара созғылай есіп шиыршықтайды да, әуелі бір жақ шетін жұмарлай білектеп есе отырып, екінші басына жеткізеді. Одан кейін екінші басын тағы да соза білектей отырып бірінші басына дейін апарады. Сонда киіз молығып, созыла түседі. Киізді білектегенде және ұзындағанда оның екі жақ басына жуан ағаш, жинаулы ши сияқты нәрселерден тиянақ қойып отырады. Сонда киіздің ұзына бойының екі жақ шеті олпы-солпы болмай, тегістеліп шығады. Дайын болған киізді арналған мақсатына қарай өре киіз, кесек киіз, текемет киіз, сырмақ киіз, талдырма, сатымсақ киіз, қозы жүнді киіз деп бірнеше түрге бөліп айтады.

Механикаландырылған киіз басу

Қазіргі заманғы Киіз Басу жұмыстары механикаландырылған. Киіз өндірісінде жүн арнаулы машиналармен көпсітіліп, майланып, араластырылады да, тарақтап түту машинасымен түтіледі. Түтілген жүн жасалатын бұйым пішіміне сай тартылып, талдыру машиналарында дірілдеткіш, қызған тақталар көмегімен талдырылады, күкірт қышқылының ертіндісі сіңіріледі. Сөйтіп басу машинасына жіберіледі. Мұнда ол білектеуден өтіп нығыздалады, соның нәтижесінде бұйымның көлемі қажетті мөлшерге дейін кішірейеді. Білектеу бірнеше рет қайталанады. Әр білектелген сайын бұйым кергіш машиналармен түзетіліп отырады. Соңынан байпақ пен қалпақтарды қалыпқа кигізіп, ал киізді булы кептіргіштерге жайып кептіреді. Киіз Басу – әрлеу, түгін қырқып тазалау, престеу, кесу т.б. жұмыстармен аяқталады. Шұға өндірісіндегі Киіз Басу тек өңдеу процесінің бірі боп саналады.

Тағы қараңыз


Дереккөздер

<references/>