Кеңестік дәуірдегі жоспарлы көші-қон

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Тың және тыңайған жерлерді игерудің демографияға әсері

Соғыстан кейінгі және 50-жылдардағы азық-түлік мәселесін шешуге бағытталған тың және тыңайған жерлерді игеру қолға алынды. Осыған байланысты республикада аса ірі көші-қон тасқыны қайта басталды. Мұның өзі уақыт жағынан алып өнеркәсіптік құрылыстар жүруімен тұспа-тұс келді. Өнеркәсіп, құрылыс және көлік үшін жұмысшы күшін ұйымдасқан түрде тарту арқылы 19541965 жылдары республикаға 0,5 млн адам көшіріліп әкелінді. Сөйтіп, республикаға қажетті жұмысшы күшінің 80%-ы сырттан әкелінді.

Қазақстанға Ресей мен Украина, Беларусь және басқа да одақтас республикалардан тыңды жаппай игерудің бірінші кезеңінде (19541956 жылдары) 640 мың адам келді. Олар, негізінен, Ресей, Украина, Беларусьтан келген қыздар мен жігіттер болатын. Комсомол жастардың интернационалдық екпінді бригадалары құрылды.

Баспасөз беттерінде тың игерушілер қатарына қосылуға шақырған үндеулер жиі басылып тұрды. Тың игеруге қатысқан адамдарды материалдық ынталандыру қолға алынды. Тың игеруге келгендердің жолы тегін болды, әр отбасына 500—1000 сомға дейін, әр мүшесіне 150—200 сомнан бір реттік көмек көрсетілді. Үй салу үшін (оның 35%-ын мемлекет берді), мал сатып алу үшін несие берілді. Тың игерушілер 2 жылдан 5 жылға дейін ауыл шаруашылығы салығынан босатылды. Бұл көтерме көмекті тек славян ұлтының өкілдері ғана пайдалана алды. Отбасыларымен көшіп келушілер көп болды.

Алғашында олар иен далада бой көтерген палаткалы қалашықтарда, шағын вагондарда, жертөлелерде түрды. Алғашқы екі жылда ғана Қазақстанның тың жерлеріне 200 мыңдай отбасы қоныстанды.

Тың аймағындағы МТС, кеңшар директоры сияқты басшылық жұмыстарға сырттан келген мамандар тағайындалды. Орталық комитеттен бастап аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметіне дейін орталықтан жіберілді.

Қазақстан тыңын игеруге 19541955 жылдары орталықтан 26 мыңға жуық коммунист жолдамамен келді. Тың игеру шын мәнінде ұйымдастырылған қоныс аудару болды және ол орталықтың ұйғаруымен әкімшіл-әміршіл басқару әдісімен асығыс жүргізілді. Әрине, тыңды бағындыруға келгендердің қиындықтарға қарамастан қажырлы еңбек еткендігін жоққа шығаруға болмайды. Алғашқы тың игерушілердің ерен еңбегі сөзсіз тарихта қалады.

Тың жерлерге Кеңес әскері қатарынан қайтқан жауынгерлер де көптеп тартылды. Олардың күшімен Көкшетау облысында «Тамановец», Қарағанды облысында «Индустриальный» және басқа кеңшарлар құрылды.

Тың және тыңайған қазақ жерлерін игеру үшін 19541959 жылдары 1 млн 500 мың адам келді. Қазақстандағы тың эпопеясын жүзеге асыруға, орталықың ұйғаруымен жоспарлы ұйымдастырған көші-қон ғаламат этнодемографиялық өзгерістерге әкелді. Нәтижесінде Қазақстанның ұлттық құрамы түбірлі өзгеріп, қазақтар өз жерінде азшылыққа айналды. Қазақ ұлтының республика тұрғындары арасындағы үлесі 1959 жылғы санақ бойынша 38%-дан 30%-ға (2 млн 787 мың адам) күрт төмендеді. Жалпы, 19531965 жылдары ауыл шаруашылығы түрғындары Қазақстанда 2 млн-ға көбейді, демек, 1,5 есеге артты. Қазақстандағы халық санының көбеюі табиғи өсім есебінен емес, механикалық өсу жолымен жүрді.

Одақтық өнеркәсіп құрылыстарының демографияға әсері

Кеңестік дәуірдегі тұрғындар көші-қоны Қазақстанның экономикалық және мәдени дамуын жеделдетудің құралы ретінде пайдаланылды. Нәтижесінде Қазақстанға келгендер ағымы жедел түрде қажетті маманданған жұмысшы күшін толықтыру үшін пайдаланылды. Бұл халық шаруашылығын жылдам дамытуды көздеген Қазақстан үшін жоспарлы көші-қон еді. Өнеркәсіп құрылысы үшін соғысқа дейінгі кезеңде, негізінен, елдің еуропалық бөлігінен шығыска 1 млн 200 мың адам көшіріліп әкелінді.

Қазақстан жоспарлы түрде көшірудің одақтың жүйесіне 30-жылдардың ортасынан бастап тартыла бастады. Қазақстанға ұйымдасқан түрдегі көшірулер халық шаруашылығының екі саласын, яғни ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті қамтиды. Мәселен, «Өнеркәсіпке ұйымдық қабылдау» деген атпен 19311940 жылдары сырттан әкелінген 509 мың адам өнеркәсіп жұмысшылары қатарын толықтырды.

Жаңа құрылыстарға құрал-жабдықтармен бірге маман-ғалымдар келді. Баку мен Грозныйдан келген мұнайшылар Орал—Ембі мұнай қорларын игеруге, Донбасс шахтерлері — Қарағанды, Екібастұз көмір алаптарын игеруге көмектесті. Олар Қазақстанның экономикалық картасында жаңадан пайда болған өнеркәсіп аудандарында еңбек етті. Кеңестік Қазақстанның социалистік құрылыстарында жұмысшы табының көп ұлттық құрамы қалыптасты. Қазақстандағы жұмысшылардың абсолюттік саны қарқынды өскенімен, қазақ жұмысшыларының үлес салмағы соғысқа дейінгі жылдармен салыстырғанда біршама кеми түсті. 19391970 жылдары қазақстандық жұмысшылар саны 224 мыңнан 823 мыңға өссе, қазақтардың үлес салмағы 26%-дан 24,1%-ға кеміді.

Жоспарлы түрде көшірілгендер Қазақстандағы ірі өнеркәсіп орталықтарына орналастырылды. Мәселен, Қазақстан халқының өсуіне Орталық Қазақстан (Қарағанды, Балқаш, Жезқазған өнеркәсіп тораптарындағы) мен Шығыс Қазақстандағы түсті металл кешені, ПавлодарЕкібастұз, Торғай, Қостанай, Оңтүстік Қазақстандағы (ЖамбылҚаратау, ШымкентКентау) өнеркәсіп кешендерінің іске қосылуы әсер етті. Тек қана 19611965 жылдары 160 мың адам республикаға жоспарлы түрде көшіріліп қоныстандырылды.

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі ядролық қарудың сынақ полигондары, Байқоңыр ғарыш кешені сияқты маңызды объектілері орналасты. Сондықтан 1991 жылға дейін жалғаскан көші-қондық ағымдарға жабық әскери объектілер халқын (250 мың адам), стратегиялық маңызы бар жер асты байлықтарын игеру үшін салынған жұмысшы қалашықтары тұрғындарын және одақтық ведомствоаралық өкіметтің ұйғаруымен көшіп келгендерді қосуға болады. Рудный, Теміртау, Зырянов, Ленинск, Курчатов, Лениногор, Шахтинск қалаларында жергілікті халықтың үлесі өте төмен дәрежеде болды. Жалпы, стихиялық лекпен өздігінен келіп қоныстанғандардың болғандығын да естен шығармаған жөн.

60-жылдары республиканың индустриялық әулетінің кең қанат жаюы демографиялық жағдайдың көпұлттылық бағытын тағы да тереңдете түсті.

Кеңестік кезеңдегі ұлт мәселесінің «шешілуі»

Қазақ КСР-і ғана емес, одақтың басқа да ұлттық құрылымдарында тың жерлер мен пайдалы қазба байлықтарын игеру, аса үлкен электр станцияларын, зауыт-фабрикаларды тұрғызу, канал, бөгеттер салу кезінде сырттан келгендер есебінен тұрғындардың ұлттық құрамының арасалмағы тез өзгеріске ұшырады. Осылайша Менделеев кестесіндегі барлық элементтерге бай әрі кең-байтақ қазақ даласы социализм құрылысына қызмет ету үшін сырттан келгендерді құшағын жая қарсы алуға тиіс болды.

Социалистік құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру үшін қажет мамандар Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Балтық өңірінен және барлық кеңес елінің түпкір-түкпірінен келген еңбекші мамандар есебінен қамтамасыз етілді. Ал жергілікті халықты тартуға жеткілікті мән берілмеді. Бұл одақтас республика халқының Қазақстанға көмегі ретінде көрсетілді және солай бағаланды. Нәтижесінде Қазақстан жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері тұратын «халықтар достығының лабораториясына» айналды. Қазақстан халқы бұл ерекше атақты мақтан тұтуға тиіс болды. КОКП-ның бағдарламалық құжаттарында коммунистік партияның еңбекшілердің интернационалдық тәрбиесіндегі бағыт беруші рөлі баса көрсетілді. Онда: «Ұлтшылдық көріністер мен ұлттық шектеушілік социалистік құрылыс орнағанмен өзімен-өзі бірден жоғалып кетпейді. Ұлтшылдық, алып-қашпа сөздер мен бұрынғы ұлт араздығы, міне, осылар әрқашан да әлеуметтік прогреске неғұрлым ұзақ, тегеурінді, кескілескен қарсылық көрсетуі мүмкін», — делінді. Және бұл кереғар құбылыстармен күресу қажеттігі партия қызметкерлерінің мойнына жүктелді.

КСРО халықтарының достығы мен ынтымақтастығының беки түсуін қамтамасыз ету қажеттілігі күнде теледидар мен радио арқылы беріліп жатты. Ал осы қағидаларды нақты өмірге енгізу жағына келетін болсақ, әрине, кеңес дәуіріне тән сөз бен істің арасындағы алшақтық ұлт мәселесін шешуде де орын алды. Кеңестік билік қазақ халқының өзіне, өткеніне, шаруашылық ерекшелігіне, мәдениетіне, тұрмыстық-коғамдық даму деңгейіне байланысты мүдделерін ескерген жоқ.

Қазақ халқының үлкен бөлігі ана тілін, ұлттық салт-дәстүрін ұмыта бастады. Бұл көп жылдар бойы тұрақты жүргізілген орыстану саясатының нәтижесі. 19601980 жылдардағы өнеркәсіптік өсу ауыл халқының белгілі бір бөлігінің қалаларға ауысып қоныстануына түрткі болды. Қалаға қоныс аударған қазақ жастарының әлеуметтік мәселелері, әсіресе олардың тұрғын үйге сұранысы қанағаттандырылмады.

Этномәдени үдерістердің көп қырлы екендігі мәлім. Атеизм жылдарында мыңдаған мешіттер қиратылды, ұлттық басылымдар жабылды. Сөйтіп, халықтың рухани дүниесіне нұқсан келді. Ең қарапайым есепке қарағанда, КСРО аумағында XX ғасырдың басында болған 25 мың мешіттің 1986 жылы 376-сы ғана қалды. Алайда КСРО- да 70 жылдай үстемдік құрған белсенді атеизмнің жанкешті саясатына қарамастан, көптеген ұлттық және этностық топтар өз діндерінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен ұштасатын тұстарын сақтап қалды.<ref>Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдык- гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық / М.Қойгелдиев, Ә.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. — 304 бет,суретті. ISBN 9965-36-106-1</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}Үлгі:Kz-hist-stub