Земство

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

ЗемствоРесей империясында 1864 жылғы реформаға сәйкес құрылған жергілікті өзін өзі басқару органы. Бастапқы кезде земство Ресейдің еуропалық бөлігіндегі кейбір губернияларға ғана енгізілді. Земство арқылы Ресей патшасының сарайы мемлекеттің монархиялық құрылымын еуропалақ басқару жүйесіне ұқсатып, икемдеу мақсатын көздеді. Ресей үкіметі земствоға уездегі не губерния шеңберіндегі шаруашылық мәселелерімен айналысуға ғана құқық берді. Оның қаржысы, негізінен, жылжымайтын мүлік салығынан құралды. Земство жиналысында сайланған оның атқарушы органдарын – губерниялық, уездік земство басқармаларын губернатор бекітті. Олар губернатордың әкімшілік бақылауында болды, өз құқықтарын ашық қорғауға тырысқан кейбір земстволарды үкімет органдары таратып жіберіп отырды. Земство мекемелері аурухана, дәріхана ашып, дәрігерлерді жұмысқа шақырды, фельдшерлік және акушерлік курстар ұйымдастырды. Жергілікті бастауыш мектептер, гимназия мен мұғалімдер семинариясын ашты, мұқтаж оқушыларға стипендия тағайындады. Шаруашылықты жүргізудің озық үлгілерін насихаттап, ауыл шаруашылық көрмелерін ұйымдастырды. Ауыл шаруашылық училищелерін, тәжірибе стансаларын ашты.<ref>«Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7</ref>

1-ші Дүниежүзі земство

1-ші Дүниежүзі земство соғыс қарсаңында Ресейдің еуропалық бөлігінің 43 губерниясында ғана земство мекемелері болды. 1914 жылы шілде айында Бүкілресейлік земство одағы құрылды. 1867 – 68 жылдары және 1886 – 91 жылдары қазақ өлкелерін басқару туралы ережелер бойынша қазақтар земство салығын өтегенімен, Түркістан мен Дала өлкесінде земство мекемелері ашылмады. Сондықтан Қазақстанда 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында өрбіген ұлт-азаттық қозғалыс бағдарламаларында өлкеде земство мекемелерін құру басты мәселенің бірі ретінде қойылды. Әйгілі Қарқаралы құзырхатында Ресей үкіметінен қазақ даласына ішкі өлкелерден қоныс аудару саясатын доғару, қазақтарды Орынбор діни басқармасы құрамына алу, т.б. мәселелермен қатар өлкеде земство мекемелерін құру да талап етілген еді. Сондай-ақ, 1905 жылы құрылған Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының бағдарламасында қазақ жеріне земство мекемелерін құру қажеттігі аталып көрсетілді.<ref>Герасименко Г.А., Земское самоуправление в России, М., 1990</ref> Ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері Қазақстанда земство мекемелерінің құрылуы, біріншіден, қазақтарды Ресей азаматтары ретінде құқықтық жағынан қорғауға мүмкіндік береді, екіншіден, халыққа білім беруде, денсаулығын сақтауда және шаруашылығын жүргізуде тиімді, үшіншіден, қазақтардың қоғамдық өмірін жандандыра түсіп, өзін-өзі басқаруға әзірлейді деп ұқты.

Қазақ жеріндегі земство

Қазақ жерінде земство мекемелері патша өкіметі құлағаннан кейін, Уақытша үкіметтің 1917 жылы 17 маусымдағы “Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай және Орал облыстарында земство мекемелерін ашу туралы” қаулысына сәйкес құрылды. Осыған орай Бірінші жалпықазақ съезі земство мәселесін күн тәртібіне қойып, қазақтардың земство мекемелерін құруға белсенді түрде ат салысуына ерекше мән берді. Қазақ к-ттері земствоның тек қазаққа ғана емес, өлкедегі орыстарға да ортақ екенін ескеріп, әрі олардың қазақтың жайбасарлығын пайдаланып кетпес үшін земство басқармаларына мүшелікке кімді сайлау керектігі жөнінде нұсқау беріп отырды.<ref>Веселовский Б.Б., Земство и земская реформа, СПб., 1918</ref> Қазақ жерінде алғашқы земство мекемесі 1917 жылы 16 қазанда Торғай уезінде ашылды. Оның басқармасының төрағасы болып А.Бірімжанов сайланды. Облыс деңгейдегі земство басқармалары Қазақстанда 1918 жылы қаңтардан бастап құрылды. 1918 жылы 17 қаңтарда ашылған Семей облыстық земство басқармасының төрағасы Р.Мәрсеков болды. Орал облыстық земство басқармасының төрағасы болып Х.Досмұхамедов сайланды. Қазақ жерінде облыстық және уездік деңгейде ашылған земство мекемелері халықтың шаруашылығын реттеуде, оқу ісін жолға қоюда елеулі жұмыстар атқарды. Мұғалімдер даярлайтын курстар, бастауыш мектептер ашты, оқушы жастарға стипендия тағайындады. Семей облыстық земство басқармасы тағайындаған стипендияны сол кезде Семей мұғалімдер семинариясында оқыған Ж.Аймауытов пен М.Әуезов те алып тұрған. 1918 жылы Семей облыстық земство басқармасы оқушы қазақ жастарына 110 стипендия тағайындап, оған 25 300 сом қаржы бөлген. Қазақ жерінде енді қанат жайып, күш ала бастаған земство мекемелерінің күш алуына большевиктердің өкімет басына келуі мүмкіндік бермеді. Мысалы, Торғай облысының Шаруа, жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі 1918 жылдың қаңтарында земство басқармалары жойылсын деп жариялады. Бірақ земство мекемелері Азамат соғысы жағдайында саяси күштердің өзгеруіне байланысты бірде жабылып, қайта ашылып жүріп, 1919 жылдың соңына дейін қызметін жалғастырды.<ref>"Қазақ Энциклопедиясы",4 том 3 бөлім</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Земство|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}