Зейнеп Жұманова
Үлгі:Тексерілмеген мақала Үлгі:Тұлға Зейнеп Жұманова (10 ақпан 1939, Мұқыр ауылы, Қызылқоға ауданы, Гурьев облысы, Қазақ КСР) — қазақстандық ғалым-математик, педагог, физика-математика ғылымдарының кандидаты (1978), философия докторы, профессор. Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері.
Мазмұны
Өмірбаяны
Жұманова Зейнеп 1939 жылы 10 ақпанда Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылында дүниеге келген. Руы — Шоңай Адай.
Әкесі — Джакиев Жұман, Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде әскерге шақырылып, 1943 жылы қаза тапқан. Анасы — Үркия, көпбалалы ана. Отбасында тоғыз бала дүниеге келіп, жетеуі өмір сүрген. Зейнеп — солардың кенжелерінің бірі. Балалардың барлығы жоғары білім алған, олардың үшеуі ғылым кандидаты дәрежесіне ие болған (екеуі — физика–математика, бірі — экономика ғылымдары). Үлкен ағаларының бірі — Ұлы Отан соғысының ардагері, мектепте оқу ісініӊ меӊгерушісі, тарихшы.
Білімі
1955–1960 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) механика-математика факультетінде білім алып, математик мамандығын тәмамдады.
1973 жылы «Араласпайтын сұйықтар шекарасын математикалық модельдеу» тақырыбында (орыс тілінде) диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.
1988 жылы Халықаралық аймақтық конвенция комиссиясының шешімімен философия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді.
Еңбек жолы
Еңбек жолын 1960 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Математика институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастады.
1965–1983 жылдары қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1983 жылдан бастап Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде (қазіргі Каспий технологиялар және инжиниринг университеті) доцент, жоғары математика кафедрасының меңгерушісі, кейін университет профессоры (1988) болып еңбек етті.
Ғылыми еңбектері
Зейнеп Жұманованың 60-тан астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбегі жарық көрген. Оның ішінде 15-тен астамы қазақ тілінде жазылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар. Ғылыми еңбектері математикалық модельдеу, экономикалық есептер, экология, мұнай өндіру және қолданбалы математика мәселелеріне арналған.
Марапаттары мен атақтары
- «Құрмет белгісі» ордені (1981)
- «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі» (1993)
- «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі (2001)
- А. Байтұрсынов атындағы медаль — жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін (2011)
- «Ардагер» атағы (2010)
- «Маңғыстау облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасы (2006)
- Бірқатар ведомстволық және алғыс грамоталар
Отбасы
Жұбайы — Дініш Дияров (1938–1985), техника ғылымдарының кандидаты, мұнай кен орындарын игеру және жер асты гидродинамикасы саласының маманы.
Қызы — Лязат Диярова, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушысы, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері».
Ұлы — Айвар Дияров, Қазақстан Республикасының кеден қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, «Ерен еңбек үшін» медалінің иегері.
Әдебиет
- Маңғыстау энциклопедиясы. Алматы, «Атамұра», 1997, 259-бет. ISBN 5-89800-123-9
- Маңғыстау энциклопедиясы. Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2008, 302-бет. ISBN 9965-893-13-6