Жүре пайда болатын иммундық тапшылық синдромы (житс)

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қысқаша мәлімет

ЖҮРЕ ПАЙДА БОЛАТЫН ИММУНДЫҚ ТАПШЫЛЫҚ СИНДРОМЫ (ЖИТС), СПИД – Т-лимфотропты ретровирустар қоздыратын жұқпалы ауру. ЖИТС кезінде адамның иммундық жүйе қызметі бұзылуының нәтижесінде әр түрлі лимфааденопатиялар, инфекциялар және қатерлі ісіктер пайда болады. 1983 ж. француз ғалымы Л.Монтанье және американ ғалымы Р.Галло бұған дейін белгісіз вирус HIV (Human Immunodefіcіency Vіrus) тапты. Оның қазақшасы – АИВ (адамның иммундық тапшылық вирусы), орысшасы – ВИЧ (вирус иммунодефицита человека). Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ауруды AIDS (Acquіred Immune Defіsіency Syndrome) деп атады (орысша – СПИД, қазақша – ЖИТС). Әр жылдың 1 желтоқсаны Жүре пайда болатын иммундық тапшылық синдромымен күресу күні болып белгіленді (1986). Бұл ауру адамның жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайына байланысты емес. Бүгінде бұл дерт дүние жүзінің 200-ге тарта мемлекетінде тіркеліп отыр, ЖИТС-ті жұқтырғандардың саны – 30 млн-дай, оның 10 млн-дайы ауырып, 6 млн-ы қаза тапқан (2000). ЖИТС ересек адамдарға жыныстық қатынас арқылы, вирус бірден қанға түскенде (әр түрлі инъекциялар жасаған кезде, қан құйғанда, т.б.), сондай-ақ нәрестеге анасы арқылы жұғады. Осының ішінде дерттің 80%-і жыныстық жолмен беріледі. Адамдар сөйлескенде, сүйіскенде, жөтелгенде, тағам арқылы, қол алысқанда, ортақ ванна, бассейнді пайдаланғанда ЖИТС вирусы жұқпайды. Ауру қоздыратын вирус 55 – 60С-та 30 мин-ттан кейін, сондай-ақ, медицинада қолданылатын дезинфекциялық ерітінділер (мыс., 3% сутектің асқын тотығы; 0,2% натрий хлориды; 70% этил спирті, формалин, эфир, ацетон, т.б.) әсерінен толық жойылады. Вирус жұққаннан кейін дерттің инкубациялық кезеңі 2 – 3 аптадан 3 – 12 айға дейін созылады. Алғашқы кезде адамның дене температурасы көтеріліп, басы ауырады. Лимфа бездері ісініп, теріде бөртпе шыға бастайды. Адам әлсірейді. 1 – 2 аптадан кейін ауру белгілері жоғала бастайды да, науқас өзін “сауығып” кеткендей сезінеді. Дерттің бұл кезеңін – жасырын сатысы деп атайды. Бұл жағдай бірнеше айдан 3 – 5 жылға дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында мойын, қолтық, шап, т.б. бірнеше лимфа бездерінің бір мезгілде ісініп, мөлшері ұлғаюы мүмкін. Мұндай адамдар инфекция көзі (инфекция тасушы) ретінде айналасындағы адамдарға қауіпті деп есептеледі. Организмді жайлап алған вирус науқастың иммундық жүйесін біртіндеп әлсірете бастайды да, дерттің екінші сатысына – ассоциацияланған аурулар кешеніне ауысады. Бұл кезде адамның дене температурасы көтеріліп, іші өтеді, жүдейді, түнде қатты терлейді, ұйқышыл келеді. Дерт әбден асқынған кезде тыныс алу, асқазан-ішек жолдарының, жүйке жүйесінің қызметі бұзылып, науқастың терісінде, шырышты қабаттарында, ішкі органдарында қатерлі ісік пайда болады. ЖИТС кезіндегі ауру белгілерін бірден анықтап, клиникалық дәл диагноз қою өте қиын. Қазіргі кезде қолданылып жүрген тәсілдер ауру вирусына қарсы пайда болған антиденелердің деңгейін және вирустың өзін, оның бөлшектерін анықтауға негізделген. Бұл дертті емдеу үшін азидотимидин (АЗТ), ставудин, диданозин, невиратин, саквинавир, т.б. препараттар қолданылады. ЖИТС-пен сақтанудың әлеуметтік, мемлекеттік, халықаралық, сондай-ақ, жеке адамды қорғауға арналған шаралары бар. Ауруды жұқтырмау үшін аурудың алдын алу шараларына мұқият көңіл бөлу керек. Олар: яғни салауатты өмір сүру; кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болу; қан құйғанда немесе донор қанынан дайындалған препараттар қабылдағанда, олардың вирусқа қарсы тексерілгеніне көз жеткізу; маникюр және педикюр жасайтын аспаптардың стерильденгеніне көз жеткізу, т.б. ЖИТС вирусына қарсы тексерілу үшін Қазақстанда Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарында арнайы лаборатиялар ашылған. Оларда кез келген Қазақстан азаматы анализ тапсырып, толық тексерілуден өтуіне болады. Ондай адамдардың ЖИТС ауруынан тексерілуден өткендігі туралы мәліметтердің құпиялылығы сақталатындығына заң жүзінде кепілдік беріледі.


<ref> Қазақ энциклопедиясы </ref>

Сілтемелер

Пайдаланылған әдебиет

<references />


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Жүре пайда болатын иммундық тапшылық синдромы (житс)|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}