Жүзу жарғағының қабынуы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жүзу жарғағының қабынуы (воспаление плавательного пузыря) – тұқы балықтың жүзу жарғағының қабынуымен сипатталатын жұқпалы ауру.

Қоздырушысы

Аурудың жұқпалы екендігі ешқандай күдік тудырмайды, бірақ оның қоздырушысы осы күнге дейін дәл анықталған жоқ. Әртүрлі зерттеушілер аурудың қоздырушысы вирус, бактерия, саңырауқұлақ, тіпті балдыр деген пікірді жақтайды.

Індеттік ерекшеліктері

Жүзу жарғағының қабынуы көбінесе екі жасар тұқы балықта кездеседі, бір жастағы немесе бірен – саран екі жастан асқан балықтарда да ұшырасуы мүмкін. Сазан бұл ауруға біршама төзімді. Жүзу жарғағының қабынуының жаппай білінуі тек жазда байқалады. Әдетте тоғаның зоогигиеналық жағдайы неғұрлым нашар, тұқы балықтың тығыздығы жоғары болса, ауру соғұрлым зардапты өтеді. Қыста бір жасқа дейінгі балықта ауру созылмалы өтіп, бірте – бірте өле бастайды. Бір жасқа дейінгі және бір жасар балықтарда өлім көрсеткіші 30% - ға дейін, ал товарлық балықта 50% - ға дейін жетеді. Инфекция қоздырушысының бастауы – ауру балық. Судың түбіндегі топырақтан және лайдан жұғады.

Өтуі мен симптомдары

Жасырын кезеңі 30 – 90 күн, салқын болғанда 8 айға дейін созылады. Ауру жіті, жітіден төмен және созылмалы өтеді. Жіті өткенде тұқы балық қоректенуін тоқтатып, сыртқы әсерге сезімі жоғалып, қозғалысы баяулайды. Жүзгенде денесі бір жағына ауып, немесе тікейген күйде болады. Құрсағы кеуіп, іркілдеп тұрады, артқы тесігі сыртына айналады. Желбезегі бозарып, денесінің кейбір телімдері қанға кернеледі. Жазда екі жасар балықтардың 80 – 100 % - ы шалдығып, көбінесе жаппай өледі. Тірі қалған балықтарда ауру жітіден төмен немесе созылмалы түрге ауысады. Жітіден төмен өткенде аурудың белгілері бәсеңдеу білініп, аздаған балықтарда ғана байқалады. Созылмалы өткенде оншама білінбейді, кейбір балықтың іші кеуіп, кейіннен басылып қалады. Жазғы жайылым тоғандарында балықтың өлімі оншама білінбейді, ал қыстамада 30 – 60 % тұқы балық өлімге ұшырайды.

Патологоанатомиялық өзгерістер

Екі жасар тұқы балықта жүзу жарғағы күнгірт тартып, қан тамырлары білеуленіп, жүзу жарғағының қабыршағында ноқатты қанталаулар болады. Жүзу жарғағы суланып, қанталап, немесе іріңдеп, өліеттеніп қабынады, оның іші шіріген массаға толып, айналасында іріңді экссудатқа толы қуыс пайда болады. Көк бауыр ұлғайып, қызыл – қошқыл немесе теңбіл түсті болады. Бауыр босаңсып, бозарып, аламыштанады. Созылмалы өткенде бір жасқа дейінгі балықта жүзу жарғағы суланып домбығады, экссудат бірте – бірте қоймалжың немесе быламық массаға айналады. Екі жасар балықтың жүзу жарғағы кішірейіп, қабығы қалыңдап, бұжырланып, кейбір тұстары томпайып немесе жиырылып тұрады. Қан тамырының әр жерінде сұрғылт – қоңыр, қарайған дақтар болады.

Дауалау және күресу шаралары

Жалпы балық өсіру және ветеринариялық – санитариялық ережелерді сақтауға негізделген. Жүзу жарғағының қабынуы және басқа аурулар тараған шаруашылықтардан балық әкелуге болмайды. Жүзу жарғағының қабынуы байқалған жағдайда шаруашылыққа немесе тоғанға шектеу қойып, балықтың барлықтың барлық түрларін, уылдырықты, балық қорегіне пайдаланатын омыртқасыздарды, су өсімдіктерін әкелуге тиым салынады. Су қоймасын сауықтыру жазда суын ағызып зжіберіп, шөп немесе кешенді шаралар арқылы жүргізіледі. Балықтарды емдеу үшін жеміне метилен көгін қосады: аталық балықтар үшін 1 кг жемге 3г қосып, уылыдырық шашар мауысымының алдында 13 – 15 күннен 1 – 3 курс жүргізіледі, бір жасқа дейінгі балықтарға 1 кг жемге 1г қосып 10 – 12 күннен 3 курс жүргізеді, екі жасар балықтарға 1 кг жемге 0,5 г қосып, жазда 2 – 4 курс өткізеді. Аэромонозды емдеуге тақылеттес ретпен емдік антибиотиктер қолдануға болады. <ref>Семей мемлекеттік университеті ,«Өсімдік, балық және ара шаруашылығы өнімдерін ветеринариялық санитариялық сараптау», оқу әдістемелік кешені, ПОӘК 042-14-03.01.20.9/032012ж</ref>

Дереккөздер

<references/>