Жыланбұршақ
Жыланбұршақ, термопсис (Thermopsіs) – бұршақтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Азия, Оңтүістік Және Солтүстік Американың қоңыржай белдемдерінде өсетін 30-ға жуық түрі белгілі. Қазақстанда таулы аймақтардың тау беткейлерінде, орманды жерлерде, бұталар арасында, өзен жағалауларында өсетін 5 түрі бар. Бұлардың ішінде жиі кездесетіні – улы Жыланбұршақ (Т. lanceolata). Биіктігі 12 – 70 см, тамыр сабағы жуан, тік өседі. Жапырақтары үшеуден топталып шығады. Гүлдері сары түсті, жапырақ қолтығынан жетіліп, шашақ гүлшоғырына топталған. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Жемісі – бір ұялы, жалпақ бұршақ, оның екі қақпақшасы бар. Улы Жыланбұршақтың, әсіресе, тұқымы мен жапырағы улы болады, сондықтан медицинада дәрі жасауға пайдаланылады. Түркістан Жыланбұршағынсәндік үшін өсіреді.