Жер қыртысының құрылысы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жер қыртысы құрылысының ең маңызды ерекшелігі - тік және көлбеу бағыттарда байқалып, анық білінетін әркелкілігі.

Тік бағыттағы әркелкілік

Жүйелі зерттеулер негізінде жер қыртысының құрамында үш қабық (немесе қойнауқат) бөлінген. Олар құрамы, қасиеттері және жаралуы бойынша әр-түрлі таужыныстардан тұратын стратисфера (шөгінді қабық), гранитті және базальтты қабаттар.

Стратисфера (латынша "стратум" - қабат) шөгінді және жанартаулық-шөгінді, яғни саз бен сазды тақтатастардан (42%), құм (20%) мен жанартаулық (19%) таужыныстардан тұрады. Бұл қабық Жер бетін толығымен дерлік жауып жатады әрі терең ойпандарда оның калыңдығы 20-25 км шамасына (мысалы, Каспий маңы ойпаңы) жетеді. Оның жер қыртысы бойынша орташа алғандағы қалыңдығы 3 км.

Шөгінді таужыныстарға шамалы дислокациялану, біршама төмен тығыздық пен диагенезге сәйкес келетін шамалы өзгерісгер тән. Жанартаулық таужыныстар шектеулі таралған. Барлық шөгінді таужыныстардың орташа тығыздығы 2,50 г/см3, оның мәні 2,28- 2,80 г/см3 шамасында болады. Шөгінді тыста серпімді толқындар таралуының жылдамдығы оны құрайтын таужыныстардың заттық құрамына, нығыздалу дәрежесіне байланысты болып, 1,8-5,0 км/с аралығында өзгереді.

Стратисфераны құрайтын таужыныстарды зерттеу алғаш олардың суда (сулы ортада) осыдан 3,8 - 4,0 млрд жыл бұрын жарала бастағанын көрсетеді. Ол кезде атмосфера ауыр және ыстық болған, қазіргі Айдағы жағдайға жақын келеді. Сондықтан жер бетін құраған бастапқы магмалық таужыныстар күшті кышқылдар буына канықкан атмосфераның ықпалынан қарқынды ыдырауға ұшыраған. Ыдырау өнімдері уақыт өте келе шайылып, сушараларға барып тұнып, шөгінді таужыныстар түзілген.

Гранитті қойнауқат деп шартты түрде оны құрайтын таужыныстардың граниттерге ұқсастығына байланысты атаған. Ол гнейс (37,6%), гранодиорит (19,9%), гранит (18,1%), амфиболит (9,8%), кристалды тақтатас (9,0%), сонымен қатар габбро, мәрмәр, сиенит, т.б. таужыныстардан тұрады.

Гранитті қойнауқатты құрайтын таужыныстар заттық құрамы мен олардың дислокациялану дәрежесі бойынша әр-түрлі. Олар өзгеріске түспеген әрі метаморфталған таужыныстардан тұрады. Гранитті қойнауқаттың тығыздығы таужыстардың құрылысы мен құрамына байланысты 2,60-2,80 г/см3 шамасында өзгеріп, оның орташа мәні 2,70 г/см3 болады.

Гранитті қойнауқат шөгінді қабықтан күрт сейсмикалық шекара бойынша бөлінеді (шекарада жылдамдықтың секірісі 0,7 км/с). Гранитті қойнауқаттағы серпімді толкындар таралуының қабаттық жылдамдығы 5,0-6,5 км/с аралығында өзгереді, орташа мәні 6 км/с шамасында. ТМД аумағында гранитті қойнауқаттың қалындығы 6 км- ден 40 км-ге дейін. Бұл қойнауқат кейде қимада жоқ болуы да мүмкін. Гранитті қойнауқаттың төменгі шекарасы Конрад сейсмикалық беті (шекарасы) деп аталады.

Базальтті қабық - жер қыртысының үшінші қойнауқаты. Ол кристалды ауырлау таужыныстардан тұрады. Олар қасиеттері бойынша базальттарға - магмалық таужыныстарға жақын. Қойнауқат әр-түрлі дәрежеде метаморфталған магмалық таужыныстардан тұрады. Кей жерлерде базальтті қойнауқат пен мантия аралығында базальттан тығыздығы жоғары таужыныстар орналасады, олар эклогит қабаты деп аталады.

Базальтті қойнауқат таужыныстарының орташа тығыздығы 2,9 г/см3 ал тығыздық мәнінің өзгеруі 2,8-3,2 г/см3 аралығында. Сейсмикалық толқындардың (Vp) таралу жылдамдығы 6 км/с-ден 7,5 км/с-ке дейін. Толқындар таралуының ерекшеліктері базальтті қойнауқаттың тік бағыттағы қимасында петрографиялық құрамы әркелкі комплекстер болуымен сипатталады.

ТМД аумағының континенттік бөлігі аукымында базальтті қойнауқаттың орташа қалыңдығы 20 км шамасында болады. Ал жекелеген аудандарда (тау жоталарының астында) оның қалындығы 30-40 км-ге жетуі мүмкін. Сонымен қатар базальтты қойнауқаттың калыңдығы 12-13 км, тіпті кейде 5—7 км-ге дейін азаятын бөлікшелер де бар (Каспий маңы синеклизасы, Днепровск-Донецк ойпаңы, т.б.). Біздің планета жер қыртысының орташа қалыңдығы 33 км, ал Қазақстан ауқымында — 40-45 км. Планетаның жекелеген бөліктерінде оның мәні орташа қалыңдықтан едәуір ауытқиды. Мәселен, жер қыртысының минимал қалыңдығы (7-12 км) мұхиттарға тән, ал максимал қалыңдық (70-80 км) — континенттердің биік таулы алқаптарында. Жер қыртысының астыңғы шекарасы жер бетін айнадағы бейнедей қайталайды. Континенттер астында ол мантияға тереңдей батады, мұхиттар астында Жер бетінде жақындайды, бұл құбылыс "изостазия" принңипіне сай келеді. Жер қыртысы мантиядан Мохоровичич шекарасы (М ажырамасы немесе беті) арқылы бөлінеді.

Көлбеу бағыттағы әркелкілік

Жер қыртысы құрылысының аудандық әркелкілігі алдымен оның континенттер мен мұхит ойпаңдары ауқымындағы құрылысының әр-түрлі болуымен білінеді. Бұл жағдайды алғаш рет сейсмикалық деректер бойынша Б.Гутенберг анықтаган. Геологиялық құрылысының типі бойынша ажыратылатын қыртыс бөлікшелері құрылымдық элементтер деп аталады.

Кеңістіктегі даму заңдылықтары бойынша мұхиттар мен континенттер, яғни І-ші реттік планеталық құрылымдар — өздерінің геологиялық құрылысы мен даму сипаты бойынша айтарлықтай өзгешеленеді. Осы 1-ші реттік құрылымдық элементтер ауқымында геологиялық құрылысы мен даму ерекшеліктері бойынша ІІ-ші реттік құрылымдар бөлінеді: континенттерде - платформа және геосинклин (таулы-қатпарлы) алқаптар; мұхиттық қыртыста - платформалар мен мұхит орталық жоталар. Аталған 11-ші реттік құрылымдар өз кезегінде құрылымдық ерекшеліктері бойынша ұсақ (жоғары реттік) құрылымдық элементтерге бөлінуі мүмкін, мысалы: жаһандық (ІІІ-ші реттік), аймақтық (ІV-ші реттік) және жергілікті (V-ші реттік). Қыртыстың минимал қалындығы платформаларда, максимал қалындығы геосинклиндерде (таулы-қатпарлы алқаптарда) байқалады.

Платформа (французша "плат" - жазық, "форм" - пішін) – байтақ тектоникалық тұрақты алқаптар. Олар жер қыртысы калыңдығының орташа және тұрақты мәндерімен, шөгінді таужыныстардың көлбеу немесе көлбеуге жақын жатысымен, жазық бедерімен сипатталады. Платформалардың құрылысы екі ярусты болып, көнелеу кристалды іргетастан және оны жауып жататын шөгінді тыстан тұрады. ТМД аумағында Шығыс Еуропа және Сібір көне платформалары орналасқан.

Геосинклин (грекше "ге" — жер; "син" - бірге; "клин" — еңіс) деп сызықтай созылған қозғалмалы тектоникалық белдемдерді айтады. Олар қалыңдығы 70-80 км-дей жер қыртысынан тұрады және оның күрт ауытқуларымен, таужыныстардың қатпарлы-жарылымды бұзылысты жатысымен, таулы бедерімен сипатталады. Геоморфологиялық планда геосинклиндер таулы-қатпарлы құрылыстардан тұрады. Мысалы: Орал, Кавказ, Памир, Тянь-Шань, т.б.<ref>Жалпы геология (Жер динамикасы): Оқулық. Алматы: ҚазҰТУ, 2008 ISBN 987-601-228-001-2</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}