Жайықмұнай

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

«Жайықмұнай» — мұнай-газ өндіру басқармасы. Жалпы Еділ мен Жайық өзендері аралығында Каспий теңізінің Атыраудың батыс жағындағы жағалауынан мұнай іздестіру жұмыстары 50-жылдардың орта шенінен басталды. Алғаш тайыз, кейін терең барлама бұрғылауы өріс алды. Соның нәтижесінде1963 ж. Мартыши кенішінде мұнай тасқыны атқылады, 1963—67 ж. осы кен алаңынын қоры анықталып, технологиялық бағдарлама жасақталды. 1968 жылдың ақпанында Мартыши мұнайының алғашқы эшалоны мұнай айыру зауытына жөнелтілді. Қос өзен аралығында экономиканың жаңа саласы — мұнай өнеркәсібі дүниеге келді. 1969 ж. Мартыши-Гурьев мұнай құбыры іске қосылды. 1972 ж. Қамысты алаңы пайдалануға беріліп, Жаңаталап және Гран алаңдарының мұнай қоры бекітілді. Осы аландарды игеріп, мұнай өндіру үшін 1973 ж. 11 сәуірде «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы кұрылып, өз алдына шаңырақ көтерді. Осыдан кейін кең көлемде жүргізілген іздестіру-барлау жұмыстарының нәтижесінде Шығыс Жаңаталап (1977), Ровное (1978), Оңт.-шығыс Қамысты (1988), Забұрын (1989), Оңт.-шығыс Новобогат (1998) кен алаңдарында мұнай қоры анықталып, өндірістік пайдалануға берілді. Бүгінде басқарманың 4 мұнай өндіру цехы 9 мұнай алаңынан мұнай өндіруде. Барлық мұнай алаңдары ғылым мен техниканың соңғы жетістіктеріне сай жасалған өндіріс құрал-жабдықтарымен, кешенді түрде автоматтандырылған. Қазіргі кезде мұнай өндірісіндегі қолданылып жүрген жаңа типті қондырғылар, мұнайды өндіру, жинау, дайындау және айдаудағы озық техникалар мен технологиялар түгелдей дерлік басқарманың кен алаңдарында қолданылады. Германияның «ВА8Ғ» және «ХЕХСТ» фирмаларымен бірлесе отырып арнайы химиялық реагенттер түрлері анықталып, өте күрделі мәселе оң шешімін тапты. Нәтижесінде бүгінгі күнде өндірілген мұнайдың 90%-ын жоғары сапамен өткізуге қол жеткізілді. 1973 ж. басқарма құрылғанда мұнайшылар сапында 322 адам ғана болса, күні бүгін олардың қатары 1043-ке жетіп отыр, оның 258-і өйелдер. Бұдан 20—30 жыл бұрын жоғары білім алып келіп, алғашқы еңбек жолдарын осы басқармада бастаған көптеген мұнайшы мамандар бұл күндері еліміздің мұнай өндірісі саласында жоғарғы басқару қызметтерін атқаруда. Алғаш мұнай алаңдарын игеруге байырғы Ембіден маман-жұмысшылар көптеп тартылса, 1980 жылдардан бастап басқарма кәсіпшіліктерінде жергілікті мамандар саны басым бола бастады. Басқарма ұжымында жұмыс жасай жүріп жоғарғы еңбек көрсеткіштеріне қол жеткізген еңбек озаттарының қатарында операторлар ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Қ. Сүйінішқалиева, С. Жұбанов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Р. Қанапашева, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлық лауреаты Қ.Түлеуішев, оператор КСРО кәсіподақтарының Кропочев атынд. сыйлығының лауреаты И. Дәуітов, 3 орденді байырғы мұнайшы-инженер К. Балжанов т. б. бар. Басқарма тарапынан кең көлемде ұйымдастырылып, жүргізіліп келе жатқан мұнай өндіруші объектілерді жаңадан жабдықтау және қайта жарақтандыру жұмыстарымен қатар әлеуметтік салада да сан қырлы жұмыстар іске асырылып, оның игілігін мұнайшылармен қатар бүкіл аудан халқы пайдалануда, аудан экономикасына ұдайы көмек көрсетілуде. Басқарма күшімен Аққыстау мен Забұрын елді мекендеріне 2 теледидарлық қондырғы орнатылды. Забұрын аулына жоғары кернеулі электр желісі, Аққыстау, Ақкөл ауылдарына газ желісі тартылды. Еділ—Жайық аралығында осыған дейін 27 құрылымда жүргізілген ғылыми болжам, зерттеулер мен іздестірулер негізінде оның 14-нен мұнай көзі ашылған. «Жайықмұнайгаз» басқармасы осылардың 9-ын ғана игеріп, өнімін алуда. Басқарманың жылдық өнімі «Қазақойл—Ембі» ААҚ өнімінің 40%- ын құрайды (1999).<ref>Атырау: Энциклопедия. -Алматы: Атамұра, 2000 ISBN 5-7667-9129-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер