Етіс

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Shortcut1 Етіс (етіс категориясы) деп амалдың (істің) субъекті мен объектіге қатысын, сондай-ақ, керісінше субъекті мен объектінің амалға (іске) қатысын білдіретін формалардың жүйесін айтамыз. Етістер - етістіктен етістік тудыратын, өздерінше морфологиялық және синтаксистік сипаттары басқашалау болып келетін, бір алуан жұрнақтардың жүйесі.

Етістерді етістіктің өзге категорияларынан ерекшелендіріп тұратын сипаттары мынадай:

  1. ол онан жөн сұрады;
  2. олар бір-бірінен жөн сұрасты;
  3. ол онан жөн сұратты;
  4. онан жөн сұралды;
  5. ол өзі сұранды

деген сөйлемдердегі етістіктерін (сұра, сұрас, сұрат, сұрал, сұран) бір-бірімен салыстырғанда, олар бір түбірден өрбіген түбірлес негіздер екені айқындалады. Осы бес түрлі негіздің соңғы төртеуі сұра түбірінен тиісті жұрнақтар арқылы (-с, -т, -л, -н) туып, бір-бірінен ерекшеленіп тұр; осы формаларына қарай (түпкі лексикалық мағынасы бір бола тұрса да), олардың семантикалық мәндерінде де бір-бірінен айырмашылық бар.

Сондай-ақ: тасы, тасыс, тасыт, тасыл, тасын;
жу, жуыс, жудыр, жуыл, жуын
айт, айтыс, айттыр, айтыл
тәрізді түбірлес етістіктерден де осы жүйе аңғарылады.

Етістер жұрнақтарының түрлеріне, мағыналары мен қызметтеріне қарай, төмендегідей бес түрге бөлінеді:

  1. негізгі етіс,
  2. ортақ етіс -с (-ыс, -іс),
  3. өзгелік етіс -т; -тыр (-тір, -дыр, -дір),
  4. ырықсыз етіс -ыл (-іл, л),
  5. өздік етіс -ын (-ін, -н)

Әдебиет

  • А. Ысқақов, "Қазіргі қазақ тілі", 1974 ж.