Есепші

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Есепші — табиғат құбылыстарының өзгерісін алдын ала есептеп, болжап айтатын адам. Есепшілер табиғат апаттарын, әр айдағы ауа райының шұғыл өзгеретін кезеңдерін, амалдарды есептеп, күн ілгері болжап отырған. Олар күн мен түннің теңелуін, жыл мезгілінің маусым санап орын алмастыруын, Айдың жаңалануын, Күннің шығуы мен батуын мұқият бақылап, белгілі бір заңдылықтар жүйесіне сүйенген. Мұндай болжам — жайлау, күзеу, қыстауға қай мезгілде көшу, малды төлдету, жүнін қырқу, өнім жинау, шөп шабу сияқты жұмыстарды жоспарлауға септігін тигізеді. Есепшілер Үркердің ауcуынан күн райының өзгеретінін білген. Ескі ай мен жаңа айдың өларасы ашық өтсе, жаңа айда жауын аз болады не қатты боран болмайды. Мамыр мен маусым айының басында Үркер көрінбей кетсе, Есепшілер “Үркер жерге түсті” дейді. Үркер осы бетімен жерде 40 күн “жатады”, бұл жылдың өте ыстық кезі — 40 күн шілде. Осы 40 күн ауа райының шешуші кезеңі саналады. Егер Үркер суға түссе, жаңбыр көп жауады. Құрлыққа түссе, аңызақ жел соғады, қуаңшылық болады. 40 күн шілде өтіп, Үркер қайта аспанға көтерілгенде өсімдік тамырын тереңге байлап, сабағы дән сала бастайды. Шілде айының аяғында Таразы шоқжұлдызының тууы жаз өтіп, аптап ыстықтың беті қайтқанын аңғартады. Бұл кезде таң салқындайды, бидай мен тары піседі деп, өнім жинау қамына кіріседі. Жыл бойғы ауа райын бақылау үшін Есепшілер Айдың қозғалысын да үнемі қадағалап отырған. Айдың толуы мен тууына қарай бір айды үш ондыққа бөледі. Ай шалқасынан туса — күн суытады, қораланса — күн жылынады, қыста ай құлақтанса — күн суиды, аяз болып, қатты борандатады. Есепшілер жан-жануарлар мен өсімдіктер тыныс-тіршілігін де назардан тыс қалдырмаған. Жазғытұрым ұзақ қарға ерте келсе, көкек ерте шақырса — жаз жайлы, маусым мамыражай басталады, өнім мол болады. Қарлығаш жер бауырлап ұшса — жауын жауады, құмырсқа илеуінің аузын бекітіп, сыртқа шықпаса не көшіп орын ауыстырса — сел жүреді, ақ жауын жауады десе, өсімдік ағаштарының жапырағы күзде сарғаймай, көктей ерте түссе — сол жылы қыс қатты, қар қалың жауады деп жорыған. Ал ағаш жапырақтары сарғайып, уақытында түссе — қыс жайлы, отар аман, мал басы шығынсыз, қыстан жақсы шығамыз деп есептеген. Егер ит жанынан түлесе — қыс қысқа, ал бауырынан түлесе — қыс қатты, ұзаққа созылады деген. Е-лер Айдың Үркерді басып өтуін тоғыс, тоғау дейді. Ай тоғағанда Үркер Айдың тасасында көрінбей қалады (қ. Амал). Есепшілер сондай-ақ, наурыз, сәуір, маусым айларында аспандағы көшкен бұлтқа, қайыңның тербелісіне қарап та ауа райын бақылады. Сәуірдің бұлты ақ бауыр болса — жаңбыр аз жауады, қара бауыр қалың болса — жауын-шашын көп болады деп, бұлттың түсінен жаңбырдың не қардың мөлшерін, қай өңірге қай мезгілде жауарын есептеп, табиғаттың сан алуан құбылысы мен апаттарынан маңайдағы ауыл-елдің шаруашылығын аман алып қалып отырған.

Сілтемелер

Қазақ энциклопедиясы III том 12 тарау

{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Есепші|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}