Ермек Балташұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Жазушы Ермек Балташұлы (8 маусым 1958, Едірей аулы Мәди ауылдық округі, Қарқаралы ауданы, Қарағанды облысы) — журналист, жазушы, драматург. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген (1990). Қазақстан Республикасы Журналистер конгресі (2003) және Қазақстан журналистер одағы (2008) сыйлықтарының лауреаты. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері (2005).

Өмірбаяны

  • 1975 ж. – Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауылындағы №1 қазақ орта мектебін бітірген;
  • 1975-76 жж. – Қарағанды облысы Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінің тілшісі;
  • 1976-78 жж. – Кеңес әскері қатарында қызмет етті;
  • 1978-82 жж. – Қарағанды облысы Талды аудандық «Шұғыла»-«Восход» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі;
  • 1982-83 жж. – Егіндібұлақ ауданы Айрық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі;
  • 1983-88 жж. – Талды аудандық «Шұғыла»-«Восход» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы;
  • 1988-91 жж. – Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) аудандық «Знамя Ильича»-«Ильич туы» газеттері редакторының орынбасары, «Сарыарқа» газетінің редакторы;
  • 1992-93 жж. – Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті жауапты хатшысының орынбасары, бөлім меңгерушісі;
  • 1993-98 жж. – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, журналистика кафедрасының аға оқытушысы;
  • 1998-2013 жж. – «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары;
  • 2013 ж. бері – еркін шығармашылық жұмыста.<ref>Қаз дауысты Қазыбек би. Энциклопедия. – Қарағанды: «Болашақ Баспа», 2011 ж. 654 бет.ISBN 978-601-273-117-0</ref>

Шығармашылығы

Е.Балташұлының баспасөз бетіне шыққан тұңғыш туындысы «Найзакөк» поэмасы 1973 ж. Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінде жарияланды. Публицистикалық шығармалары «Тәуелсіздік жылнамасы» (2001), «Сарыарқа саңлақтары» (2002), «Ақпарат айдынында» (2006), т.б. ұжымдық жинақтарда басылды. Көркем очерктері мен әдеби-публицистикалық шығармалары «Мәди», «Көз» (екеуі де 2008 ж.) деген атаулармен жарық көрді. 2008 ж. «Мәди» атты әдеби-көркем, танымдық-публицистикалық журналдың негізін қалады. Е.Балташұлының «Сұрасаң, Мәди еді менің атым» (С.Жұмағалимен бірге) деген тарихи драмасы 2005 ж С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының сахнасында қойылды. Ол осы жылы түсірілген «Қайғысы тарқамаған адам» деректі-көркем телефильмнің әдеби кеңесшісі болды. Е.Балташұлы «Қаз дауысты Қазыбек би» тұлғалық энциклопедиясын (2011) әзірлеген шығармашылық топтың құрамында болды, ақын Б.Ысқақовтың «Бұл – менің көз жасым ғой қан аралас» жинағын құрастырып (2014), алғысөз жазды. Ол «Арыс» көркемсуретті тарихи-танымдық кітабы авторларының бірі.<ref>Қарағанды. Қарағанды облысы. Энциклопедия. – Алматы: Атамұра. 2006. - 584 бет +48 бет түрлі-түсті жапсырма. 2006 ж. ISBN 9965-34-515-5</ref>

Дереккөздер

<references/>