Едіге тауындағы тас мүсіндер
Едіге тауындағы тас мүсіндер – Ұлытау төңірегіндегі тарихи екі дәуірді қамтитын тас мүсіндер тобы, Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.
Орналасқан жері
Ұлытау сілемі, Едіге тауының етегіндегі Қорғантас (таратылған) ауылының орнынан оңтүстікке қарай 5 км жерде орналасқан.
Сипаты
1946-60 жылдарда Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ә. Марғұлан) зерттеген.
Мұндағы 12 ғұрыптық қоршаулар мен обалар солтүстіктен оңтүстікке дейін тізбектеле салынған. Түрік қағанаты заманының (VI-VII ғ.) ескерткіштері әдеттегідей қырынан қойылған үлкен тақташалардан төртбұрыш немесе шаршы түрінде жасалған. Бұлардың кішілерінің аумағы 1,8х2 м, үлкендері 5,9х6 м-дей. Бетімен күншығысқа қараған тас мүсіндер қоршаулардың шығыс іргесінде тұр, одан әрі балбалдар тізбегі жалғасады. Ең кіші тізбектің ұзындығы 5 м, ең үлкені 250 м-ге жетеді. Қыпшақ кезеңіне жататын ескерткіштер (VIII-XIII ғасырлар) қоршау емес, тастан үйілген обалар түрінде қаланған және бұлардың балбалдар тізбегі жоқ. Мүсіндер қиратылып, бүлінген.
2 мүсін жақсырақ сақталаған. Биіктігі 180 см, ені 28 см, қалыңдығы 22 см. Мүсінде ұзын мұрты, үлкен дөңгелек көзді, орта жастағы ер адамның бейнесі айқын бедерленген. Биіктігі 140 см, ені 32 см 5-мүсін қыпшақ заманына жатады. Бұл, әсіресе, адам бейнесінің толық түсірілмеуінен байқалады. Тас мүсін орнату дәстүрінің қыпшақ кезеңіне қарай әлсіреуі сол кездегі қоғам дамуына, ең алдымен ислам дінінің нығаюына байланысты болған.<ref>Ә. Марғұлан, Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер, 1966.</ref><ref>Қ 18 Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2006. – 768 б.ІSВN 9965-26-175-Х</ref>
Әдебиет
- Марғұлан Ә., Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер. Ежелгі мәдениет куәлары, А., 1966.