Дөңес би

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Бастама Дөңес би (1844 — өлген жылы белгісіз) — би. Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасынан шыққан.

Он сегіз жасынан қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауылында қажылық, билік еткен. Дөңес жастайынан өзінің аталас туысы Жақайым Мыңбайұлы Жетес (1835-1907) биден көп жол-жосық тәрбие алады. Ол Жетестен жиырма шақты жас кіші, Қарасақал Ерімбет жыраумен (1844-1916) құрдас, замандас болатын дейді. Дөңес би сол атыраптағы Жақайым Жетес, Шөмекей Бақа, Әлім-Матай Үмбет, Нұрғожа, Шөмен, Самұрат т.б. билермен талай билік, дау-дамайға қатысып, өзінің әділ төрелігі, адамгершілік, парасаттылығымен ел құрметіне бөленген азамат.

Дөңес бидің бір әділ билігі, кесімді шешімі жәнінде Қызылорда облысының Жаңа Қазалы тұрғыны Ақанжан Келімбетұлы былай баян қылыпты:

Өткен ғасырдың соңғы жылдары Қазалы уезінің Шөмекей елінде қайтыс болған бір игі жақсы адамның асын беруге белгілі Бақа би Әлім-Шөменге сауын айтып, хабар салады. Межелі күн таянғанда Әлім жағы әрі ағасы, әрі басшысы Жақайым Жетес биді ортасына алып жолға шығады. Онын оң жағында - Матай Үмбет би, сол жағында - батыр тұқымы Құлбарақтың Сердалысы, Ырзағасы болыс және жас болыс Боташ барлығы әңгімеге құлақ түріп келеді. Бұл дүрмектен қамшы тастам алда, Дөңес би бастаған шайыр Қарасақал Ерімбет, Нұрқожа би, Көкібай және Насын болыс келе жатады. Ағасы Дөңесті көріп, көңілі толмады ма, әлде жастық қайрат шыдатпай, мені байқасын деді ме, өзінің кимелеп кететін әдетімен Боташ болыс сөз арасында: - Жетеке, біздің Дөңес ағаның үсті жұпынылау ғой, өзінің жүні де жығылыңқы ма, қалай! - деді.

Сонда Жетес би:

- Адамның иегіне қарама, сүйегіне кара, - деген. Дөңестің шекпенін көрме, Халыққа кызмет еткенін көр. Ағаңды барарында сынама, Қайтарында сына, Ойының қанша жерге жеткенін көр, - деп тақпақтап, Боташқа бір карады да үзілген әңгімесін әрі карай жалғай түсті.

Асқа келген қонақтарды Бақа би бастаған елдің игі жақсы-жайсаңдары алдынан шығып қарсы алып, арнайы дайындалған ақбоз үйлерге түсірді. Таңертемен ат айдаушылар бәйгеге қосылатын жүзден аса жүйріктерді айдап кетті. Ат келгенше балуан күресіп, ақындар айтысып, тамашалап мергендер алтын қабақ атысып, ығы-жығы халық мәре-сәре. Бір кездері: "Бәйге аттарының шаңы шықты, келіп қалды". - деген хабар естіліп, көпшілік у да-шу болды да кетті. Үйдегілер түзге шығып қараса, қарақшы маңы шапқан аттың шаңдатқан тозаңынан көрінер емес. Адамы қайсы, аты қайсы, озғаны мен қалғаны қайсы, біліп болмайды. "Менің атым озды", - "Біздікі алдымен келді", - дегендер баршылық. Даурыққан айқай көбейді. Осы кезде жиналған халық тұрған биік төбенің басына күрең жорғамен көсілте Бақа би шығып, жамағатқа қарап бар даусымен саңқылдап:

- Халайық, асқа жиналған ағайын Әлім-Шемен бірге туған ел едік. Бәйгеге жүзден астам ат қосылды. Бірақ жарыс тәртібінде шатақ болды. Аттарды жақыннан қайтарған. Бәйге аттары қарақшыға шоғырланып, қатар келді. Жеке-дара бөлек ат жоқ. Бұның арты дау-дамайға ұласып, ұят болмас үшін екі ел өздерінің қалаған екі адамын ортаға шығарсын. Әлімнен шығатын адамды Шөмен жағы атын атап шақырсын, Шөменнің адамының атын Әлім атап шақырсын. Біз осы халық ұйғарған адамдардың төрелігіне тұрайық, - деп төбені айнала отырған халыққа сөзін жеткізе алмады.

Ас жасаған Шөмен жағынан:

- Айбосын би ұрпағынан кім бар! - деп қосарлана, жарыса шыққан дауыстар естілді. Әлімдер жағынан үстінде түгі қырылған түйе жүн шекпені бар Дөңес би шығып, биік төбенің басына беттеді. Сөйткенше шай Әлімдер жағынан: "Алматтың ұрпағынан кім бар!" - деген дауыс та шығып, жақында ғана өткен сайлауда еліне болыс болған жап-жас жігіт Самұрат орнынан түрегеліп, төбе басындағы Дөңестің қасына барды. Биік төбенің басында екеуінен басқа жан жоқ. Төбе басылды. Дөңес жерге отырды да, Самұрат қасында түрегеліп тұрды. Анда-санда Самұрат Дөңеске қарап басын иіп тұрғандай, құптағандай көрінді көпшілікке. Келген халық қас қақпай тек екеуіне қарап, қимылын бағып Сәлден кейін Дөңес шекпенін қағып орнынан тұрды да, Самұратты оң жағына алып, көпшілікке қарап сөйлеп кетті. Ұяң даусы аңға түсер қырамдай шарап, баяу басталған сөзі келе-келе жиналған халықтың көкейіне салмақты кесім, салиқалы ой болып жетіп жатты.

- Халайық! - деді Дөңес. - Екеумізге сеніп, билікті беріп едіңіздер. Мен Самұраттан сұрадым: "Халыққа қонақ қызмет ете ме, ошақ сөйлей ме! - деп, Самұрат: "Қонақ отырады, ошақ тік тұрып қызмет етеді; қонақ сөйлейді, ошақ тыңдап, айтқанын орындайды, - деді. Ондай болса менің отыруымның да, сөйлеуімнің де мәнісі осылай.

Сонымен Самұрат екеуміз он сегіз атқа бәйге беруге шешім қабылдадық. Бірінші бәйге - бүкіл қазақ халқына ортақ батыр әрі әулиеміз Жанқожаның аруағын сыйлап - Құлбарақтың Сердалысының "Қозы күрең" атына берілді. Екінші бәйге - Әлім-Шөменің ағасы, сондықтан "Ағасын сыйламайтын іні болмайды, жолын білмейтін ел болмайды", - дегендей, Нұрқожаның "Торы қасқа" атына берілді. Үшінші Бәйге Шөмекейдің "Бурыл байталына" тиесілі. Бұдан кейінгі бәйгелер екі елдің аттарына кезек-кезек берілсін деп шештік. Халайық, осыған риза боласыңдар!

- Бәрекелде! Бәрекелде! Мінекей, әділдік, - деген көпшіліктің сөзі той төбені жанғырықтырды. Бақа би жорғасын төпелеп ұрып төбенің басына шыға келіп, халықтың шуын басып:

- Төрелік әділ берілді, халық риза болып жатыр. Сіздің қара қылды қақ жарғандай әділ төрелік еткеніңіз үшін сыйлық, - деп Дөңес биге қамшысымен ерттеулі жорға мінгізіп, үстіне Хиуаның сырмалы шапанын кигізіп, бір буаз інгенге қалы кілем жауып, бұйдасын қолына ұстатты.

Алған сыйлығын жетелеп әкеліп, Дөңес:

- Аға баласы едіңіз, әрі жасыңыз үлкен еді, жеңешем сүтін сауып ішсін, - деп буаз інгенді Жақайым Жетес биге ұсынды.

- Алма жеңешем алмадай болып қызыл-жасылды ұнатушы еді, әрі асыл ағам едің, - деп қалы кілемді Матай-Үмбет биге ұсынды.

- Әлімнің дүлдүл шайыры едің, - деп Қарасақал Ерімбет құрдасына астындағы жорғасын түсіп берді.

- Сен ұрыншақтау өз інім едің, бастығар ма екенсің, мынаны ала ғой, - деп Боташтың қолына тобылғы сапты қамшыны ұстатты.

Дөңеске бәрі де риза болды.<ref>Даланың дара ділмарлары.-Алматы: ЖШС "Қазақстан" баспа үйі", 2001, - 592 бет. ISBN 5-7667-5647</ref> <ref>Қазақ энцклопедиясы</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}