Дүкен Мәсімханұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Дүкен Мәсімханұлы - 1963 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Шилөзек аулында туған. 1987 жылы ПекиндегіОрталық ұлттар университетін аудармашы-филолог мамандығы бойынша тамамдаған. 1987 — 1993 жылдары Үрімші қаласындағы СУАР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып істеді. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің арнайы шақыруымен атамекенге келген. Қытайтанушы ғалым әл-Фараби атындағы Қаз ҰУдың Шығыстану факультетінде Қиыр шығыс елдері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2002-2009 жылдары Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі. 2010 жылдан аталған оқу орнындағы қытай тілі кафедрасының меңгерушісі. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2013ж.).

Еңбектері

Алғашқы топтама өлеңдері «Замана жыры», «Қарлығаш» ұжымдық кітаптарына енді, «Жүрекке саяхат» (1991), «Семсер суы» (1998), «Көкпар» (2003), «Алтынның буы» (2007), «Аркүрең арман» (2008) атты жыр жинақтары, «Жыр—Жебе» (2000), «Сарап» (2001), «Сөз—желкен» (2005), «М.Әуезов және ЛуШүн» (2007), «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» (2010), «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай халықтарының рухани қарым-қатынасы» (2012) атты ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді. Қытай тілінен «Жер шарының қызыл белдеуі» (1992) атты романды, «Машина адам Л.М.» (1989) деп аталатын фантастикалық әңгімелер жинағын, «Шыңжаңда өткен тарихи қайраткерлер» (1992) атты мақалалар жинағын, қытайдың классик жазушысы ЛуШүннің «Повесть және әңгімелерін» (2009), сондай-ақ көп сериялы телефильмдерді, көптеген қытай және әлем ақындарының өлеңдерін тәржімалады. «Шипагерлік Баян» атты медициналық алып жәдігерлікті төте жазудан қотарып, түсініктерін жазып баспадан шығарды (1996). Дүкен Мәсімханұлының ғылыми-зерттеу, аударма, поэзиялық шығармаларынан тыс, «Семген сезім», «Мысық даусы», «Біздің нояндар», «Мао өлген күн», «Мұқаман мұғалім» қатарлы әңгіме-повестері жарық көрді. Ол қытайтанушы ғалым-ұстаз ретінде «Қытай филологиясына кіріспе» (2004), «Қытай тілі фонетикасының негіздері» (2001), «Лу Шүн әлемі» (2007), «Лу Шүнтану дәрістері» (2011) секілді оқу құралдарының авторы. Д.Мәсімханұлы 2003 жылдан ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі.ҚХР және Қазақстан Жазушылар одағының, Дүниежүзі Синологтар қоғамының, ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, ҚХР Бүкілқытайлық мұхажирлар бірлестігінің мүшесі.

Сыйлық-марапаттары

Д.Мәсімханұлына әдебиет пен ғылымдағы, аудармадағы елеулі еңбектері үшін Бүкілқытайлық жастар сыйлығы (ҚХР, 199 0ж.), ҚХР Жазушылар одағының "тың талант" сыйлығы (ҚХР, 1992 ж.) берілді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл» медалдарына ие болды. 2010 жылы "ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" грантын иеленді. 2012 жылы Қытай жазушысы Лу Шүннің «Повесть және әңгімелерінің» аудармасы үшін Халықаралық "Алаш" әдебиет сыйлығына ие болды. Қазақстан мен ҚХР елдері қарым-қатынасындағы гуманитарлық, рухани салаға сіңірген елеулі еңбегі үшін 2012 жылы Шаңхай ынтымақтастық ұйымының "Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық" сыйлығының (алтын медаль) иегері (2012 ж.). "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағының иегері (2013 ж.) <ref>Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}Үлгі:Bio-stub